- Advertisement -

Медицинаның маңызды мәселелері оң шешілуде

76

- Advertisement -

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күнінде аталып өтеді. 1946 жылы құрылғаннан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр.

Ұйым әлемдегі жеті миллиард адамның денсаулығын жақсартуға бағытталған жетекші ұйым болып табылады. Дүние жүзінің мыңдаған денсаулық сақтау сарапшылары кедейшілік жағдайында өмір сүретін адамдардың сау, бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін түрлі бағдарламаларды үйлестіреді. Сондай-ақ, жұқпалы және жұқпалы емес аурулармен күрес жүргізіп, оған мүше елдердің денсаулық сақтау жүйесі мен қызметін бақылап, медицина саласы бойынша статистикалық есеп жүргізеді. Дәрілік препараттардың дайындалуын жіті қадағалайды. Медицинаның маңызды мәселелерін шешуде ғылыми-зерттеулер жасайды.

Денсаулық күнін жыл сайын өткізу 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Бұл күн адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсіну үшін өткізіледі.

Дүние жүзінде безгек және шешек ауруларын жою бағдарламасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сәтті аяқталған халықаралық жобаларына жатады. Ұйым туберкулезбен, жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулармен, паразиттік, жұқпалы және жұқпалы емес аурулармен күрес жүргізу бағдарламаларын да іске асыруда.

1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ-ның балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған Алматы халықаралық конференциясында ХХ ғасырдағы денсаулық сақтау ісінің хартиясы аталған «Алматы декларациясы» қабылданды. 1979 жылы Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институты (қазіргі Гигиена және эпидемиология ғылыми- зерттеу орталығы) жанынан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп жұмыс істейтін алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Халықаралық орталық ашылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бюджетінің негізін оған мүше елдерден жүйелі түрде жиналатын жарналары құрайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады. Сондай- ақ, әр жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық күнінің жыл сайынғы тақырыбы, ұраны таңдалады.

Атаулы күнге орай, облыс бойынша барлық еңбек ұжымдарында, жалпы білім беру мен медициналық ұйымдарда он минуттық дене шынықтыру жаттығулары, таңертеңгілік гимнастика өткізілуде. Күні бойы «Сөзден – іске» акциясы, «Суды таңда» атты тәтті, газдалған және энергетикалық сусындарды тұтынуды, тұзды тұтынуды шектеуге бағытталған іс-шаралар, қан қысымын, холестерин мен глюкоза деңгейін өлшеуге арналған «Салауатты сандарға қол жеткіз» ұранымен медициналық ұйымдарда ашық есік күндері өтуде.

 

Бақберді КЕЗЕМБАЕВ,

облыстық қан орталығының ардагер дәрігері, «Денсаулық сақтау

саласы» ісінің үздігі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support