- Advertisement -

Түркиялық компания өкілдерімен жүздесті

106

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бауырлас Түркия елінде жанармай, тұз, жеңіл автокөлік пен олардың техникалық бақылауы, мрамор, баламалы энергия, жылыжай мен химия өнеркәсібі секторларында өзіндік іскерлік қолтаңбасы қалыптасып, әлемнің елуден аса еліне өз өнімдерін экспорттап келе жатқан «Koyuncu Group» компаниясының өкілдерін қабылдады. Басқосу барысында екі ел арасында әріптестік байланысты нығайтып, ынтымақтастық пен іскерлікті ілгерілетуге байланысты жоспарлар талқыланды.

Әуелі облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы сөз алып, бұған дейін де Әулиеата жерінде Түркия елінің компанияларымен бірлесіп іске асырылған игі жобаларды атап өтті. Өз сөзінде аймақ басшысы өңірдегі асыраушы сала – ауыл шаруашылығындағы тиімді тетіктер, атап айтқанда егістік алқаптарын тамшылатып суару жүйелеріне қажетті құрылғылардың басым көпшілігі Түркиядан жеткізілгенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта аталған компания өкілдерімен де нәтижелі жұмыс атқарылатынына сенім білдірді.

Ал, «Koyuncu Group» компаниясының басшысы Ибрахим Коюнджу бауырлас елдің қабырғасын қайыстырған жер сілкінісі зардабы кезінде алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған қазақ еліне, оның ішінде әулиеаталықтарға алғысының шексіз екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол өздерінің компаниялары үшін Жамбыл жеріндегі жобасының маңыздылығы орасан зор екенін де алға тартты.

Айта кетсек, аталмыш компания Талас ауданының орталығы – Қаратау қаласының маңындағы индустриалды аймаққа жылына 25 мың тонна натрий пиросульфитін өндіруге қауқарлы өндіріс орнын ашуды жоспарлап отыр. Биыл наурыз айында бастау алған құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қаңтарында аяқталады деп жоспарланған. Игі жобаны іске асыру үшін аталмыш компания 6 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ. Кәсіпорын іске қосылса, кемінде 30 жергілікті азаматты жұмыспен қамтуға ниетті. Өз сөзінде түркиялық компания басшысы іс оңға басса, болашақта тағы да инвестиция құятындарын жеткізді.

Десек те, қазіргі таңда кәсіпорынның құрылысын тежеп отырған электр энергиясы тапшылығы мәселесі екен.

Нұржан Молдиярұлы электр қуатын уақытша индустриалды аймақтағы «Talas Investment Company» немесе «Азия хим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен ала тұруға болатынын жеткізді.

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев пен «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мерей Омаров электр қуаты өндіріс орнының ішкі сұранысын қанағаттандырумен ғана шектелетінін алға тартты. Яғни, натрий цианидін өндіретін өндіріс ошағы бір күн тоқтайтын болса, ол өз кезегінде 90 миллион теңгедей шығынға душар ететін көрінеді.

Ал, «Азия хим» серіктестігіндегі негізгі жұмыс келесі жылы басталатындықтан, уақытша электр қуатын пайдалануға мүмкіндік бар екен. Түркиялық компания өкілдері аталған серіктестіктің электр жүйесі қыс мезгілінде толыққанды жұмыс істемейтінін алға тартқанымен, мәселеге жауаптылар қазіргі уақытта олқылықтар оң шешілгенін атап өтті. Аймақ басшысы қажетіне қарай Қаратау қаласындағы Шанхай алқабынан да электр жүйесін тартуға болатынын тілге тиек етті.

– Біз сіздерге үш ұсыныс айтып отырмыз. Электр қуатын уақытша «Азия хим» серіктестігінен алуға да болады. Дегенмен, біз үшін өздеріңіздің тұрақты энергия көздеріңіздің болғаны маңызды. Сол үшін осы үшінші ұсынысымыз бойынша ертерек жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп берсеңіздер, біз өз кезегінде бұл мәселені толыққанды шешіп беруге дайынбыз. Біз үшін де бұл жоба өте маңызды. Қаратау қаласының маңындағы арнайы аймақта қазір 3,4 компания жұмыс істеуде. Онда үлкен экономикалық аумақ болады. Осы аумақтан сіздердің де істеріңіздің нәтижесін көргіміз келеді, – деді Нұржан Молдиярұлы.

«Koyuncu Group» компаниясының өкілдері бұл ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, алдағы уақытта өз шешімдерін айтатынын жеткізді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support