- Advertisement -

Жаңа аудандардың даму жобасы талқыланды

102

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласындағы бірқатар аумақтың егжей-тегжейлі жобалау жоспарына енгізілген кейбір түзетулер талқыланды. Жиында баяндама жасаған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қаладағы үш алқаптың жоба-жоспарына жан-жақты тоқталды.

Жоспарланып отырған жұмыстар бойынша 38,55 гектарға сквер, саябақ пен демалыс аймақтарын салу көзделген. 15-шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы соңғы рет 2019 жылы бекітілген болатын. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасайтын демалыс орындарының аумағы ұлғаюда.

Аталған аумақта көпқабатты тұрғын үйлер саны – 154, жеке тұрғын үйлер – 967 болатын. Оның ішінде 255 жер телімін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша беру қарастырылған.

– Бұған дейін 47 жер телімі пайдалануға берілді, қалған жер телімдерін үй-жай үлгісіндегі таунхаустар құрылысы үшін қарастырып, аукционға шығаруды жоспарлап отырмыз. Жобамен 69 типтік таунхаус қарастырылуда. Әрбір таунхаус 8 пәтерден жоспарлануда. Жалпы алғанда шағын ауданда 4 орта мектеп құрылысы көзделсе, оның 2-еуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сай келеді. 280 орындық 6 балабақша, 750 келушіге арналған 3 емхана, 2 спорт алаңы, оңалту орталығы, мешіт, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, оқушылардың мектептен тыс даму орталығы, көгалдандыру аумағы қарастырылған, – деді Бақытжан Орынбеков.

Расында да 15-шағынауданға бет алғандардың балшыққа белшесінен батып, ми батпақтан көз ашпайтыны жұртшылыққа жаңалық емес. Қуаныштысы сол, жазда шаң жұтып, дымқылда ми батпақты кешетін тұрғындар үшін бұл игілікті іс болғалы отыр. Биыл мұнда 5 көшеге асфальт жабыны төселмек. Наурыз айында 5 арендалық көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар сол аймақтың оқушылары үшін 2 жайлы мектеп салынса, басты байлықты көздеген 760 орындық емхана бой көтермек. Өзге де әлеуметтік нысанның құрылысы қолға алынып, жобаға енген. Бұл жұмыстар биыл басталады деп жоспарлануда. «Тұрғын үй сапасы оның құнына сай болуы маңызды. Нысандардың құрылысына жеке кәсіпкерлерді тарту қажет. Аталған үш аумақта да мәдениет, спорт кешендері мен мектеп, денсаулық сақтау нысандарының қамтылуы баса назарға алынуы тиіс. Біз тұрғындарды баспанамен ғана емес, олардың игілігіне қызмет ететін нысандармен де қамтып, қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасауға тиіспіз. Облысымыздың айнасы саналатын Тараз қаласындағы көптеген қордаланған мәселелерді шешуге күш салу керек. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 7 миллиардқа жуық қаржы қаралуда. Қоғамдық көліктерді жаңарту, ирригациялық және жылу жүйелерін реттеу секілді басқа да маңызды мәселелерге басымдық беріледі», – деді Нұржан Нұржігітов.

Басқосу барысында Асқаров көшесінің соңындағы 312 гектар аумақтың жобасы да талқыланды.

Заман көшінен қалмай, көне шаһарды көркейтіп, күннен күнге дамыту мәселесін талқылаған отырыста Тараз қаласының өзіндік тарихи болмысын да назардан шығармаудың маңыздылығы сөз болды. Сондай-ақ аймақ басшысы аумақтардың барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамтылуына, халыққа қызмет көрсету нысандарының қолжетімділігіне және қауіпсіздік шараларының сақталуы ескерілуі керектігін ескертті.

Алдағы уақытта бұл жобалардың кем-кетіксіз іске асырылуы үшін көтерілген кез келген бастама басшылықтың назарында болады.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support