- Advertisement -

Мақсат — мүйізді ірі қараны асылдандыру

196

- Advertisement -

Қаракемер ауылында облыс бойынша «Ауыл аманаты» жобасына енгізілген елді мекендердегі мүйізді ірі қара малдарын қолдан ұрықтандыру мәселесі талқыланған жиын өтті. Аграрлық сала мамандары алдағы уақытта мал санын көбейтіп, өнім сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.  

Ауыл төңірегіндегі ашық аспан астында ұйымдастырылған шараны облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ашып беріп, мүйізді ірі қара малын асылдандыру ісінің маңыздылығына тоқталып өтті.

Облыс әкімдігінің ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасарлары және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және «Асылдандыру- Тараз» ЖШС өкілдері, сондай-ақ, Тараз қаласының және аудандардағы ветеринариялық станциясының өкілдері қатысқан іс-шарада сала ғалымдары да өзекті ойларымен бөлісті. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков өңірде 560 мыңға жуық мүйізді ірі қара бар екенін айта келе, аймақтағы 24 ауылдық округте мал басын асылдандыру бағытына тікелей облыс әкімінің қолдауымен жүз миллион көлемінде қаражат бөлініп отырғанын жеткізді. Басқарма басшысы өз сөзінде жыл басынан 4 мыңнан астам ірі қара қолдан ұрықтандырылғанын, 2019 жылы субсидиялауға өзгерістер енгізілгендіктен көрсеткіш төмен болып отырғанын және алдағы уақытта мал басын асылдандыру ісі аймақ бойынша қарқынды жүзеге асатынын жеткізді.

Ал, «Ауыл аманаты» жобасына енгізілген 10 ауданның 24 ауылдық округіндегі мүйізді ірі қара малының аналық бастарын қолдан ұрықтандыруға «019-Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер бағдарламасы» бойынша бөлінген қаражатқа сәйкес мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» жеңімпаз болып анықталып, қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізуде.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Акушерлік хирургия және малдардың өсіп-өну биотехнологиясы» кафедрасының профессоры Есенғали Үсенбековтің айтуынша, аймақтағы елді мекендерде қолдан ұрықтандырушы ветеринар мамандар бекітіліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.

– Жамбыл облысында ірі қараны асылдандыру жұмыстарына дайындық былтырғы жылы басталды. Жалпы, елімізде 9 миллионға жуық мүйізді ірі қара бар болса, соның 80 пайызы жекеменшік секторда. Барлығы асылдандыруды қажет етеді. Себебі, басым көпшілігінде мал ұсақталып, өнім сапасы төмендеп кеткен. Игі іске ел аумағы бойынша Жамбыл облысы бастамашы болып отыр. Біз өңірдің әр ауданының климатына қарай жеті түрлі ұрықты жеткізіп отырмыз. Барлығының генетикалық көрсеткіштері жоғары, – деді профессор Есенғали Үсенбеков.

Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек алдағы уақытта мал басын асылдандыру бойынша конкурстық жұмыстар ертерек жүргізілетінін жеткізді.

Жиын соңында аграрлық сала мамандары ұрықтандыру ісімен тәжірибе жүзінде танысты.

Айта кетейік, облыс бойынша қолдан ұрықтандырылатын нақты мүйізді ірі қара малының аналығы 5 886 басты құрап отыр. Нәтижесінде, қолдан ұрықтандырылған аналық мүйізді ірі қара малынан 70-75 пайыз асыл тұқымды төл алу күтілуде.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Жамбыл ауданы  

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support