- Advertisement -

Жазатайым оқиғаның бастауы – жауапсыздық

121

- Advertisement -

Табиғат апатынан, жол-көлік оқиғасынан, басқа да түрлі жағдайда адам өмірі қиылады немесе мертігіп жатады. Тіпті жұмыс орындарында да оқыс оқиғалардан кісі өліміне, жарақат алуына соқтыратын оқиғалар да кездеседі. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын 2,3 миллионға жуық адам өндіріске байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан қаза табатын көрінеді. Жыл сайын 340 миллион өндірістік жарақат алу оқиғасы және 160 миллион кәсіптік аурулар тіркеледі. Ал Қазақстанда кәсіпорындарда жыл сайын орта есеппен 1 300- ге жуық жұмыскер зардап шегеді, оның ішінде 200-ге жуық адам қаза табады екен. Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы Жарылқасын Айтақовпен сұхбатымыз өткен жылы орын алған оқыс оқиғалардың салдары мен себебіне, еңбек қауіпсіздігін сақтауда қолға алынып жатқан шаралар туралы болады.

– Жарылқасын Әбдіғапарұлы, ертеңгілік немесе кешкі ауысымға үйінен жұмысқа шығып, еңбек орнында мертігіп немесе қайғылы қазаға ұшырап жататын жұмыскерлердің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмас. Еңбек ұжымдарында осының алдын алуға болмас па?

– Сұрақты орынды қойдыңыз. Жұмыс берушілердің немқұрайдылығы мен қызметкерлердің қауіпсіздік шараларын сақтамауынан айдың-күннің аманында адамдардың жарық дүниемен қоштасуы немесе денсаулығының бұзылуы, кемтар болып қалуы кім-кімді де ойландыруы тиіс. Қоғам негізінен көптеген адам өліміне соқтыратын жойқын апаттарға баса назар аударады да көбіне өндірісте орын алып жататын бірді-екілі жұмысшылардың қайғылы қазасын елемей жатады. «Тас түскен жеріне ауыр» деген бар. Жұмыс барысында қайтыс болған кісінің отбасына жұмыс беруші тарапынан көрсетілетін материалдық көмек ешкімге жар, әке немесе бала болмайды.

Облыс бойынша өткен жылы өндірісте зардап шеккендердің саны 2021 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 14 пайызға төмендеп, 6 адамды құрады. Қаза тапқандардың саны өткен жылы 4 адамға азайғанымен, жекелеген кәсіпорындарда еңбек қызметіне байланысты өндірісте жапа шеккендердің саны әлі де жоғары. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 10 адам, «Жамбыл электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 3 адам, «АгроКалибрСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 2 адам. Экономика салалары бойынша жарақаттанушылықтың жоғары деңгейі бұрынғыша тау-кен- металлургиялық, энергетика және химия өнеркәсібі салалары кәсіпорындарында сақталып отыр.

2022 жылы облыс ұйымдарында қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты болған 36 жазатайым оқиғадан 46 адам жарақат алып, 13 адам қайтыс болған. 2021 жылы 42 жазатайым оқиға орын алып, 64 адам жарақаттанып, 13 адам қайтыс болған еді. Оның ішінде, 7 топтық жазатайым оқиға орын алып, 17 адам зардап шексе, бұрнағы жылы топтық жазатайым оқиға 10 рет қайталанып, 31 адам зардап шеккен. Осы орын алған барлық жазатайым оқиғаларға арнайы тергеп-тексеру комиссиялары құрылып, толыққанды зерделеу жұмыстары жүргізілді.

– Жазатайым оқиғалар қалай орын алған, комиссия жұмысының қорытындысы қандай?

– Жүргізілген талдауға сәйкес өндірістік жазатайым оқиғалардың орын алу себебі жұмыскердің еңбек қауіпсіздігін сақтамауын ан, жұмыс берушімен жұмыс жағдайын қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруынан және жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алған. Сондай-ақ «Запчасть» акционерлік қоғамында өлімге әкеп соққан жазатайым оқиғалар жиілеп кеткен. Атап айтар болсақ, былтыр 9 қазанда болатты құю кезінде болат шөміштен ыстық болат шашырап, нәтижесінде жұмысшылар денесін күйік шалған топтық жазатайым оқиға орын алып, үш жұмыскер зардап шегіп, бір адам өлімі орын алды.

Сонымен қатар жазатайым оқиға орын алған үш жұмыскердің бір жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында еңбек қатынастары реттелмеген азаматтық құқық негізінде жұмыс атқарғандықтан бұл жұмысшыға қатысты еңбек шарты жасалмағандықтан тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілмеді.

Былтыр 10 желтоқсанда электр пешінде металды балқыту кезінде жұмысшы пешке тиелген металды ілмекпен бекітуді ұйғарады. Алайда металға ілінген ілмек жұмысшыға соғылып, нәтижесінде ол пешке түсіп кетіп, денесі толығымен жанып кетті. Жұмысшы азаматтық-құқықтық негізде жұмыс атқарған. Бұл жағдайда да жұмысшыға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілмеді, оның да себебі еңбек шартына келіп тіреледі. Осы жерде бір айта кететін жайт, азаматтық құқық негізде жұмыс атқаратын жұмысшылардың құқықтары қорғалмауда. Жұмысшының құқықтары қорғалу үшін еңбек шарты жасалуы қажет.

– Еңбек қауіпсіздігін сақтау талаптары туралы не айтар едіңіз?

– Өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуде «Еңбек кодексінде» қарастырылған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің орны ерекше. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес жұмыс беруші мен жұмыскерлердің еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақат пен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ техникалық еңбек инспекторларының жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғалуына тексеру жүргізуін ұйымдастырады. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің тезірек құрылып, толыққанды жұмыс жасауына айрықша көңіл бөлуі қажет. Мемлекеттік еңбек инспекциясы да кеңестердің барлық ұйымдарда құрылып, тиісті жұмыстарды жүргізуіне барынша көмек беруде. Жаңа «Еңбек кодексінің» қолданысқа енгізілгеніне 7 жылдан аса уақыт өтсе де, 500-ге жуық ұйымдарда ғана еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрған. Сол себепті бұл мәселеге барлық жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің аса жауапкершілікпен қарағаны жөн.

– Өндірісте еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтаумен қатар заманауи техникалармен жұмыс істеуде тосын оқиғалардың, түрлі апаттардың алдын алуға әжептәуір септігін тигізетін шығар?

– Әрине, өндірісте жаңа техника мен алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігі мәселелерін ұйымдастыруды да жоғары деңгейге көтеріп, өндірістік жарақаттың азаюына әкеледі. Оның дәлелі алтын өндіретін «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамының «Ақбақай» жобасында анық көрінеді. Осы компания соңғы жылдары өндіріске жаңа техника мен технология енгізуге үлкен қаражат бөлген. «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамы «Ақбақай» жобасының «Ақбақай» кенішінде «Цифрландырылған кеніш» атты өндірістік процестерді толық цифрлық жүйеге көшіріп, автоматтандыру жобасы іске асырылды. IT нарығындағы жаңа технологияны қолданудағы халықаралық тәжірибені зерделей отырып, дайын өнімнің өзіндік құнын 15 пайызға төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткізуге болатын жобаны іске асыруға 4 миллиард теңге қаражат жұмсаған.

Бүгінгі күнге осы жоба «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамы және басқа да өндіріс орындары үшін өте өзекті және алдыңғы қатарлы жоба болып табылады. Осы жобаның негізінде ISO 9001:2015, ISO 14001:2014, OHSAS 18001:2007 интегралданған жүйелерді, персоналды бағалау, сыйлық беру, персоналды оқыту және ынталандыру жүйелері енгізіліп, басқару мен өркендеудің жаңа жоғарғы сатысына шығуға болатыны дәлелденді.

IT жүйесінің ең алдыңғы қатарлы тәжірибесіне сай өндірістік персонал уақыттың әрбір сәтінде (онлайн режимінде) бақыланып, оларды басқарудың сарапталған және оңтайлы шешімдері қабылдануда. Бұрынғы жылдары «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамының «Ақбақай» жобасы облыстағы өндірістік жарақаттар көп орын алатын кәсіпорын болып саналып келді. Мысалы, мұнда 2018 жылы 8 адам жапа шегіп, оның біреуі қазаға ұшыраған. Ал 2019 жылы 2 адам жапа шегіп, оның біреуі қаза тапқан. 2020 жылы 4 адам жапа шеккен, адам өлімі орын алған жоқ. 2021 жылы өндірістік жарақаттың салдарынан 4 адам жапа шеккенімен, кісі өліміне соқтыратын қайғылы оқиға орын алмады.

– Бұл жөн екен. «Қазфосфат» сынды аса іргелі өндіріс орнында және басқа да кәсіпорындардағы жағдай қалай?

–«Қазфосфаттың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қаратау» тау- кен өңдеу кешені филиалында былтыр үш топтық жазатайым оқиға орын алып, 8 адам зардап шегіп, оның үшеуі қайғылы қазаға ұшырады. Осы кешеннің Орталық байыту фабрикасының екі жұмыскері қауіпті кеңістікте жұмыс атқару үстінде іске қосылып кеткен ұсақтағыштың ішінде қалып қойып, қаза тапты. Осындай өрескел қателіктің салдарынан екі отбасы асыраушысынан айырылды.

«Жамбыл электр жүйелерінде» былтыр үш жазатайым оқиға орын алып, үш адам жапа шекті, біреуі қаза тапты. Серіктестік электромонтері наряд бойынша жұмысты аяқтап, бригада кетіп бара жатқанда жұмыс орнына қайта барып, сол жерде электр тогының әсерінен қазаға ұшыраса, екіншісінің денесінің 70 пайызын күйік шалды. Жауапты қызметкерлер тарапынан бақылау жеткіліксіз екеніне және жұмыскерлердің тарапынан еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтауға деген жауапкершілік серіктестік бойынша төмен деп айтуға негіз бар.

Жалпы, 2022 жылы жазатайым оқиғалардың түрлеріне қарасақ, 4 адам биіктіктен құлап, 4 адам қозғалыстағы немесе айналып тұрған заттың, бөлшектің әсерінен, 9 адам жол-көлік оқиғасынан, 10 адам бөлшектер мен заттардың, жүктердің опырылуынан, құлауынан, 3 адам электр тогының әсерінен және 6 адам жазатайым оқиғалардың басқа да түрлерінен жапа шеккен. Жазатайым оқиғаға ең көп себеп – жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы және жапа шеккен жұмыскерлер тарапынан жіберілген өрескел абайсыздық болып отыр.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге Халықаралық әлеуметтік қауіпсіздік қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» немесе «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын енгізу үлкен рөл атқарып, жарақаттану деңгейін анағұрлым төмендетеді.

Бүгінгі таңда «Vizion Zero» тұжырымдамасына облыстың 16 кәсіпорны қосылды, олардың көпшілігі тау-кен және химия секторларына, атап айтқанда, «Казфосфат» ЖШС «Шолақтау» ТКӨК филиалы, «Алтыналмас АК» АҚ-ның «Ақбақай» жобасы, «Казфосфат» ЖШС Жамбылфилиалы (ЖЖФЗ), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындар жатады. Көп жағдайларды жұмыскерлер, жұмыс берушілер жазатайым оқиға болған кезде не істеу керек екенін, қандай шаралар қолдануды білмей жатады. Бұл әсіресе, шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерде жиі кездеседі. Осыған байланысты еңбек қорғау қызметін енгізу барлық өндірістік ұйымдарға міндеттелгені дұрыс деп санаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support