- Advertisement -

«Нарша ақынның жаны нәзік болатын»

257

- Advertisement -

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері: «Нарша ақынның жаны нәзік болатын»

– Бүгін ақын Нарша Қашағанұлының туған күні. Сіз ол кісіні қай уақыттан бері білетін едіңіз?

– Бала күніміз. Нарша Талас ауданының Ойық ауылында тұрды да, біз Саду Шәкіров (бұрынғы Жданов) ауылында едік. Ойықта Айсана апам тұратын. Сол үйге барғанда Нарша Қашағанұлын алғаш көрдім. Менің ағам Мәденәлімен бірге ауыл жастарына қосылып, волейбол ойнап жататын. Айсана апамызға да сәлем беріп жүретін. Ол кезде үйдің қабырғасын оюлап сәндеуші еді. Сол үрдіспен үйдің бір қабырғасына сызба үлгісін жасап, оюлап кеткенмін. Бірде Нарша: «Мынау оюды кім жасады?» деп Айсана апамнан сұрапты. «Көрші ауылдағы Көсемәлі баламыз» деген екен, «Қолының икемі, ебі бар бала екен» деп менің атыма жылы лебіз айтыпты.

1979 жылы аудандық «Талас тынысы» (ол кезде «Ленин жолы») газетіне ауылшаруашылық бөлімінің тілшісі болып қабылдандым. Сол уақытта Нарша Қашағанұлы да Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінен «Талас тынысына» ауысып келіп жатыр екен. Жолымыз тағы да түйісті. Журналист Дүйсенбек Айбеков ағай Ақкөлде пәтер жалдап тұрады екен, Нарша екеумізді үйіне ерулікке шақырды. Мен көбіне үнсіз отырдым. Нәкең көсіліп, шабыттанып сөйлеп отырды. Менен сегіз жас үлкендігі бар. Әлгі үйден қайтқан кезімізде «Інім, аз сөйлеп, көп тыңдайды екенсің. Қалам тартамын, журналист боламын деген азаматқа бұл керек қасиет» деді. Сол жылы облыстық «Еңбек туы» газетіне (қазіргі «Aq jol») бір өлеңім жарияланыпты. Оны өзім білмеймін. Нәкең бір күні: «Інім, жасырып өлең жазатының да бар екен. Жаза бер. Мен де кейбір өзіме ұнайтын өлеңдерімді саған берейін. Көмегім болсын» деді. Мен «Аға, олай дұрыс емес қой. Ниетіңізге рақмет» деп бас тарттым. Нәкең мені қанаттансын деп айтқан болуы керек. Кейіннен «Сені сынайын деп едім. Бұл сыннан да сүрінбей өттің» деді. Біз осылай жақсы таныс болған едік.

– Ол кісі кітапты көп жинаған дейді. Ол жағынан хабарыңыз бар ма?

– Әрине. Арасында әскерге барып келіп, 1981 жылы аудандық газеттегі тілшілік қызметімді жалғастырдым. Нарша ағай – мәдениет бөлімінің меңгерушісі. Мен ауыл шаруашылығы бөлімінің қарбалас мақалаларынан бөлек, әңгіме, очерк, суреттемелер жазамын. Оны Нәкең тексеріп, кейбір әңгімелерімді түзеп, әрлеп отыратын. Ол кісі кітап жинаумен айналысты. Жексенбі күні Таразға тартып кетіп, небір әлем әдебиетінің жауһарларын сатып алып келетін. Орыс, әлем әдебиеттерінің небір классиктерінің шығармаларын, әлемдік балалар әдебиетінің үздік үлгілерін жинайтын. Классиктердің он томдық кітаптарын сол кісінің кітап сөресінен көрдім.

1986 жылы облыстық «Еңбек туы» газетіне (қазіргі «Aq jol») тілші болып ауыстым. Осы газетте еңбек ететін Жақсылық Сәтібеков ағамыз сенбі, жексенбі күндері жұмысқа келіп жұмыс істейді екен. Сол әдетпен мен де демалыс күндері редакцияда отырып әңгіме жазатын болдым. Менің «Елгезек бағдаршам, ток-қуат және басқалар» атты повесім республикалық «Жалын» баспасының бәйгесінде екінші орын алды. Сол кезде де Нарша ағай мені құттықтап, ерекше қуанды. Өзгенің табысына шынайы қуана білу де үлкен ізгі қасиет болса керек.

– Елде жүрген Нарша ақын лайықты бағаланды деп ойлайсыз ба?

– Бұл ойландыратын сұрақ. Республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып жүрген кезім. Серік Үмбетов облысқа жаңадан әкім болып келген еді, Наршаны өзіне шақыртып, қабылдады. Біз дәлізде алаңдап, Нәкеңді күтіп тұрмыз. Нәкең қабылдаудан жаны жадырап, өте көңілді шықты. «Бұл кісі алды кең, байсалды, терең азамат екен» деп облыс басшысына ризашылығын білдірді. Сөйтсек, Серік Үмбетов Таластың еркесі Нарша ақынның 50 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуді назарға алатынын айтыпты. Ұзамай Талас ауданының сол кездегі әкімі Батырбек Құлекеевтің ұйымдастыруымен Нарша Қашағанұлының 50 жылдығы жоғары деңгейде тойланды. Аудандық газеттің бір нөмірі тұтас Наршаға арналып, ақынның астына темір тұлпар мінгізді. Сонда Нарша қуанып, қанаттанды. Еңсесі көтеріліп, жадырап жүрді. Сол жылдары «Хат жазып тұр», сәл беріректе «Рахмет, саған туған ел!» деген өлеңдер жазып, оған Әуезхан Салабеков ән жазды. Бұл әндер елімізге, тіпті Мәскеу қазақтарына, қырғыз, өзбек, беларус елдеріне де кең тарап кетті. Сонда Нарша Қашағанұлы ерекше қуанып, шабыттанды.

Ол Дінмұхамед Қонаевты ерекше қастерледі. Ол кезде жұрт Қонаевтан іргесін аулақ салған. Біртуар тұлғаның туған және қайтқан күндерінде Тараздағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға да аз ғана адам баратын. Осындай кездер болды ғой. Сол кездің өзінде де Нарша ақын Қонаевқа арнап керемет цикл өлеңдер жазды. Талас ауданының орталығы Ақкөлден Қаратау қаласына көшкенде, Ақкөл қаңырап қалды. Сонда Нарша ақын Ақкөлдің қаңырап қалған ауыр жағдайын бірнеше өлеңмен өрнектеді. Ақкөлдің ащы тағдыры ақын Наршаның жанына батты. Қаратауға да зиялы қауымның ең соңынан көшті. Мен білетін Нарша осындай еді.

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support