- Advertisement -

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің еңбегі еленген күн

75

- Advertisement -

21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Жуалы ауданы, Талапты ауылында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды музейінде салтанатты жиын өтті.

Облыс әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен аталған мереке кең көлемде атап өтілді. Салтанатты жиынның мақсаты – мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және мәдениет, өнер өкілдерінің жұмыстарына шолу жасау. Мерекелік іс-шаралар кешенінде ұлттық спорт ойындары, салтанатты жиын, үздіктерді марапаттау рәсімі, театрландырылған көрініс және концерттік бағдарламалар қамтылды.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет, өнер қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Әуелі облыс әкімі және зиялы қауым өкілдері қақпадан кіреберісті бойлай орналастырылған облысымызға қарасты әр аудандық мәдениет үйінің тарихынан сыр шертетін, облысымыздан шыққан атақты мәдениет қызметкерлерінің өмірдерегі жазылған инсталяциямен, музей жәдігерлерінің және кітап көрмелерімен танысты.

Әрі қарай жиын мәдениет қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Жиында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деп Мемлекет басшысы атап өткендей, мәдениет саласы ешқашан назардан тыс қалған емес.

Жалпы, ағымдағы жылы мәдениет саласына 11,9 миллиард теңге бөлініп, 14 нысанның құрылысы және 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мәдениет үйлеріне қосымша 94 штат беріліп, 143 үйірме ашылды. Онда 1850 бала қамтылған. Өткен жылы облыс орталығында мемлекет және қоғам қайраткерлері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіштері бой көтерді. Сондай-ақ, Асанәлі Әшімов, Илья Жақанов, Мұхтар Шаханов сынды тұлғалардың мерейтойлары кең көлемде аталып өтті. Ал, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай республикалық деңгейде айтулы мерейтойлық іс-шара өтіп, әдеби- мемориалдық музейі ашылды.

Жалпы, облысымызда үш жарым мыңға жуық мәдениет саласының қызметкері жұмыс атқарады екен. Соның ішінде Тәуелсіздік алған жылдан бастап 116 мәдениет қызметкері  түрлі мемлекеттік және ведомостволық наградаларға ие болып, ел құрметіне бөленді. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен наградталған, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Сондай-ақ, өңір басшысы өңірдің мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздары халықаралық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып, облыс беделін асқақтатуда зор үлес қосып жүргендіктерін жеткізді.

Шара барысында Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, «Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар мәдениет қызметкерлеріне марапат қағаздарын табыстады.

Айта кету керек, іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен бес адам, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен екі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен төрт азамат, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен үш, облыс әкімінің арнайы стипендиясымен жеті, облыс әкімінің Құрмет Грамотасымен төрт, облыс әкімінің Алғыс хатымен алты мәдениет қызметкері марапатталды. Аталған марапаттарды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов табыстады. Сондай-ақ, «Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов Салалық кәсіподақ бірлестігінің «Еңбек Даңқы» төсбелгісін жеті, Жамбыл облысы аймақтық кәсіподақ бірлестігінің «Құрмет грамотасын» төрт мәдениет қызметкеріне табыстады.

Мерекелік іс-шара қазақтың ұлттық ойындарын тамашалаумен жалғасып, кешке қатысушылар арнайы жайылған дастарқаннан дәм татты.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support