- Advertisement -

Идеологиясы мықты елдің игілігі мол

75

- Advertisement -

Өркендеген өндіріс пен еңселі экономикалық көрсеткіштер қоғамды алға жетелейтін негізгі қозғаушы күш болса, адамзатты өркениетке жетелейтін – идеология. Қазақ хандығының алтын қазығы алғаш қағылып, туы тіктелген киелі Әулиеата өңірінде игілігі мол идеологиялық шаралар  жемісті жалғасын табуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Еркін Құлымбайұлы әуелі аймақтағы ішкі саясат, білім, дін, дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты мәселелері, тілдерді дамыту, мәдениет салаларына қатысты атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Айтуынша, өңірде жыл басынан бері 4 500-ге жуық қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 148 жобаға 1 миллиард 162 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылыпты.

– Үкіметтік емес ұйымның қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыратын құралдардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету жобалары. Жоспарланған қаржы көлемінің 78 пайыздан астамы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға бөлінген.

Өңірде 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Облыстағы 371 елді мекеннің 32-де этностар тығыз орналасқан, – деген облыс әкімінің орынбасары сан саладағы көрсеткіштерді айтып өтті.

Айталық, мәдениет саласы бойынша биыл өңірдегі 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен барлығы 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішіндегі 7 нысан өткен жылдан өтпелі. Сол секілді биыл 21 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін де алға тартты.

– Облыста тұрғындарға мәдени- көпшілік қызмет көрсетіп отырған 197 мәдениет үйі мен клубта 841 үйірмеге 10 318 адам тартылған. 2022 жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 217 үйірмеге 4-17 жас аралығындағы 4 577 бала қатысса, биыл 208 үйірмеге 5 273 бала барып жүр, – деді Е.Үйсімбаев.

Оған қоса облыс басшысының орынбасары бүгінгі таңда өңірдегі 274 кітапхананың 268-і интернетке қосылғанын, жалпы барлық кітапханалар компьютермен қамтылғанын атап өтті.

Одан бөлек, нақты уақытта дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,6 мың адамға артып, облыс тұрғындарының 39,6 пайызына жетіпті. Жыл соңында аталған көрсеткішті 42 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Биыл құрылысы жүріп жатқан 23 спорт нысанының 16-сы жыл соңына дейін қолданысқа берілетін болса, қалған 7-еуі келесі жылы ел игілігіне қызмет көрсетеді деп жоспарланыпты. Дін істері саласында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Айталық, деструктивті діни ағым өкілдері арасында жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде биыл деструктивті діни бағыттағы 31 азамат қоғамға бейімделген. Ал, облыс халқының 26,8 пайызын құрайтын жастар саясатын жүзеге асыруға биыл 1,9 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде биыл «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында 10 022 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.

– 2022 жылы өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күнге «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан 40 қатысушының өтінімі мақұлданып, бағдарлама аясында баспаналы болды. Ағымдағы жылы аталған бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы 2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 1 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 1 миллиард теңгесі «Отбасы банк» АҚ тарапынан қарастырылды. Жобамен биыл 140 жасты баспанамен қамту жоспарлануда, – деді Еркін Құлымбайұлы.

Білім саласы бойынша, биыл облыс орталығы мен бес ауданда 10 мектеп және Тараз қаласы мен Жуалы, Сарысу аудандарында 4 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

– 2024 жылы 7 және 3 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектеп бар. Бұдан бөлек, 2023 жылға 17 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 миллиард теңге бөлінді. Ал балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 3-6 жас аралығында 100 пайызды, 1-6 жас аралығында 91,7 пайызды, 2-6 жас аралығында бала 94,1 пайызды құрайды. Облыс бойынша 78 мектептен тыс мекемеде 68 570 оқушы, 39 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 30 410 бала және жалпы білім беретін мектептерде 126 мың оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Өңірдегі барлық білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінгі күні 6 233 бала инклюзивті білім берумен қамтылған. Мектепке дейінгі ұйымдардың 80 пайызында, мектептердің 88,9 пайызында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. 2023 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 12 070 оқушы қатысады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Басқосу барысында Еркін Құлымбайұлы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Десек те, басқосу барысында БАҚ өкілдері тарапынан облыс орталығында әлі де болса «Mart» сауда үйі секілді көпшілік орындарда тіл заңдылықтары сақталмағанын алға тартты. Сонымен қатар, тілшілер мәдени жәдігерлердің сақталуы, туризм саласындағы қордаланған мәселелер жөнінде жан-жақты сауалдар жолдап, ұсыныстарымен бөлісті. Облыс әкімінің орынбасары кездесу барысында көтерілген барлық идеологиялық мәселелерді өз назарына алып, алдағы уақытта оларды шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support