- Advertisement -

Тоқпанов театры топ жарды

151

- Advertisement -

Қырғыз Республикасының Талас қаласында әлем классиктері қатарында биік орны бар әйгілі қаламгер, «Адамзаттың Айтматовы» атанған Қырғыз елінің халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына, сондай-ақ, Талас облыстық Қапар Медетбеков атындағы музыкалық драма театрының 15 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тау театрларының» ІІ фестивалі ұйымдастырылды.

Аталмыш фестивальде көршілес елмен өнер жолындағы ынтымақтастығы жарасқан Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры да бақ сынады. Олар оқырман жүрегінен орын алған Ш.Айтматовтың «Жәмилә» лирикалық драмасын сахналады. Қойылым барысында жерлестеріміз бен қырғыздың 9 театры қаламгердің шығармаларынан бөлек, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қойылымдарды да ескерусіз қалдырмады.

Төрт күнге созылған фестиваль қорытындысы бойынша облыстық қазақ драма театры «Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармасын ең үздік сахналағаны үшін» номинациясымен және қаржылай сертификатпен марапатталды.

«Жәмилә» лирикалық драмасында Сейіт рөлін сомдаған театрдың жас актері Ануар Уәлиханұлы үздік ойын көрсеткен жоғары актерлік шеберлігі үшін «Манас» медалімен марапатталып, Мәкен Рахымжанова ана рөлін сомдап, қазылар алқасын тәнті етті. Фестиваль жүлделері мен марапаттарын Қырғыз Республикасының Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Кайрат Иманалиев табыс етті.

Фестиваль аясында Талас облыстық Қапар Медетбеков атындағы музыкалық драма театры мен Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының басшылары қазақ-қырғыз елі арасындағы рухани, мәдени ынтымақтастықты, екі театр ұжымы арасындағы шығармашылық байланысты одан әрі жақсартып, жалғастыру мақсатында меморандумға қол қойды.

Фестиваль аясында қонақтар мен қатысушылар іс-шара бағдарламасына сай ұлттық «Манас Ордо» кешеніне зиярат етіп, Талас шаһарымен танысты.

 

Ұлданай БАЙҰЗАҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің

2-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support