- Advertisement -

Сырлы сазды Сәрсенбек

377

- Advertisement -

Елімізге кеңінен танымал әнші-композитор, Мәдениет саласының үздігі Сәрсенбек Бәкір ердің жасы елуге келді. Композитордың «Не пайда?», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған?», «Соғады сен деп жүрегім», «Махаббат назы» әндері көпшілікке жақсы таныс. Солай Сәрсенбектің сырлы әндері көпшілік көңіліне жол тапты. Мерейтойы алдында сазды әндерімен тыңдарман жүрегін жаулап жүрген Сәрсенбек Бәкірұлымен сұхбаттасқан едік.

– Өнер жолы – қиын жол. Десек те, өнерде өз қолтаңбасын қалдырған азаматсыз. Бұл салаға қалай келдіңіз? Өнер ата-бабаларыңызда болған ба?

– Жалпы, біздің әулетті өнер қонған әулет деп айтады. Атам Сыдыман Қонақбайұлы ақсақал сауданың ебін, тіршіліктің жөнін білген ауқатты кісі болыпты. Сыдыман кіре тартқан, саудасынан береке тауып, бір әулетті асыраған жан екен. Тіпті, Қостанайдағы, Ресейдегі жәрмеңкелерге де қатысқан. Бірде Сыдыман кіре тартып, сапарлап бара жатқанда алдындағы үшінші түйеге бір құс келіп қонады. Сол құс атам базарға барын саудалап, елге аман-есен жеткенше тілекші болып төбеде ұшып жүріпті дейді. Қоқымбай Мәндібайұлы көкеміздің айтуынша, сол құс Әулиеатаға кіреберіс жерге дейін ілесіп келген деседі. Жамбылдың қызыл жолбарысы секілді Сыдыман атамда да Алланың қалауымен қорғап жүрген осындай ерекше күш болған сияқты. Осы атам екі рет «Ленин» орденін алған сыйлы, құрметті кісі болған екен. Әкем дүкен ұстады. Осы саланың маманы болды.

– Балалық шағыңызды, ауылдағы алаңсыз күндер мен сізге қолдау білдірген ұстаздарыңыз туралы айтып берсеңіз…

– Әкем Бәкірден бірнеше ұл-қыз тараған. Ұлдардан кенжесі – мен. 1973 жылы 29 мамыр күні Талас ауданы, «Ойық» кеңшарының Бестам бөлімшесі (қазіргі Сейілбек ауылы) маңындағы «Балта» жайылымында дүниеге келгенмін. Жоғарыда айтып өткенімдей, үш жасымда әкемнен жетім қалдым. 1981 жылы Бестам елді мекеніндегі Шона Смаханұлы атындағы орталау мектебінің бірінші сыныбына барып, білім ошағының табалдырығын аттадық. Қаннан берілген қасиет қоймайды екен, 6-сыныптан бастап домбыра тарта бастадым. Домбыраны мектеп қабырғасында жүргенде Әлия әпкемнен үйрендім. Ал, мектептегі мұғалімім Аманкелді Ормантаев мандолинмен сүйемелдеп, әнге баулыды. Жыл сайын оқушылардың аудандық көркемөнерпаздар фестиваліне қатыстық. Аталған фестивальдің бір әділдігі – көрсеткен өнеріміз орта мектептер арасында бөлек, орталау мектептер арасында бөлек бағаланатын. Орталау (негізгі) мектептер арасында аталған фестивальде жеңімпаз болып жүрдік. Бұл шамамен 1985-1986 жылдар ғой. Алтынбек Қоразбаевтың әндерін қызыға тыңдаушы едім. Тыңдап қана қоймай, домбырамен орындап жүрдім. Ауылға әншілік атым тарала бастады. Аудандық «Талас тынысы» газетіне Аманкелді Ормантаев ағайым «Ауылымыздың Алтынбегі» деген көлемді мақала жазып, суретіммен шығарды. Ол маған керемет жігер берді, өнерге құштарлығымды арттыра түсті. Ауыл адамдары да басқаша қарап, ертелі-кеш әнімді тыңдауға асығып, құмартып тұратын болды. Менің өнерім Ойық ауылдық мәдениет үйінің директоры болып істейтін ардақты ағам, біз секілді жастардың жанашыры Болат Үмбетәліұлы Бекжановтың назарына жетеді. 1987 жылы Болат Бекжанов мені Ойық ауылдық мәдениет үйіне алдырып, үлкен сахнаға шығарып ән айтқызды. Әлі сол сәт есімнен кетпейді. Досхан Жолжақсыновтың «Қарттарым, аман-сау жүрші» әнін домбырамен орындап бергенім бар. Осылайша, Болат ағайым да өнердегі тұсауымды кесіп, тілеулес болды десем де болады. Әрине, ол кісінің қолдауын, қамқорлығын одан кейін де талай рет көрдік. Ағалардың осындай қамқорлықтары есімнен кетпейді. Осындай сәттер, әрине, сағындырады.

– Алғашқы әніңіздің тарихы туралы әңгімелесеңіз…

– 1988 жылы Бестам ауылындағы орталау мектепті бітіріп, Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Мамандығым – ұлт аспаптар оркестрінің маманы және клуб меңгерушісі. Ауылдан ұзап көрмеген баламын ғой. Аталған училищеде оқып жүргенімде ауылға деген сағыныштан «Туған жер» деген ән жаздым. Толғаныстан сөзін де өзім жазып шықтым.

Алыстан сағындырған туған жерім,

Саяңда қозы-лақты қуған жерім.

Алыстан дұғай сәлем жолдай келдім,

Аман ба, айналайын думанды елім, – деген жолдары бар болатын. Сосын аталған училищеде оқып жүріп, Ерболат Сейдахметов деген ақын жігітпен дос болдым, араластық. Мен Ерболаттың «Алма қыз», «Аналарға» деген өлеңдеріне ән шығара бастадым. Ол әндер де студенттердің, жастардың ортасына тез тарап кетті. Былайша, тыңдарман тарапынан жақсы бағалана бастады. Онан соң Ерболат Сейдахметовтің сөздеріне жазылған «Махаббат назы», «Туған жерге сағыныш» әндерім өмірге келді. Бір қызық жағдай бар. «Алма қыз» деген әнді мен бір қызды ұнатып қалып жазғанмын. Сөйтсем, ол қызға Ерболат Сейдахметов те ғашық болып қалып, өлең арнапты. Ол өлеңге де мен ән жазып шықтым. Сонда бір қызға екі ән туып кетті ғой. Лапылдаған жастық шақты, жалын шақты да сағынамыз.

Аталған училищені 1991 жылы бітірген соң, туып- өскен ауылым Бестамға (қазіргі Сейілбек ауылы) келіп, клуб меңгерушісі болдым. Баяғы мені қолдайтын, аудандық фестивальдерге апаратын Аманкелді Ормантаев ағай мектепте директор екен. Осылай жұмысымыз жүріп жатты, бұйырған әнім де жазылып жатты. Ауылда жүрміз. Тараздағыдай емес, ақындар жоқ мұнда. Содан белгілі ақындардың өлең кітабын қолыма алып, сол кісілердің өлеңіне ән жаза бастадым. Осылайша, Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметова, Тынышбай Рахым, Аққұштап Бақтыгереева секілді атағы жер жарған ақындардың өлеңдеріне ән жаздым. Олардың ішінде Күләш Ахметова апайдың сөзіне жазылған «Сағынып шақырдың ба?», Тынышбай Рахымның сөзіне жазылған «Аяулы менің арманым», «Жан сырым» әндері де елдің сүйсініп тыңдайтын, бүгінгі тілмен айтсақ «хит» әніне айналды.

Арада бірер жыл өткенде, анығын айтқанда 1993 жылы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Сапаев деген кісі мектептерді аралап, тексеріспен келіп қалды. Қасында сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы Бердібек Белгібаев бар. Сапаевтың ақындығы да бар екен. Әндердің сөзін жазады екен. Ол кісі облыстық үлкен комиссияны басқарып келген өкіл. Белгібаев мені шақырып, кешкілік, дастарқанға отырған сәтінде Сапаевтың алдында ән салғызды. Сол жерде Асылхан Сапаевпен жақсылап танысып, сөйлесіп кеттік. Ол да жиын барысында өзінің өлеңдерін оқып, кетерінде маған «Не пайда?» деген өлеңін мүмкін болса әнін жазарсың деп қалдырып кетті. 1994 жылы аталған өлеңге «Не пайда?» деген әнім шықты. «Не пайданы» жазарда қатты толғандым. Ол кезде заттар қымбаттап, ақша құнсызданып кеткен, сондай бір жылдар еді. Ол да әсер етті. Бұл «Не пайда?» әні Құдай сәтін салғанда Сапаевқа ұнай кетті. Одан кейін де шығармашылық байланыста болып, ол кісінің «Сезім – елес», «Асыл жарым», «Таразым» өлеңдеріне ән жазылды. Бұл әндер де елге тез тарап, жақсы бағасын алды. Жергілікті әншілер таласа орындап жүрді. Жалпы, Асылхан Сапаевтың ақылын талай естіп, көп ағалық қамқорлығын көрдім. Сол үшін де ол кісіні үнемі ризашылықпен еске аламын. Ақжан анамның қайсарлығы, бізді қатарға қосудағы табанды еңбегі естен кетпейді.

– Таразға қайта оралуыңыз да ән өнерін дамытуға деген ойдан туған шығар?

– 1997 жылдың қаңтарында Таразға келдім. Үлкен қалаға барып, өнерімді дамытсам деген ойым болды. Осы жылы «Баласағұн» орталық концерт залында «Махаббат назы» атты шығармашылық концертімді бердім. Осы жыл мен үшін сәтті болды. Таразға келуім де өнерімнің одан әрі өрістеуіне жол ашты. Осы 1997 жылы ақын Серік Томанов ағаммен таныстым. Ол кісімен Байжан деген жездемнің үйінде дастарқандас болып қалдық. Сол отырыста Серік Томанов ағамыз өз өлеңдерін жатқа оқыды. Кетерінде біраз өлеңін маған ән жазарсың деп қалдырып та кетті. Бірақ, оның ішінен менің ыңғайыма келетін лайықтысы табылмады. Дегенмен, жаңадан жазылған:

Дертімді қалай емдермін,

Не амал оған не істерміз?

Арманым болдың сен менің,

Аузынан айдың түскен қыз, – деген өлеңге әннің ырғағы келе қалды. Осы «Аузынан айдың түскен қыз» атты өлеңін Серік аға сөзін толықтырса мен ән жаздым. Одан соң Серік Томанов ағаның «Сезімді қайтем тулаған?», «Соғады сен деп жүрегім», «Әкені аңсау», «Айдында жүзген аққуым менің» атты өлеңдеріне ән жаздым. Серік ағамен 5 жылдан астам шығармашылық байланыста болғанымызда 5 өлеңіне ән жаздым. Ал, «Әкені аңсау» атты өлеңін Бәкір әкемнің 2003 жылы 100 жылдығы қарсаңында сөзін өзім арнайы жаздырттым. Бір сөзбен айтқанда, Серік Томанов ағамызға үнемі тапсырыспен өлең жаздырып, әнін жазып отырдым.

1996-2006 жылдар аралығында он жыл қатарынан «Баласағұн» орталық концерт залында шығармашылық концертімді үздіксіз бердім. Әр жылы 2-3 жаңа әндер өмірге келіп жатты. Сөйтіп, әндерім тараздық көрермендерден де жақсы бағасын алып, кең тарала бастады.

– 30 мамыр күні «Баласағұн» орталық концерт залында өтетін концертіңіз жайлы айта кетсеңіз.

– Бұл «Аузынан айдың түскен қыз» атты концерт менің мерейтойыма орай елге беріп жатқан есебім десем де болады. Концертке танымал өнер жұлдыздары Мұқасан Шахзадаев, Досымжан Таңатаров, «Музарт» тобы және бірнеше жас жұлдыздардың арнайы келуі жоспарланған. Өзіміздің Кенен Әзірбаев атындағы филармониясының Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Айгүл Мақашева бастаған бірқатар әншілері өнер көрсетеді.

– Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Асыл жарым Зәуре алты перзентті өмірге әкеліп, «Күміс алқа» иегері атанып отыр. Ұл-қыздарымыз жақсы білім алып келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support