- Advertisement -

«Серпін-2050»: Оқу, жұмыс, болашақ

227

- Advertisement -

Жастардың сапалы білім алуы мақсатында іске асқан бағдарламаның бірі – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы. 2014 жылы оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен бағдарлама бойынша талай жас грантқа ілігіп, теріскейге барып, білім алған.

Бұл жобаға облысымыздан 2017 жылы – 283, 2018 жылы – 224, 2019 жылы – 118, 2020 жылы – 52, 2021 жылы – 128, 2022 жылы 97 түлек тапсырған. Барлығы 902 білімгер оқуға түскен. Оның 671-і жоғары оқу орындарында, 231-і колледждерде педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алуда.

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында жас түлектерге бағыт-бағдар беріп, «Серпін» бағдарламасы аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін еліміздегі 18 университеттің өкілдері жиналып, түлектермен кездесті. Болашағының қамын ойлап, білім алуға құштарлық танытқан жас түлектердің арасында Аса ауылының бірнеше түлегі «Серпін» бағдарламасы мен Қарағанды және Қостанай қалаларының жоғары оқу орнының педагогика мамандығына тапсыруға ниетті екендерін жеткізді.

– 2023-2024 оқу жылына 3653 грант бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде Үкімет айқындаған 6 аймаққа Абай облысы қосылды. Тағы бір ескеретін жайт, бұрын грантты оқыған аймақта өтеу уақыты 3 жыл болса, қазір ол 2 жылға қысқарды. Оның үстіне 11 аймақ ішінен қай облысты таңдаса да, өз қалауы. Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу өңірі ауылдарының жас түлектері Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай облысы, Қостанай, Қарағанды және Батыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындарына оқуға түсу мүмкіндіктері бар. Мәселен, ҰБТ тапсырғаннан кейін 70 немесе 80 балл Шығыс Қазақстандағы техникалық университетке жарамаса да, Павлодардағы университеттің шекті балы одан төмен болуы мүмкін. Бұл жас түлектерге берілген үлкен мүмкіндік, – деді Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бас сарапшысы Әділбек Мансуров.

Кездесу барысында түлектер мен ата-аналардың көкейінде жүрген сұрақтарға «Ұлттық тестілеу орталығының» бас сарапшысы Бахытгүл Амзеева да жауап беріп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support