- Advertisement -

Теміржолда түйткіл көп

76

- Advertisement -

Теміржолда қордаланған проблемалар өте көп. Сонау тәуелсіздік алғалы жырланып, бір жүйеге түспей келе жатыр. Ескі вагон, лас төсек-жабдық, пойыздардың көрінген стансада сағаттап тұруы, билеттердің уақытында болмай қалуы, шамадан тыс қымбаттап кетуі сынды мәселелерге вагондардағы ұрлық-қарлық, апатты жағдайлар да қосылып тұр. Жолаушылардың арыз- шағымдары өз алдына бір бөлек.

Теміржолға қатысты маңызды мәселенің бірін жақында ғана Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов көтерген болатын. «Пойыздар құрамдары кейде жолдарда тоқтап, ұзақ уақыт тұратын кездер болады. Жергілікті тұрғындар балабақшаға баратын балалар, мектепке баратын оқушылар, студенттер, жұмысқа асыққан азаматтар, тіпті, қариялар жыл бойы аязды-боранды, аптап ыстықта, денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, вагондардың астынан өтуге мәжбүр болады», – деді ол. Расында да мұндай келеңсіз жағдайлар облысымызда өте жиі орын алып, нәтижесінде адам шығыны да болып жатады. Мәселен, 2021 жылы Тараз және Түрксіб станцияларында 15 оқиға тіркелген. Осы оқиғалардың нәтижесінде 4 адам жарақат алып, 6 адам қаза тапқан. Сала мамандары бұл оқиғалардың негізгі себептерін көбіне жәбірленушілердің өздерінен көреді. Адамдар уақытты үнемдейміз деп, белгіленбеген жерлерден теміржол арқылы өтіп, өздеріне қауіп төндіреді екен.

«Теміржол апаттарының басты себептерінің бірі – жолдың жиектерінде қоршаулардың болмауы дер едім. Мәселен, біз теміржолға өте жақын ауылда тұрамыз. Осыдан алты жыл бұрын жолдан өтемін деген жас анадан айырылып қалған жайымыз бар. Сондай- ақ, ірі қара малдар да соқтығысып жатады. Сондықтан, жол біткеннің бәрін қоршап, қауіпсіздік шараларын күшейту керек», дейді Ақбұлым ауылының тұрғыны Айжан Баятлизи.

Былтыр пойыздар облыс аумағында 24 малды қаққан болса, биылғы 4 айда 13 мал қағу дерегі тіркеліпті. Мұндай жағдайда жануарға ие болмаған иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту алады. Өйткені, бұл пойыздардың кешігуіне ғана әсерін тигізбейді. Техниканы да істен шығарады.

Жалпы, теміржол бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстардың қатары артып отыр. Оның ішінде теміржол вагондарында жасалған ұрлықтар осы күнге дейін ашылмапты. «Жылжымалы құрамның ұрлығына ерекше назар аудару керек. Өкініштісі сол, бүгінде аталған қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасаған тұлғалар анықталмай отыр. Бұл қылмыстарды ашуға бағытталған жедел іздестіру шаралары мардымсыз», дейді прокурор Аслан Әбішұлы.

Мұндай мәліметтерді тізе берсек өте көп. Теміржол қызметкерлерінің ұрлық жасау фактісі бойынша қылмыстар ашылмағаны былай тұрсын, олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, сол мекемеде ары қарай жұмысын жалғастыру фактілері де тіркелген. Өзінің жауапкершілігін сезініп, жұмысын адал атқармаған адамнан не күтуге болады? Мұндай адамдар әрі қарай да талай қылмыстың орын алуына мұрындық болмасына кім кепіл?!

Ұрланған заттар – қалтаға салып алып кететін заттар емес, оларды алып кету үшін қаншама күзетшіден өту керек. Осы жерде көлік жүргізушілері мен жергілікті полиция арасындағы сыбайластықты да анық көруге болады. Көп жағдайда көлік полициясы қылмыстың ізін суытпай, алғашқы тергеу әрекеттерін жүргізуге мүдделілік танытпайды екен. Осының әсерінен ұрлықтардың жартысы ашылмаған.

Станциялар, вагондар тұрақтанатын жолдарды бейнебақылаумен жабдықтау, жұмыс парктерін қоршауға бағытталған шаралар жеткіліксіз. Вагондардың ішінде де бейнекамералардың жоқтығы мүлікке қатысты қылмыстардың санын көбейтіп отыр. Әлі күнге дейін жолаушылар ұялы телефонынан, сөмкесінен, әмиянынан, басқа да заттарынан айырылып қалып жатады.

Тағы бір мыңызды мәселе, алда жазғы демалыс келе жатыр. Дәл осы айларда халық билет таппай сарсаңға түседі. Әдеттегідей билет болмай қалады, болса да бағасы аспандап кетеді. Өкініштісі сол, бұл жағдай үйреншікті қалыпқа айналды. Осындай қордаланған дүниеге жеке коммерциялық бағыттағы пойыздардың мәселесі де қосылып отыр. Билеттің мың құбылған жайына көз жұмып қарайық десек, вагондар толық жаңарып біткен жоқ. Мәселен, «Астана-Қызылорда» бағытында жүретін 618-пойыздың вагондары, тіпті, жолаушылардың талаптарына еш сай келмейді. Жаз болса – терезесі ашылмайды, қыс болса – жабылмайды. Қырық құрсау вагондар әлі қолданыста жүр. «Жақында Төретамға барып келдім. Вагонның ескіргені соншалық, жаққан отына су қайнамай қойды. Төбемізден су ағып, бүкіл затымызды бүлдірді. Пойыздың жетекші бригадирін шақырғанымызда: «Бұл мемлекеттің қарауындағы пойыз. Жекеменшік емес. Сондықтан, вагондар бірте-бірте ептеп ауысып жатыр. Күту керек», дегенді айтты. Сонда бұл күту қашанға дейін созылады? Халықтың ақшасын алғаннан кейін, оған сапалы қызмет көрсету деген де бар ғой. Бұған қалай көз жұмып қараймыз? Монополистер болса өз білгендерін істеп отыр. Ал, пойыздың тазалығы – нөл!», – дейді Жарылқасын Меңдібаев есімді жолаушы азамат. Рас, бірақ әлі күнге дейін қарапайым халықтың талап-арызы әлеуметтік желіден әрі аса алмай тұр. Үкімет өзі қаржыландыратын пойыздардағы жолақыны ғана реттей алады. Ал, коммерциялық бағыттағы пойыздардың қожайындары жеке пайдасына қарай билет құнын қаласа түсіреді, қаламаса қымбаттата салады.

P.S: Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұлан-ғайыр алқапты аралауды пойызсыз елестете де алмаймыз. Алайда, әлі күнге дейін пойызды алыс сапарға шығу үшін ең қауіпсіз көлік түрі санайтын елдің қарасы көп. Бірақ, теміржол қауіпсіздігіне деген жолаушылардың сенімі азайып, вагондардың тозғаны, ұрлық-қарлықтың көбейгені көңілге кірбің ұялатады. Қалай десек те, теміржол бойында түйткіл көп. Сондықтан, теміржолдағы қауіпсіздік көп көңіл бөлуді қажет етеді.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support