- Advertisement -

Өрнектің құлпынайы

17

- Advertisement -

Кәсіп ашамын деген адамға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Ол түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында мүмкін болып отыр. Соның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бүгінде тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жобаның тиімді тұстары көп-ақ.

Жоба аясында 2,5 пайызбен несие алғандардың бірі Өрнек ауылының тұрғыны Дидар Масатбаев. Ол жоба аясында 6 миллион теңге алып, үй іргесіндегі 8 сотыққа жылыжай салған. Онда құлпынай көшетін отырғызды.

Жас кәсіпкер қазір жылыжайдан алғашқы өнімін жинауда. Оның өзі бүгінде жарты тоннаға жетіп отыр. Жиналған өнімнің килограмын кәсіпкер 2 мың теңгеден өткеруде. Бұл шаруаны Дидар жұбайы және балаларымен бірге іске асыруда.

– Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Оған бар күш-жігеріңді салғанда ғана жемісін көресің. Құлпынайдың өнімі жиналған соң біршама уақыт демалдырып, сабағын қысқартып отырамыз. Мұнан соң тұқым қайта өнім бере бастайды. Суару жүйесі де жүйелі жолға қойылған. Жер құдық арқылы алдымен үлкен цистерна суға толтырылады. Күн көзінде тұрған су қоңырсалқын күйде құлпынай жүйектеріне жіберіледі, – дейді кәсіпкер.

Бірінші өнімнің өзінен жақсы табыс көрген кәсіпкер алдағы уақытта құлпынай алқабын кеңейтуді жоспарлауда. Оның үстіне дәмі тіл үйіретін құлпынайға деген сұраныс бүгінде жоғары. «Құлпынайды кәсіпкерлер, сауда орталықтары мен шағын дүкен иелері өздері келіп, үйден килограмдап сатып алып кетуде», – дейді ол.

Өрнек ауылдық округінің әкімі Қанат Темешбаевтың айтуынша, округте несие алған азаматтардың басым көпшілігі мал мен егін шаруашылығын таңдаған. Ал жылыжай салуға екі азамат қана ниет танытыпты.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Амановтың айтуынша, биыл «Ауыл аманаты» жобасына Айша бибі, Қарасу мен Тоғызтарау ауылдық округтері енгізілмек екен.

– Үш округте 8626 тұрғын, 1653 аула бар. Жоба аясында 336 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оған 1 миллиард 641 миллион теңге қаралуда. Бүгінгі таңда аталған ауыл тұрғындары несие алып, мал және басқа кәсіп түрлерін ашу үшін құжаттарын рәсімдеуде. Ал өткен жылы жобаға енген Өрнек ауылындағы 89 жобаға 366 миллион теңге, Қаракемер ауылындағы 166 жобаға 863 миллион теңге қаржы бөлініп, бұл қаржылар мақсатты игеріліп отыр. Соның бір жемісін бүгін Дидардың шаруасынан көріп отырмыз, – дейді бөлім басшысы.

 

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

журналист.

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support