- Advertisement -

Мұқағали музасына айналған бейне

11

- Advertisement -

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Тараз қаласына сапары аясында кезекті қойылымын сахналады. Салтанатты шараның соңғы күніне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысып, шығармашылық құрам мен қалың көрерменге ыстық ықыласын білдіріп, өзара естелік сыйлықтарын табыс етті.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан» мен «Аққулар ұйықтағанда» поэмалары негізінде жазылған «Дариға жүрек» толғауы тараздықтардың шынайы ықыласына бөленді. Шығармада мұзбалақтың қос поэмасы өзара шебер үйлесім тауып, соғыс жылдарындағы қазақ өмірін нәзік иірімдермен суреттей білген. Әсіресе, мұнда сол сұрапыл кезеңдегі қазақ әйелдеріне ортақ психологиялық ахуал, ішкі жан тебіреніс пен толғаныс, қоғамға тән ортақ қайғы бас кейіпкер тағдыры арқылы беріледі. Ал, Дариға сол міндетті абыроймен алып шыққан типтік бейне еді.

Жұбайын қан майданға аттандырып, сарыала сағынышты жанға медет еткен Дариға жеңге тағдыры төл әдебиетімізде бірнеше мәрте ұшырасады. Бұған Шерағаңның «Қырық бірінші жылғы келіншегі», М.Шахановтың «Ғайшасы», Ш.Айтматовтың «Жәмиләсі» дәлел. Демек, бұл көңілге дық салған дүрбелең дәуірдің жалпы сипатты қасіреті. Ал, Мұқағали мұны лирикалық иірімдерге салып, қайталау тәсілі арқылы ұсынады. Яғни, шығармада «Дариға жүрек шөлдеді» тармағы әр шумақ соңында қайталанып отырады. Осы арқылы автор әйел болмысының ішкі қатпарына үңіліп, жеңгесін жат көзден қорғаған қайнысының ішкі ызасы мен қызғанышын сездіріп отырады.

Сонымен қатар, көркем туындыда соғыс адамына тән әлеуметтік психологияның белгілері шынайы байқалады. Бар азаматын майданға жіберіп, қарты мен қара домалағына қарайласа жүріп, қырман жұмысына да араласа кететін қазақ әйелі осы дәуірдің шынайы қаһарманы. Дегенмен, иір де қиыр жолдардан адаспай, асыл мұраты мен адалдығын ту еткен жандардың иірімге түсе кетуіне не себеп дерсіз. Осы тұста Дулат Исабековтың «Біз соғысты көрген жоқпыз» әңгімесі ойға оралады. Мұнда да майдан даласынан азаматын күткен ауыл әйелдерінің о баста жауынгері оралған үйге шынайы ықылас білдіріп құттықтаса, кейіннен төрт ағайындысы түгел оралғанда қызғаныш оты қалай тұтанғанын да байқамай қалады. Осылайша, ауыл әйелдері өзгеден мерейі үстем болған шаңырақ иелерін жеккөрінішті халге жеткізіп, ақыры ауылдан көшіріп жібереді. Сол арқылы социализм қоғамындағы теңдік ұғымының түнек тұсын танытады.

Дариға да бар ауылдың қасіретін әнге қосып, мұқым елдің мұңын жырлаған жан еді. Оның таза махаббаты мен нәзік сезімі әнге қосылып әуелей жөнелгенде Аспантаудың төңірегінде тыныштық орнайтын. Тек келіншектің қаралы хабар алып, қырман басындағы бригадирмен көңіл жарастырған кезде ғана жартас басынан жаңғыра шығатын әсем әні де тоқтаған. Осылайша, бақытқа бір сәт кенелмек болған Дариға жарымжан жандарды дауасынан айырып, өсек-аяңның қармағына ілінген. Ал, бұл тақсіретті тағдыр ақынға кейіннен «Қайран, жеңгем» өлеңін жазуына себеп болды.

Қойылымның екінші бөлігі мұзбалақтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы негізінде өрбиді. Мұнда да тазалық пен пәктіктің бейнесі болған аққу құстың ақшаңқан айдынның сәні болып, махаббат пен жақсылық атаулының киесі екендігі айтылады. Сол арқылы Аққу-Дариға, Дариға-Аққу тандемін шебер үйлестіре білген қоюшы режиссер Қуандық Қасымов бірін мықтық оғына байласа, бірін сұғанақ заманның сұғына құрбан етті. Осылайша, жаңғыра үн қосқан жартастар ермегінен айырылып, шалқарында сұлулық салтанат құрған Айнакөл Жетімкөлге айналып кете барды. Мұның бәрі сұрқия заманның, сұрапыл соғыстың адам жанына салған салқын сызаты еді.

Ал, ақын шығармашылығында бұл оқиғалар өзгеше сюжетпен, көркемдік бейнелеумен дамыды. Тіпті, Дариға жеңге бейнесі Мұқағалидың музасына да айналды. Ол туралы ақынның өзі: «Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын, Сол екен – менің періште жырым, мұратым» деп музасының асқақ бейнесін күйбең тіршілікпен кірлеткісі келмей, оны аққудай таза болмысымен мәңгілік мекеніне аттандырады. Бұл бала көңілде жылы жүзді жеңге болып сақталған Дариғаны қарамұрт бригадирге қимастықтан туған тәуекел болатын.

Қойылымның және бір ерекшелігі – мұнда халық көңілінің төрінен орын алған бірқатар әндердің талғамға сай таңдалып, сахналық атмосфераны сезіндіре білуінде болды. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған спектакль барысында «Құмған алған», «Сағым жылдар», «Қайран, жеңгем», «Дариға дәурен», «Жарығым-ай» сынды әр кезеңде тыңдарман қошеметіне ие болған әндер шырқалып, театрсүйер қауымды әр күйлі сезімге бөлеп, тербетіп отырды.

Үш күндік гастрольдік сапарында Ж.Шанин театры осылайша, «Қарагөз» трагедиясы мен «Өлдік те, құрметті болдық» комедиясын, «Дариға жүрек» поэтикалық толғауын жамбылдық жұртшылықтың назарына ұсынып, әулиеаталықтардың ыстық ықыласын арқалап қайтты.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support