- Advertisement -

Өнерлі мен таланттардың өлкесі, Құланның мақтан тұтар көркі осы!

168

- Advertisement -

Тұлғалар мен тұлпарлар туған аймақ

Тарихы терең Тұрар Рысқұлов ауданы 1938 жылы Луговой атымен құрылған болатын. Кейін 1999 жылы ұлы тұлғаның атын иеленіп, қайта түледі. Ертедегі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Құлан қаласы ретінде де көпке белгілі ауданды 1960 жылы Абсент тұлпары XVII Рим олимпиадалық ойындарында бас жүлдені олжалап, күллі әлемге танытты. Ал өнер, спорт саласындағы тарланбоздары бәсекелі додаларда елдің абыройын арттырып, ауданның атағын аспандатып жүр.

Талай тұлғалар мен тұлпарларды тудырған ауданның өнерпаздары бүгінде халықтың мәдениетін өркендетуде аянбай еңбек етіп келеді. Аудан халқының мәдени, рухани талап-тілегін қанағаттандыру жолында бір-бірден аудандық мәдениет үйі, кинотеатр, өлкетану мұражайы, жылжымалы автоклуб, 5 халықтық атағы бар өнер ұжымы, 7 ауылдық мәдениет үйі, 13 ауылдық клуб халыққа қызмет көрсетеді. Мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыратын 4 мәдени орталық, 76 үйірме және 34 балалар үйірмесі бар. Сонымен қатар өткен жылы ауылдық елді мекендердегі мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарға балаларға арналған қосымша 10 музыкалық жетекші штаты беріліп, қазіргі таңда 8 үйірме жетекшісі жұмысын бастаған. Нәтижесінде 16 үйірмеге 250 бала қамтылған.

– Биыл ауданымыздың 8 5 жылдығына орай Мэлс Өзбековтің «Келші, Құланға» атты VIІ облыстық әншілер конкурсын өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Құлан дауысы – 2023» өнер байқауы, «Киелі менің – Құланым» атты облыстық ақындар айтысы, «COVER SHOW», «Екі жұлдыз» байқаулары және ауданнан шыққан өнер жұлдыздарының «Туған жер – тұғырың» атты мерекелік гала концертін ұйымдастыру да жо спарда бар. Сонымен қатар «Туған жерім – дархан далам» атты ауылдық округтердің аламан додасы ұйымдастырылатын болады. Осы жобаның нәтижесінде үздік танылғандарды марапаттайтын бас жүлдеге лайықты бағалы сыйлықтар қарастырылуда.

Биыл ауданның 85 жылдығымен қатар, белгілі тұлғалардың мерейтойларына арналған бірқатар ауқымды жобалар да іске асырылды. Атап айтқанда, «Мағжан Жұмабаев – 130», «Дулат Шалқарбаев – 100», «Шыңғыс Айтматов – 95», «Рафаэль Ниязбеков – 80» атты мерейтойлармен қат ар, Әкім Таразидың туғанына 90 жыл, Мұрат Әуезовке – 80, Пернебай Дүйсенбинге – 80, Алтынбек Қоразбаевтың 75 жасқа толуы аталып өтпекші. Басқар Битанов атындағы халық театры Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» спектаклін дайындауда. Алтынбек Қоразбаевтың 75 жасқа толуына «Ән-жырым саған, туған ел!» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ «Сағындырған әндер- ай» ретро әндерден концерт, «Арт керуен» жобасы аясында «Туған жерім – дархан далам!» ауыл көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы, «Шырқа, даусым!» дәстүрлі ән байқауы мен «Би құдіреті» атты бишілер байқауы, «Туған жердің тауы да ыстық, тасы да ыстық» атты «Сұлутөр» вокалды- аспапты ансамблінің концертін ұйымдастырмақпыз. Ауданның мәдениет саласы қызметкерлері арасында «Рухани қазына – 2023» атты байқау мен аудандық конференция және тағы басқа да мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев.

Халықты қатағы бар өнер ұжымдарының бірі – «Әдемі-ау» ән-би ансамблі бүгінге дейін мың бұралған билерімен талайды тамсандырып, көптеген өнер байқауларынан жүлделі орындарды иеленген. Ансамбль құрамындағы бишілер жас ерекшелігіне қарай үлкен, орта, кіші топқа бөлінген. Жыл сайын аудан тұрғындарына екі рет есепті концерт беріп, одан түскен қаржы бишілердің киімі мен жаңа әндерді өңдеуге жұмсалады.

Аты жұртшылыққа жақсы танымал «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі 1968 жылы құрылып, бүгінде өнер өлкесінде жемісті жұмыс атқарып келеді. Ансамбльге 1972 жылы белгілі композитор Мэлс Өзбеков жетекшілік етіп, қазақтың өнерін көптеген шетелдерде танытқаны белгілі. Ауданда дәл осы «Сұлутөр» атымен вокалды-аспапты ансамблі жұмыс істеп, халық өнерін дамытуда. Өткен жылы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналып өткізілген «Театр – өмір айнасы» атты облыстық халық театрларының фестивалінде «Үздік режиссура» номинациясына ие болған Б.Битанов халық театрының жетістігі бір төбе. Сонымен қатар ауданда 1997 жылдан бері орыс мәдени ұлттық орталығында «Сударушка» ансамблі де қызмет көрсетіп келеді. Жоғары деңгейдегі өнері үшін 2004 жылы ансамбльге «халықтық ансамбль» атағы берілген болатын. Бұл аталған өнер ұжымдары жылда тұрғындар алдында беретін есептік концерттерінде репертуарларын жиі жаңартып, көркемдік деңгейлерін дамытып отыратындарын дәлелдеп жүр.

Бұдан бөлек, бүгінде аудандағы 31 кітапхана тұрғындардың мәдени, рухани, ақпараттық білім алатын орталығына айналған. Он бес ауылдық округтегі кітапханалардың жанынан 15 цифрландырылған ақпараттық және 1 коворкинг орталығы ашылған. Цифрландырылған ақпараттық орталықта аудан тұрғындарына egov. кz порталы арқылы өткен жылы 33 қызмет түрінен 4216 анықтама берілген.

Тоғыз жолдың торабында тұрған ауыл 

Көнекөздердің айтуынша, қазіргі Луговой ауылы бұрын Тарты деп аталған көрінеді. Ілгері заманда бір бай екінші байдың жылқысын барымталап әкетіп отырады екен. Барымташының кім екенін біліп қойып, ашкөздікке бой алдырған екінші біреуі: «Маған бұйырмаса, саған да бұйырмасын» деп, киелі Құлан қаласының маңындағы сазды, ми батпаққа бір үйір жылқыны айдап әкеліп, иірген екен. Осылайша сазды жер бір табын малды өзіне тартып әкетіп, содан осы аймақты ел Тарты деп атап кетіпті. Бертін келе қазақ жеріне қоныстана бастаған орыстар көк шалғынды көріп, тамсанып: «Ой, какие луга!» – деп таңданыс білдіріпті. Содан бастап бұл қоныс Луговая деген жаңа атауға ие болады.

Жайқалған жасыл желекке оранған бұл ауылдың тарихы мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімімен де тығыз байланысты. Өйткені Түркістан – Сібір теміржолы осы жерден бастау алады. 1926 жылдың 25 қарашасында Орталық комитет Жетісу теміржол құрылысын салуды қолға алды. Ал сол жылдың 3 желтоқсанында РСФСР Еңбек және қорғаныс кеңесі Түркістан – Сібір теміржолын жасақтау туралы қаулы қабылдайды. Осы күн біздің мемлекетіміз үшін экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі қабылданған тарихи шешім ретінде есте қалды.

Түркістан–Сібір теміржолының құрылысы екі бағытта жүргізілді. Оның бірі – Семей қаласынан 1927 жылдың 15 шілдесінде басталса, екінші бағыты Луговой стансасынан бастау алған болатын. 1927 жылдың 2 қарашасында болат жолдың бойына бірінші рельс төселді. Осы құрылысқа басшылық қызметке Тұрар Рысқұлов жіберіледі. 1927 жылдың 21 қарашасында болат жолдың бойындағы құрылыстың басталуына байланысты көп адам қатысқан үлкен митингі болған. Оны Т.Рысқұлов ашып, Қазақстан мен Орта Азиядан келген делегаттар пікірлерін айтқан.

Одан кейін төселген рельс бойымен №6394 паровоз болат жол бойына жіберіледі. Бұл халықтың еңбекке деген ықыласын оятты, ел ауыр жұмысқа баруға тілек білдіре бастады. Жұрттың алды болып тізімге Мұстафа Қайыпұлы, Ырысты Шорманов, Қоңқаш Киялбеков,  Дүйсенбай Тоқтыбаев, Сары Ахметов, Қасымбай Нұрақаев, Әлімқұл Итбаев, Базылбек Байқазақов және басқа да жүздеген азаматтар жазылды. Аға шебер Әбдіманап Исаев тізімге жазылған азаматтарға аздаған киім-кешек, құрал- саймандар беріп, техника қауіпсіздігін сақтау жөнінде ақыл-кеңесін айтып, журналға тіркеуге алған. Кей күндері 5-6 шақырым жерге дейін рельс төселіп жатты. Құрылысқа өгіз, ат, түйе жеккен арбалармен қоса мыңдаған адамдар жаңадан келіп қосылып тұрды. Жақсы ұйымдасқан тірліктің және жұмысшылардың ерік- жігерінің нәтижесінде жыл аяғына дейін 190 шақырым жерге рельс төселіп бітті. Осындай жұмыстың қарқынды жүргізілуі нәтижесінде рельс төсеу рәсімі мерзімінен бір жыл бұрын аяқталып, 1930 жылы Айнабұлақ стансасында түйіседі.

Құрылыс аяқталысымен станса арқылы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы жүктерін артқан эшелондар жүре бастайды. Теміржол құрылысымен қатар тұрғындар үй салып, қоныстана бастаған. Алғашқы кезде барақ типтес үйлер салынды. Кейіннен кәдімгідей жеке үйлер бой көтере бастаған соң мектеп, ба лабақша, байланыс бөлімшелері, клуб салынады. Солармен қатар паровоз және вагон деполары, отын қоймасы, т ауарлы қойма мекемелері салынып, жергілікті халық жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Луговойстансасындағы бірінші паровоз машинисі Ырыстиев болды. Осы құрылысқа қатысқан А.Паповтың «Гудок» газетіне берген мақаласында ол о сы бір тарихи сәтті былайша еске алып: «Осы ғасыр құрылысына мен де қатыстым. Сол кезде Луговой стансасының оңтүстік шекарасына жақындау жерде кішілеу он шақты үй бар еді. Ол үйлер жергілікті құрылыс материалынан, яғни балшықтан тұрғызылып, едені жоқ, төбесі қамыспен жабылды. Құрылысқа сырттан қабылданған жұмысшылар, құрылыс басшылары осы үйге орналастырылды. Түнде осы үйлерді жатын орнына пайдаланып, күндіз контор ретінде қолдандық. Үйдің едені болмағандықтан, астымызға қамыс төсеп жаттық. Жұмыс өте ауыр болды. Техника жетіспегендіктен, барлық жұмыс қол күшімен жүргізілді. Жұмыс қаншалықты ауыр болғанымен, жұмыстан ешкім қашпады. Қайта осы қиындықтарды олар топтасып жүріп жеңе білді. Мен осы қазақ халқының төзімділігіне, шыдамдылығына таңғалдым», – депті.

1941-1945 жылдар аралығында болған соғыс ке зінде ауылдың ер азаматтарының көбісі соғысқа аттанды. Ерлермен қоса орта дәрігерлік білімі бар медбикелер мен телеграфист қыздар да әскерге алынды. Ауылда еңбектеген бала мен еңкейген қария ғана қалғандықтан, жұмыстың ауыр бөлігі қыз-келіншектерге жүктелді. Осы кезде әйелдер арасынан бірінші болып Жәбира Жүсіпова паровоз машинисінің міндетін атқарған. Ол 1940 жылын небәрі 18 жаста ғана еді. Теміржолшылар даярлайтын курсты тәмамдап, Қырғызстандағы Бішкек паровоз депосына жіберілген болатын. Соғыс ауыртпалығы Жәбираның сағын сындырған жоқ. Қайта ол шыңдалды, қанатын қатайтты. Сөйте жүріп табанды еңбегінің нәтижесінде елдің құрметіне бөленді. Мақтау мен марапатқа ілігіп, әйел машинистердің арасында тұңғыш рет Ленин орденін кеудесіне тақты. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Қазақстан Компартиясының XIII съезіне делегат болып қатысты. Ешқандай қиындыққа мойымаған Жәбира апай ел құрметіне бөленіп, ерен еңбегі еленді. Қазіргі таңда Луговой ауылының бір көшесі Жәбира Жүсіпованың атымен аталады. Соғыс кезіндегі кішігірім ғана Луговой бекетінің жалпақ жұртқа осылайша үлкен көмегі тиді.

Жылдар жылжып өтіп, теміржол бекеті де, тоғыз жолдың торабына орналасқан елді мекен де танымастай болып өзгерді. Бертін келе станса ел экономикасының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Луговой стансасы арқылы күніне 100-120 маңызды жүктеген пойыздар мен жолаушы пойыздары өтеді. Айту ләзім, болат жол тұтастай электрлендірілген. Пойыздарды қазіргі заманғы қуатты электровоздар сүйрейді. Осы Луговой теміржол бекеті маңында ұзындығы 800 метрге жететін рельстер шығаратын қуатты зауыт жұмыс істеп тұр. Жол околодкалары мен оған техникалық қызмет көрсететін, байланыс қызметін қалыпқа келтіріп отыратын мекемелердің де қуаты арта түсті. Бұрын пойызды бір жолдан екінші жолға жіберу үшін бағыттаушы стрелка қолмен ауыстырылатын болса, кейін ол тетікпен жүргізілетін дәрежеге жетті. Үлкен стансаларда пойыздарды диспетчерлер бақылап, қажеттілігіне қарай арнайы құрал арқылы бағдарлап отырады. Міне, тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылдың кешегісі мен бүгінгісі дәл осындай.

Луговой ауылындағы теміржол вокзалы ғимаратына ілінген тақтайшалардың бірінде «1927 жылдың 2 қарашасында болат жолдың бойына бірінші рельс төселді» делінсе, екіншісінде «Халық комиссариаты төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың сөзінен кейін, 1927 жылдың 21 қарашасында Луговой бекеті арқылы рельс бойымен алғашқы №6394 паровозы жүргізілді», деп жазылған. Бүгінде бұл станса Түрксіб деп аталады. 2020 жылы 23 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Теміржол вокзалы кешенін және кейбір темір жол стансаларын қайта атау және кейбір теміржол стансалары атауларының транскрипциясын өзгерту туралы» қаулысы қабылданып, Түркістан – Сібір теміржол магистралінің 90 жылдығында темір жолдың алғашқы рельсі салынған станса атауы осылай жаңарған болатын.

Ғасырға жуық уақыт бұрын бұл жерде адам аяғы баспаған, көк шалғынды, кең жазық дала ғана бар еді. Ал бүгінде 10 мыңнан аса халыққа құтты мекен болған Луговой ауылы көркімен көз тартады.

Хоббиін кәсіпке айналдырған Азамат

Ертеден-ақ малдың ішіндегі естісі жылқы екенін білген қазақ халқы оны жеті қазынаның біріне балады, «Ат – ер қанаты» деп бағалады. Жылқының өзге төртаяқтылардан ерек қасиетіне қарап «Қазақ – жылқы мінезді» деп батылдығын, тазалығын, тектілігін құрметтеді. Басқа түліктерден болмысы бөлек жылқыны жанына жақын тұтқандардың бірі – Файзулла Ешниязов сол қызығушылығын қазір кәсібіне айналдырып отыр.

Құлан ауылының тұрғыны бала күнінен қызыққан жылқы күтіміне қажеттілерді, ат әбзелдерін сатумен айналысады. Тіпті оның дүкенінен тұлпарды баптап, тілін түсінудің тәсілдерін үйрететін кітапты да табуға болады.

Құлан ауылының орт алық көшесінің бойында орналасқан құрылыс базарының қасындағы «Інжу » дүкенінде сәйгүлікке қатыстының бәрі бар. Тұтынушыларға әлеуметтік желідегі «at_abzelderi_inzhu» парақшасымен таныс сауда нүктесінің логотипі де ерекше. Одан сұлулық та, нәзіктік те, өжеттік те, ерлік те байқалады. Ат әбзелдерін сататын дүкеннің «Інжу» деп аталуының өзі ойландырады. Анығын сұрасақ, Файзулла перзенттік құрметпен дүкенін анасының есімімен солай атапты.

– Бала күнімнен кез келген қазақтың баласы секілді жылқы малына жақын болдым. Тұлпармен шауып, қызықтауды ғана қаламай, оның сұлу бітіміне ер-тұрмандар мен жабуын сәндеп үйлестіруге де қызығатынмын. Сондықтан ат әбзелдерін сайлауды тез меңгердім. Ержете келе тәжірибе жинақтап, осы қызығушылығымды арттырған іспен түбегейлі шұғылдануды қолға алдым. Себебі адам сүйген ісімен айналысса, табысқа жетеді. Аллаға шүкір, кәсібіміз ақырындап жүріп жатыр. Бастапқыда сатылымға тек ер-тұрмандарды қойдым. Ал қазір дүкенімізде жылқыға қатысты біраз кітаптар бар, солардың бірі – Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» атты кітабы. Бұл көмекші құрал көптеген кісілерге жылқы баптау кезінде дұрыс бағдар береді. Сонысымен де құнды, іздеушілер де баршылық. Дүкенімізге барынша жылқыға қатысты заттардың бәрін қоюға тырыстық. Тұтынушылардың таппағанын тапсырыспен әкеліп береміз. Ер- тұрман оның жабдықтары, жүген, таға және жіптің сан түрін таңдап алуға болады. Бәйге мен көкпарға арналған арнайы киімдер де бар. Бас киімнен бастап, аяқ киімге дейін таңдау өз еркіңізде. Тіпті керек десеңіз, көкпар тобының атын да оюлап жазып береміз. Сондай-ақ малдың қоңы мен сұр-сұлбасын келтіретін әртүрлі дәрумендерді де сатылымға қойғанбыз. Көптеген сатып алушылар алғысын айтып жатады. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс берушілер де бар, – дейді кәсіпкер.

Аудан халқының сұранысына қарай керекті тауарларды Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардан әкелумен қатар, дүкенде жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар да сатылады. Тасымалға шығын кетпейтіндіктен ә р і сапасымен ерекшеленетін жергілікті ісмерлердің туындылары халыққа бағасымен де тиімді. Осылайша, ауданның қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету де назарға алынған. Тіпті, кейбір тұтынушылар бұйымның қай шебердің қолынан шыққанын естісе, ойланбастан сатып алатын көрінеді. Сонымен қатар дүкеннен шетелдік өнімдер де табылады. Мысалы, қазір сапасы жоғары, сұранысқа ие польшалық тағалар сатылымда тұр.

Файзулланың өзінде қазір бәйгеде шауып, көкпарға түсетін Жұлдыз атты сәйгүлігі бар. Оны өзі бос болмаған кезде досы Ерболат Досжанов бәйгеге баптайды. Аламан бәйгеге қосу үшін баладай күтіп, уақтылы жаттықтырып тұрады. Жейтін жемі мен ішетін суына да айрықша көңіл бөледі.

Көңілі қалаған ісін табыс көзіне айналдырып отырған іскер жігіттің бүгінде ұлттық ою-өрнекпен нақышталған дәстүрлі бұйымдарды да кеңінен танытуды қолға алып отырғаны қуантады.

Құланым – тарихымның түп-тамыры

Рысқұлов – тұрағы ұлылардың,
Тарихыңды тереңнен ұғынармын.
Тұрар бабам кешегі – ер данасы,
Арқалаған құлатпай жүгін ардың.

Иемденген есімін Тұрарымның,
Қымбат маған әр тасы тұрағымның.
Өзіңде туып-өскен перзентіңмін,
Саған арнап толқыттым жыр ағынын.

Құланым – тарихымның түп-тамыры,
Тағы міне, сәулетің бір жаңғырды.
Түбіне маржан сырлар көмкерілген,
Рысқұлов – тарихтың сыр сандығы.

Шөбі шүйгін, кең жайлау, жері – жәннат,
Жанға шипа, мөп-мөлдір суы – шәрбат.
Ажары көздің жауын аларлықтай,
Көрікті табиғаты, көркі әйбат.

Ақыртас, Қарақыстақ, Мақпал тауы –
Ататын арайланып атқан таңы.
Әр ауылдың өзінше тарихы бар,
Сондай-ақ бар өзінің бөлек заңы.

Мұнда бар төл тарихтың бір сарасы,
Көз тоймас келбетіне бір қарашы?!
Ежелгі замандарда шаһар болған,
Керуен үзілмейтін кең даласы.

Түрксіб – тоғыз жолдың нақ торабы,
Туған жерді жырлағым кеп тұрады.
Абсенті бар әлемді тамсандырған,
Көгершінде қырандар көп қырағы.

Топағашта бар дейді бір қасиет,
Кешегі бабалардан қалды өсиет.
Үш жүздің батырлары басын қосқан,
Бұл өлкеге бар қазақ басын иед(і).

Алаштың ел қорғаған арыстары,
Топағашта жиылып, алыспады,
Бірігіп көтергенде бірлік туын,
Қайырлы істен еш қазақ қалыспады.

Бүгінде сексен беске толған аудан,
Мәртебесі кем емес Алатаудан.
Өзіңдей мекенінің ертеңі үшін,
Тайсалмас перзенттерің ешбір жаудан!

Салтанат РАХМЕТУЛЛАҚЫЗЫ

Қамар ҚАРАСАЕВА

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support