- Advertisement -

Кірпіш құю да кәсіп

55

- Advertisement -

«Бастау Бизнес» жобасы кәсіп бастауға ниет танытқан талай жанның жолын ашып, жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Шапағаты мол жоба арқылы кәсіптен нәсібін айырып отырған жастар ауданымызда да аз емес. Олар тек табысын тірлігінен тауып қана қоймай, бос жүрген азаматтарды еңбекке тартып, жұмыспен қамтып отыр. Соның бірі – Ақкөл ауылының тұрғыны Саян Назарбеков.

Саян қазір үй іргесінен кірпіш шығаратын цех ашқан. Оның білек күшін қажет ететін бұл іске тәуекел жасағанына да көп бола қойған жоқ. Өткен күзде аудан орталығынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіптік білімін жетілдіріп, мемлекет есебінен бөлінетін қайтарымсыз қаражатты иеленді.

– Былтыр көктемде қора-жайға құрылыс жұмыстарын жүргізбек болдым. Тараз қаласынан кірпіштің бағасын сұрастырсам, қалтаға әжептәуір салмақ салатын түрі бар. Оған ауылға жеткізу құнын қосыңыз. Содан аппаратты қолдан жасап, кірпішті өзім құюға бел байладым. Тәжірибенің жоқтығынан ба, көңілдегідей болмады. Сол күйі қажетті аппаратты алу көкейімде сақталып қалды. Қысқа мерзімді курстан өтіп, грантты алуға жетелеген де осы ой болатын, – дейді Саян.

Жас кәсіпкер бұған дейін «ҚазСуШар» мекемесіне қарасты Ақкөл су қоймасының гидротехнигі болып жұмыс атқарған. Он жыл осы мекемеде қызмет жасаған ол өткен жылдан бері жеке кәсіппен айналысуды жөн деп тапқан. Жас кәсіпкер бұрын айналыспаған, сырына қанық емес бұл іске білгені бар, тәжірибесі мол адамдармен ақылдасып келгенін айтады.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген. Қазір білек түріп бастаған тірлігінің нәсібін көріп отыр. Алайда, құрылысқа қажетті материалдарды облыс орталығынан жеткізіп алу жағы қиындық тудырып отырған көрінеді. Арнайы көлік жалдасаң, қалтаға салмақ. Бастапқыда әр данасы 190 теңгеден саудаланған кірпіштің бағасын 200 теңгеге көтерудегі себеп те осы.

– Мұны кәсіптегі алғашқы қиындықтар деп ойлаймын. Бар болғаны әр кірпіштен 10- 15 теңге пайда түседі. Бастысы, ауыл тұрғындарына тиімді болса болғаны. Қазір тек өзім жұмыс жасап жатырмын. Сырт көзге оңай көрінер, бірақ жұмыс ауыр. Қазір күніне 100-120 кірпіштен құйып жатырмын. Көлік жағы шешілмей отыр. Кейбір тапсырыс берушілер өнімді жақын маңдағы ауылға жеткізіп беруімді сұрайды. Оларға көліктің жоқтығын айтамын, – дейді ол.

Жас кәсіпкердің алдағы жоспары кәсібін кеңейтіп, кірпіштің өзге де түрлерін шығару, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту. Саянның табандылығы мен тыңғылықты ісіне қарап, ол күннің де алыс емес екенін байқадық. Расымен, табыс – тынымсыз еңбекке бітеді. Жасы қазір 33-ке келген азаматтың кәсібіне сәттілік серік болсын!

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support