- Advertisement -

«Өлеңдерім – халқыма жазған хаттарым…»

181

- Advertisement -

Қазақ өлеңінде мықты ақындар көп. Алайда, әрқайсысының өз орны бар. Өз көркемдік әлемі, халқына аманаттаған мұңы менен сыры бар. Сондықтан олар дара. Бір-бірімен үндесіп жатуы мүмкін, бірақ қайталамайды. Жеке үн, жеке өрнек.

Нарша ақын да – сондай мықты ақынның бірі. Мықты ақын дегенді қалай түсінеміз? Ол, ең алдымен, тума дарындылық. Екіншіден, поэзияға адалдық. Шын ақын өзіне дейінгі мықтылардың алдында кішілік мінез танытады, өлеңді кие тұтады. Астамсу, өрекпу қанында жоқ.

Жанымды жеп жазсам дағы жыр қандай,
Көңіл толмай, тұрады айыз бір қанбай.
Сөз өнері дерт екенін ескертіп,
«Абайла» деп Абай бабам тұрғандай.
Көп ойларды босатып бір көгеннен,
Адамдарға сырымды айтсам деп ем мен.
«Байқа, бала» деп тұрғандай болады
Мұқағали төніп келіп төбемнен.
Төлегеннің тектілігін түсініп,
Жұмекен мен Жұматайдан қысылып,
Отырамын қара өлеңнің қадірін
Қайтсем, шіркін, алмаймын деп түсіріп, –

дейді Нарша ақын. Міне, өлшем. Олардан төмен жазса, олар ұстанған өлеңге адалдықтан бір мысқал кем түссе, Нарша – Нарша ақын бола ма?!

Мықты ақынның тағы бір өлшемі – адамдық биіктік. Мына күрделі, қитұрқысы басым өмірде пенделік, әлсіздік танытуы мүмкін, бірақ адамдық қасиетін таза ұстайды. Ешкімнің алдында жалтақтап, жағымпаздануды білмейді. Қолы жетпес байлықты да іздемейді. Тіпті қажет болса, кіріптарлыққа душар етер қызметтен де бас тартуға даяр. Оның есесіне ел-жұртының ортасында емен-жарқын жүргенді, әзіл-қалжыңын, тапқыр сөзін айтып ағайын-туысты қуанышқа, күлкіге бөлегенді жаны сүйеді. Сондықтан да Нарша ақын кісілікті, адамдықты, адамдар арасында бауырмашылдықты, жақсылықты бар ынтасымен жырлайды. Бір жақсысы – ақынның бұл өлеңдерінен жасандылық, ділмарсу байқалмайды. Өлеңдері ақынның бекзат болмысынан хабар беріп тұрады.

Болса егер ізгі мақсат ойда анық,
Тұрса егер нұрлы сезім бойды алып,
Адамды сүй, адамды сыйла алдымен,
Басқаның бәрі, басқаның бәрі – майдалық, –

дейді ақын. Нарша ақын поэзиясының түп қазық идеясы осы ғаламат ойдан – адамды сүю, қадір тұтудан бастау алып жатады. Оның «Өмір осы», «Жігіттер, сүйіңдер қыздарды», «Дос керек екен», «Жақсылық», «Хат жазып тұр» тағы басқа туындыларында адамдар арасындағы ізгілік сезім, бірін-бірі іздеу, сағыну арқау болады. Ақынның адамдарды сүйіп, қадірлеуі ұлттың ұлы тұлғаларына арналған өлеңдерінен көрінеді. Мұнда да ақын ешкімді қайталамайды, жан-жүрегінің құрметін Нарша ақынға тән нақышпен көркем өрнектейді.

Тайғақ кешсе, тайдырмаған тағасын,
Жағаласса, жыртқызбаған жағасын,
Бүгінгінің Бауыржаны Шерағаң,
Жоқтатпаған атышулы ағасын, –

дейді қайраткер жазушы Шерхан Мұртаза туралы. Өзіндік таным, өзіндік бағалау! Бұл ғана емес, осы төрт жол шумақта Шерағаңның бүкіл портреті, қайраткерлік жолы мен кейінгі ұрпаққа өнегесі сыйып кеткендей көрінеді. Бөлтірік шешен туралы өлеңінде:

Аттың жалын қылышымен тараған,
Қайран бабам хан боп туған қарадан! –

деп әйгілі бабаның толайым бейнесін екі ауыз өлеңмен өте дәл және тапқыр жеткізеді. Оның «Есей би», «Саңырық батыр», «Ұлы қазақ», «Бауыржан батыр», «Ескерткіш» өлеңдері ел басына күн туғанда, жеріне қалқан болған батырларға, ерен тұлғаларға арналса, өз заманының да ары таза, адамдығы биік, еліне еңбегін сіңіріп, сүйіспеншілігіне бөленген жандарын жырға қосады.

Мұндай туындылардың қатарында Еңбек Ері Қатпа Егембердіұлына арнаған «Жүрегінде жұртының», Берден Байқошқаровқа арналған «Биіктік», Тамабек Қартабайұлына арналған «Бақидан тап бақытты», Әбдуан Момбековке арнаған «Асылдардың аяғы», Айтбай Назарбековке арнаған «Кең адымдап келесіз» өлеңдерін атап өтуге болады. Бұл азаматтардың қай-қайсысы да елін, туған жерін көркейтуге аянбай тер төккен тұлғалар. Солардың бойындағы асыл қасиеттерді бүгінгі ұрпаққа үлгі етеді. Осы туындылардың қатарында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арнаған «Ұлы қазақ» өлеңдер циклінің орны бөлек. Ұлы тұлғаның бойындағы дара қасиетті тани білудің өзі – тектілік, ұлы адамды сүюдің, құрметтеудің жарқын үлгісі.

Өмірдің небір асыр-тасыр аламан кезеңінде пенделікке бой ұрмай, адамдықты, ұлылықты сақтап қалудың мықты үлгісі болған осындай тұлғаларды жан дүниесінде жаңғыртып, пір тұтып, Нарша ақын да өзінің кісілік қасиетіне қылаудай дақ түсірмеген тәрізді. Өлеңде нар тұлғаның портреті мен даналық келбеті, ақынның сезім-сүйіспеншілігі мен халқына бағытталған даты, дүниенің жалғандығы мен өмірдің мәні көркем бейнеленген.

Кесек тұлға, кең пішілген нар мүсін,
Аппақ басы секілді бір қарлы шың, –

дейді ақын сөзбен сурет түйіп. Кешегі бір күндері алып тұлғаның басына бұлт үйіріліп, небір жалалы жан күйдіретін сөздердің айтылып жатқанына күйінеді.

…Кімге кінә тағайын,
Кімге мұңым шағайын?
Күншілдіктен ауызың
Күймей қойды, ағайын.
…Көбейіп көбік сөзіміз,
Колбиннің жүрдік артында.
Төмендедік өзіміз,
Қалды ол биік қалпында.
…Жүргенімен басып паң,
Тірінің бәрі текті емес.
Жақсыларын жасытқан
Ел ешқашан көктемес, –

дейді ақын сонау аласапыран кезді еске алып. Жаратқан Ие, сонау 1937-1938-дің зұлматынан сақтасын, егерде сол кезең қайталана қалса, күншілдікке ерік берген қазақтың кей адамдарының бірін-бірі аямасына тағы да көз жеткізгендейсің-ау. Жаппай науқаншылдыққа дүр етіп көтерілетініміз қалай? Тым белсенді болып, алды-артымызға қарамай ұрандайтынымыз, өрекпитініміз қалай? Осы өлеңінде Нарша ақын бірнеше рет Қонаев есіміне қатысты «көсем» деген сөзді қолданады.

Кешегі кеңестік кезеңде «көсем» деген сөз қолданылмайтын. Ол тек бір-ақ адамға қатысты айтылатын. «Күн көсем» – тек Ленин болатын. Нарша ақын сол стереотип ойды ысырып тастап, қазақтың нар тұлғасын көсем дейді. Кейін Рафаэль Ниязбектің «Көсем» романы жазылды.

…Бәйтерегі тарихтың бүгін құлады –
Дүниеден өтті ұлы Димекең! –

деп күйінеді ақын. Шын қайғыра білу де – үлкен жүректіліктің белгісі.

…Дүниеден Димекең де өткен соң,
Жалған демей бұл жалғанды, не дерсің?!
…Ай маңдайлы ағасына Алаштың,
Айтыңдаршы, сексен деген жас па екен?!

Өлең жолдарындағы көл болып төгілген осы қайғы-шерде бір мысқал жалғандықтың ізі бар ма?! Бір мысқал жалғандықтың ізі болса, мен оны «ұлы актер» дер едім. Жалғандықтың ізі жоқ, сондықтан да ол жүрегі таза, шын асылды қадір тұтқан арлы ақын! «Адамды сүй, адамды сыйла алдымен, Басқаның бәрі, басқаның бәрі – майдалық», – деген ақын ұлы ұстанымының Хақ алдындағы көрінісі.

…Дінмұхамед – Қонаевтың жай аты,
Шын аты оның – Тектілік пен Тазалық!
…Қонаевтың қарызы жоқ қазаққа,
Халық қайта ол кісіге қарыздар, дейді ақын.

Жақсы ақын туралы айтылар сөз көп. Өлеңінің әр жолы, шумағы сұранып тұрады. Айтпай кетсең, қиянат тәрізді. Айта берсең, өлең кітабын қайта көшіріп шыққандай боласың. Ақынның туған жер, дарқан көңіл адамдары туралы өлеңдері өз алдына бір төбе. Оның «Көшіп жатыр Ақкөлден» өлеңі – заман элегиясы.

Талас суына арналған «Жылап ағасың…» өлеңі – көңілінің шері. Ақындық туралы өлеңдері мен көңіл-күй лирикалары – сазды жырлар. Мықты ақындықтың бір белгісі – шынайылық. Жылтыр сөз, әдемі ұйқас өлең болмайды. Өлеңнің тіні – сезім, сезімнің шынайылығы. Көп ақындардың өлеңдерінде сезім шынайылығы, парасат, дүниетаным тереңдігі жетіспей жатады. Ал Нарша ақында соның бәрі бар. Ауылда тұрып өлең жазу – трагедия емес. Қайта күшті тегеурін, қуат. Шәмшінің атақты әндері қалада емес, қазақтың кең жазира даласында, өзен-суының жағасында, тау-қыратының бөктерінде туған. Нарша ақынның қуаты да сонда – туған жерінен нәр алуында.

Болмасам да бірі ақынның ең ірі,
Білмесе де байтақ қазақ өңірі,
Құдай маған мұнша сезім берген соң,
Өлең, сені қоя алмаспын өмірі.

Бұл – Нарша ақынның шындығы еді. Өзіне дейінгі ірі ақындардың алдындағы кішіпейілдігі мен кеңдігі, адамдығы болатын. Өзі де сұлу сазды қазақ өлеңінің ірі ақындарының біріне айналды. Бүгінде оның іздеушілері жоқ емес. Туған жерінің өлең сүйер әр қауымы оның талантының алдында басын иеді. Әдебиет жанашыры Ерман Әбдиев ақын өлеңдерін баспадан шығарамын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүр.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, талантты жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы дүркін-дүркін ойлы мақалаларын жазып, ақын ағасын еске алады. Сазгер Әуезхан Салабеков ақын өлеңдеріне ән жазып, дүйім елмен қауыштырып жүр. Нарша ақынның екінші өмірі туған елі, жұрты, халқы барда толастамайды.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support