Ұстанымы – халықтың алғысын алу

Ұстанымы – халықтың алғысын алу
ашық дереккөз
Ұстанымы – халықтың алғысын алу
Өмірдегі ең үлкен жетістік, ол адамдық борышты өтеу болса керек. Жеке мүддесінен халқының бақытын биік қойып, сол жолда аянбай еңбек ететіндерді нағыз батыр десе, жарасар. Бауыржан Момышұлының: «Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып жұмыс істе» дегенін Сарысу ауданының жас патриот азаматы Бауыржан Балғабаевтың әрекетінен байқадық. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген өсиетін өмірлік ұстанымына айналдырған Бауыржан Балғабаев биыл ғана VIII шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Халықтың таңдауы Бауыржанға бекерге түспесе керек. Ол бұған дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қайырымдылық істерді ұйымдастырумен қатар әлеуметтік желіні де сауапты іске қолданып жүрген блогер. – Ес білгелі өмір жолымда халқымның алдындағы перзенттік парызымды өтей алсам дегенді алдыма мақсат етіп келемін. Мектеп қабырғасында жүргенде, жоғары оқу орнында білім алғанымда да, одан кейін қай салада еңбек етсем де үнемі ойымда түпкі мақсатым тұрады. Жаңатас қаласында туып-өсіп, осындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназияда білім алдым. Одан соң Алматыдағы «Нархоз» университетінен «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алып, өз ауданыма қызмет етуге келдім. «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасымен аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Қазір де сол орталықта инспекторлық қызмет атқарамын, бір жыл аудан әкімінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі болып та жұмыс істедім. Міне, осы оқыған, жұмыс істеген ортамның бәрінде де қоғамдық істерден тыс қалған емеспін. Өздеріңіз білесіздер, елімізде баспанасыз азаматтарға үй алып беру мақсатында «Қарекет» атты қайырымдылық қоры құрылған. Сол қордың Сарысу ауданындағы өкілімін. Яғни, қордың аудандағы бірнеше сауда орындарында орналасқан жәшіктеріне түскен қаржының есебін жасап, қорға тапсырып отырамын. Сондай-ақ, аудандағы баспанасыз, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әлсіз отбасыларды анықтап, үйіне барып, жай-жағдайларымен толық танысып, зерттеймін. Керекті бейнетаспасын түсіріп, «Қарекетке» ұсынамын. Егер баспана алынуы керек деп табылған отбасы ауданымыздан шықса, сатып алынатын үйді іздеп табуды ұйымдастырамыз. 2021 жылдан бері күні бүгінге дейін ауданда жеті отбасы аталған қордың көмегімен баспаналы болды. Оның алтауы Жаңатас қаласынан болса, біреуі Саудакент ауылынан, – дейді Бауыржан Берікбекұлы. Бауыржан замандастарымен бірге көңілді тапқырлар алаңында да өнер көрсетеді. Сарысулық өнерпаздар 2019 жылы облыс әкімінің кубогын жеңіп алып, елордадағы КТА лигасында жеңімпаз атанған. Бауыржан ойындарға өзі ғана қатысып қоймай, мектеп оқушыларынан «Бауыржан ағайдың қонжықтары» командасын құрған. – Қазір ғаламтордың, әлеуметтік желінің нағыз шарықтаған кезі. Әрине, әр нәрсенің жағымды және жағымсыз екі жағы болатыны секілді, ғаламтор да солай. Егер ғаламтордан тек басқалар жариялаған жаңалықтарды, бейнетүсірілімдерді көріп отырсаңыз, онда қайта оралмас алтын уақытыңызды құр босқа кетіргеніңіз. Ал, егер өзіңіз көпшілікке пайдасы тиетін іспен айналысып, әлеуметтік желіні соған қолдансаңыз, онда сіздің ұтқаныңыз. Мен де өмірімнің құнды сәттерін өлтірмеу үшін Іnstagram желісіндегі парақшамда өзім түсіріп, дайындаған видеоларды салып, астына жазылған пікірлерге тиісінше жауап беріп отырамын. Сондай-ақ, өз ортамды, жалпы қазіргі қоғамды алаңдататын жайттар жайлы бейнебаян түсіремін. Қазір жастар түгілі жасөспірім оқушылар арасында да электронды темекіні қолдану трендке айналғандай. Олар қазір дәмін татып көргеннің өзінде денсаулығына қаншалықты зиян келтіріп, өз болашағына балта шауып жүргенін аңғармайды. Біздің осы электронды темекінің залалы туралы жасаған бейнетүсірілім еліміз бойынша өте көп қаралым жинап, чаттарда тарап, республикалық деңгейдегі ата-аналар жиналыстарында көрсетілген болатын. Бұдан бөлек, Іnstagram желісіндегі парақшам арқылы «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырдық. Сол секілді көпбалалы отбасыларға азық-түлік себетін әзірлеу жұмысын жүргіздік. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының қоқыс шығару мекемесіне қарызын төлеу міндеті екенін түсіндіретін бейнебаян дайындап, парақшама салу арқылы көптің назарын аудардық. Табиғатты таза ұстап, қоршаған ортаны қорғау мәселесіне жұртшылықтың назарын аудару мақсатында да бейнетүсірілімдер әзірлеп, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Алдағы уақытта YouTube каналынан қоғамдағы өзекті тақырыпта сұхбат жүргізетін жоба ашсам деп, қазір соған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Сайлаушылардың басым дауысына ие болып, депутаттық мандатқа ие болғанымда үлкен жауапкершілік сезіндім. Сайлауалды бағдарламамда арық сөйлеп, іспен ірі шығу үшін көп нәрсеге уәде бермедім. Қазір де депутаттық сауалдарымды әлеуметтік парақшамда жариялап, ойымды елмен бөлісіп, бірге талқылап отырамын. Ұстанымым – халықтан алғыс алу, – дейді қайырымды жас жігіт. Қайырымды деуіміздің себебі, Бауыржан қазіргідей адамдар арасында жан жылуы азайып бара жатқан уақытта көпшіліктің назарын сауапты іске аударуды көздеп келеді. – Қазір көп адамдар бірінің қадамын бірі аңдып, сәл қателессе, жерден жеті қоян тапқандай жарияға жар салады. Сондайлардың салдарынан буллинг, өзіне-өзі қол салу, жүйке жұқаруы секілді әрекеттер белең алып барады. Бір-бірімізді сүрінсек демеп, қамықсақ қолдап жүрсек ғана өмірдің жарық жағын көре аламыз. Біреу үшін қуана білу адамды бақытқа бөлейтінін ұмытпасақ екен. Сондықтан, қоғамдағы келеңсіз жағдайларды ешкімнің жеке басына тимей-ақ, олқылықты бәріміз жұмыла түзеуді жөн көремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, басқа түскен сынақты бірлесе көтерсек, еңсермейтін қиындық болмас. Адамдар бір-бірінің аяғынан шалмаса да жаратылыстың пенделерге көрсетер сынағы аз емес қой. Кешегі індет жайлап, көз алдымызда қаншама жақындарымыздан ажал айырып, бір-бірімізбен сәлемдесуге де сескеніп қалған сынақтан сабақ алсақ керек еді. Одан да басқа табиғи апаттар ше, қаншама боздақты қыршынынан қиған оқ-дәрі қоймасының жарылысы екі облыста да орын алғаны ше? Осының бәрі де адамдардың бір-біріне жұбаныш, медет болып, жанашырлық танытумен өмірді нұрландыратынын дәлелдеген жоқ па? Адамгершілік таныту үшін міндетті түрде қайғыға душар болу керек емес қой, керісінше жамандықтың алдын алу үшін жақсылық жасауға тырысайық. Асыл дініміз Исламда да: «Біреуге пайдаң тимесе де, ешкімге зияныңды тигізбе» дейді. Жақсылық жасап жарысып, бауырмалдық пен жанашырлықты таратайықшы, – деген Бауыржанның сөзінен өрелі ой аңғардық. Расында, өмір ізгі жандардың игі істерімен әдемі. Басқаны қуанта білу, көпке пайдалы іс қылу – алдымен адами парыз. Тұрмыстың қым-қуыт қарбаласына кіріп, кейде адам ретіндегі басты міндетіміз мейірім танытуды естен шығаратынымыз бар. Өз елінің патриоты бола алған Бауыржандай азаматтардың қатары көбейе берсе екен!  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар