- Advertisement -

Туған жерін түлеткен тұрғындар

35

- Advertisement -

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі кезінде ірі шайқас болып, жаудың бетін қайтарған жазықты көпшіліктің Сұмқайтты деп атағаны тарихтан белгілі. Сонау 1720 жылы жоңғар басқыншылығына қарсы тойтарыс берген бұл аймақ сол кезде қол бастаған Әбілқайыр ханның есімімен «Әбілқайыр жазығы» деп те танылған. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастаған қазақтың үш жүзі біріккен жасақ осы жерде тұрақтап, жоңғарларға тойтарыс беріп қана қоймай, оларды өз жеріне қуған екен. Сондықтан, ел сұмның беті қайтты деген мағынада Сұмқайтты атаған бұл аймақтың тарихы халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында анық айтылады. Тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев бастаған ғылыми экспедицияның археологиялық зерттеулерінің барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер-тұрман саймандары көптеп табылған. Өз елін сүйген ерлердің туған жерді жаудан қорғауда аянбай күрескерлік көрсеткен жерді мекендеген қазіргі тұрғындар да ауылын көркейту мен елді өркендетуде бірлесе еңбек етіп, патриоттық танытып отыр.

Т. Рысқұлов ауылының Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұмқайтты ауылында бүгінде 68 адам тұрады. Шағын ғана ауылда 7 шаруа қожалығы бар.

– Көпшілікке терең тарихымен белгілі ауылымызда қазіргі күні 14 үй бар. Мұндағы халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Жұмыссыз тұрғын жоқ. Рысбек Рахметілдаев басқаратын «Ернар» шаруа қожалығында 12 адам жұмыс істейді, бұған қоса маусымдық жұмысқа 10 адам тартылады. 280 бас ұсақ малы, 1800 гектар жері бар бұл қожалық 400 гектар бидай, 250 гектар арпа екті. «Шәушен» шаруа қожалығы 62 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл қожалықта 14 900 бас ұсақ мал, 1710 жылқы және 16 мың гектар жер бар. Оның 1200 гектарына бидай ексе, 4 гектарына алма бақ өсіріп отыр. Шаруашылықтың 5 комбайн, 10 трактор, 7 «К-700» сынды техникалары бар. «Иг-Дал», «Қанат», «Дарын», «Еркебұлан» шаруа қожалықтары да еңбектің қазанын қайнатып жүр. Осындай еңбекқор кәсіпкерлеріміз ауылды дамытуға да өз үлестерін қосып келеді. Қазіргі уақытта ауыл газбен қамтылмаған. Бұған «Шәушен» шаруа қожалығы тиісті қаражат бөліп, қазір жобасын жасап жатыр. Су мұнарасы бар, бірақ жеке тұрғын үйлерге ауыз су тартылмаған. Дегенмен, су жүргізу жұмыстары аудан әкімшілігінде қаралып, тиісті қаржы қарастырылып жатыр. Медициналық пункт салынатын жерді белгілеп, құжаттарын рәсімдеп, аудандық денсаулық сақтау бөліміне өткіздік. Жобасы жасалып жатыр, бұйыртса 2025 жылға дейін салынады деп күтудеміз. Ауылдағы фельдшер жұмыстан қысқартылатын болғанда да ауыл тұрғындары бірігіп, бас көтеріп, маманды қысқартпай а лып қа лды. Қазір сырқаттанған кісі болса, фельдшеріміз өз үйінде қабылдап, медициналық көмегін көрсетіп жүр. Алайда, интернет желісі жоқ, ол да халық санының аздығына байланысты екенін білесіздер. Ірі шаруа қожалықтарымыздың жұмысшылар үшін үй салып, қоныстандырамыз деген жоспарлары бар. Жоба жүзеге асса, сұмқайттылықтардың саны да артар, сонда көп мәселе шешімін таппақ. Халық санының аздығынан мектеп, балабақша да жоқ. Себебі, ауылда мектеп жасындағы 16 бала және 1-6 жасқа дейінгі 6 бүлдіршін тұрады. Оқушылар көршілес Ақыртөбе ауылындағы мектепке тасымалданады, – дейді Өрнек ауылдық округінің әкімі Айбек Әбішев.

Біз ауыл тұрғындарымен тілдескенде, мұнда бала саны артып келе жатқанын естіп, қуандық.

– Бұрын осы ауылда фельдшер болғанмын, қазір зейнеттемін. Балам Рысбек Рахметілдаев осында ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауылда суды тасып ішеміз, газ, мектеп, балабақша жоқ. Бірақ, Аллаға шүкір, ауылымызда бала саны артып келеді. Ақыртөбедегі мектепке балаларды шағын автобуспен тасымалдайды, қазір соған сыймайтын болды, бұл қуанарлық жағдай. Елді мекендерді көркейтетін де, болашағын жарқын ететін де балалар, жастар. Ауылымыздың кәсіпкерлері де орт ақ іске жұмылып, біраз қажетті жұмыстарды атқарып жатыр. Ең бастысы – ауылдастардың бірлігі бекем. Бірлік бар жерден береке кетпейді, – деді Бақытгүл әжей ауылдың жай-жағдайын бізге әңгімелей отырып.

– Осы өңірде туып-өскен Сұмқайттының байырғы тұрғынымын. Балалығымыз да, жастығымыз да осында өтті. Үлкен тарихи оқиғаға куә болған аймақ болғандықтан, көптеген қызықты оқиғаларды тыңдап өстік. Кеңестік кезеңде бұл шаруасы дүрілдеген кеңшар болды. Он төрт жасымнан кеңшардың шаруашылығына араласып, еңбекпен е с ейдік. Кейін Кеңес өкіметі тарағанда біраз дүние талан-таражға түсті ғой. «Орнында бар оңалар» дегендей, ауыл азаматтары мал өсіріп, егін егіп, біраз шаруаны қалыпқа келтірді. Бұл аймақтың жері шаруаға қолайлы, – дейді Шолпанқұл Қонысбаев қария.

Талай сынақты бастан кешкен халқымызды небір сынақтарда сындырмай, шыңдаған биік рух екені даусыз. Бүлінгенді бүтіндейтін бірлік пен еңбек екенін Сұмқайттыдағы еңбекқор елдің тірлігінен байқап қайттық.

 

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support