Студенттермен рухани әңгіме

Студенттермен рухани әңгіме
ашық дереккөз
Шығармашылық адамына жастармен кездесіп, емен жарқын сырласқанның өзі шабыт береді. Қаламгерлерден ел болашағы студенттердің де алары мол. Мұндай іс-шара М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, доцент Мария Мінайдарова мен оқытушы Равиль Жұмағалиевтің ұйымдастыруымен аталған университеттің «Баласағұн» орталығында өтті. Іс- шараның қонағы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахмет.

Баймаханбет Ахмет жайлы «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бірінші курста оқып жүрген студенттер бейнеролик жасады. Әсіресе, жастардың «Әжемнің сыйы» аталатын әңгімесінің желісімен театрландырылған көрініс қоюы әсерлі шықты. Сондай-ақ, олар кеш қонағының бірқатар өлеңдерін жатқа айтып, «Бәсіре», «Орман оқиғасы» әңгімелерін оқыды. «Бәрі де балдай тәтті, таңдай тұнық, судай мөлдір балалық шақтың әсерлері екені көрініп тұр», дейді ақын. Өз кезегінде Баймаханбет Ахмет өзінің шығармашылық жолы жөнінде әңгімелеп, соңғы жылдары жарық көрген «Тайталас», «Жадымдағы жаңғырықтар», «Көкөзек шақ» романдарының жазылуы жайымен де жан- жақты таныстырып өтті. Одан әрі студенттер тарапынан қойылған әр алуан сұрақтарға жауап беруі де қызықты сәт ретінде есте қалды. Кеш иесі туралы ақынның рухани інісі, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы да жақсы пікір айтты. Әдеби кеш мың бұрала билеген ару қыздардың биімен әдіптеліп отырды. Осылайша, көңілден шыққан кездесу кеш қонағына да, студенттерге де керемет әсер сыйлады.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар