- Advertisement -

Кенеден келер қауіп көп

215

- Advertisement -

Жер мен көк бусанып, күн жылынған тұста асқына түсетін аурудың бірі – Конго-Қырым қанды безгегі. Бұл – аса қауіпті жұқпалы дерт. Ауру көктем-жаз мезгілінде басталады. Оны жұқтырғандар медициналық көмекке уақтылы жүгінбесе, науқас өліп кетуі мүмкін.

Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова айтып берді.

– Бұл аурудың негізгі таратушысы иксод кенелері. Кене шаққанда немесе малды күтіп-бағу барысында кенені жаншығанда, сондай-ақ, осы аурумен ауырған науқастың дене сұйықтықтарынан жұғуы мүмкін. Облыс аумағында оның табиғи ошағы Мойынқұм, Талас, Сарысу, Жамбыл, Байзақ және Шу аудандары аумағының 33 елді мекенінде бар. Жыл сайын аймағымызда бір-бірімен байланысы жоқ бірлі-жарым жағдайлары тіркеледі. Былтыр 2 жағдай тіркелді. Биыл әзірге індет тіркелген жоқ. Облыс әкімдігімен кешенді жоспар бекітіліп, кенеге қарсы күзгі іс-шаралар кестесі келісілді. Тұрғындар арасында індеттің алдын алу және эпидемиологиялық маусымды болжау мақсатында биыл наурыз айынан бастап санитариялық- эпидемиологиялық қызмет мамандары құзырлы мекеме мамандарымен бірлесіп, көктемгі дала барлау жұмыстарын жүргізуде, – деді Неили Муликова.

Бүгінде облыс бойынша 13 мыңнан астам дана кене жиналып, оның 7 мың данасы аса қауіпті инфекциялар зертханасында зерттеліп, 24 сынамасында індет қоздырғышы анықталған. Аса қауіпті індеттері тіркелген жағдайда, ауруларды уақтылы оқшаулау және емдеу үшін медициналық ұйымдары дайын. Жұқпалы ауруханаларда карантиндік төсектер ашылып, дәрілік, вирусқа қарсы, дезинфекциялық препараттары мен қан алмастырғыштардың қажетті резервтік қоры жасақталып отыр. Медициналық қызметкерлер арасында кеңес-көмек көрсетіліп, семинар, нұсқаулықтар және жаттығу сабақтары жүргізіліп тұрады.

Маман кеңесіне жүгінсек, табиғатқа шыққанда, ұзын жеңді, шұлықтың ішіне салатындай балақты шалбармен ашық түсті киім киген жөн. Қосымша жәндіктерді үркітетін препараттар (аэрозоль, репелленттер) қолдануға болады. Мал бағу және қырқын жүргізетін орынды, онымен қоса малды алдын ала кенеге қарсы дәрі-дәрмектермен залалсыздандыру қажет.

– Малды кенеден тазартқанда және малдың жүнін қырыққанда қосымша қолғап киіп, беттің ашық жерлерін бетпердемен жауып, қорғаныс көзілдірік таққан жөн. Егер осындай дерттегі науқаспен байланыста болсаңыз, терінің ашық жеріне кене жабысқанын байқасаңыз, әсіресе шырышты қабыққа кененің қаны жағылған болса, тез арада медициналық мекемеге көмекке жүгіну керек. Теріге жабысқан кенені лажы болса тез арада алған дұрыс. Теріге жақынырақ қысқышпен қысып, кенені езіп жібермеу үшін қатты қыспай, жаймен, жұлқыламай тарту қажет. Кене жабысқан орынды спиртпен сүрткен жөн, – деді Неили Орынбасарқызы.

 

Құралай Сейсенбекқызы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support