- Advertisement -

Үздік тәжірибе орталығы

122

- Advertisement -

Бас ауырып, балтыр сыздай қалғанда қала тұрғындары медициналық мекемелерге барып ақ халатты абзал жандардың кеңесіне құлақ түріп, ем-домына жүгінеді. Сондай тән мен жанның амандығына атсалысып, дер кезінде дертке дауа бола білген денсаулық мекемесінің бірі – қалалық 5 емхана. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 5 қалалық емхана 2010 жылдың 15 желтоқсанында пайдалануға берілген. Бүгінгі күні мұнда 632 адам жұмыс істейді. 66300 тұрғынға қызмет көрсетіледі.

Елімізде денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметін реформалау ісі және қағазсыз құжат айналымына көшу жұмысы да жүргізілуде. Емханаға тіркелген халыққа қызмет көрсететін жалпы учаскелер саны 40, жалпы практикалық дәрігерлік (ЖПД) учаскесінде 1644 адам тіркеуде тұр. «Денсаулық» бағдарламасының индикаторын орындау үшін, сондай-ақ учаскелерді комплектациялау және жалпы практикалық дәрігердің жүктемесін азайту мақсатында, бүгінгі күні әрбір учаске 1644 тұрғынға қызмет көрсетуде.

Емханада тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша кеңес беру бөлмесі де ашылған. Сондай-ақ, емханада жүгіртпе жол арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттық-түсіндіру бейнероликтерімен көрсетіледі. Тұрғындар үшін ақпараттық ілмелер мен хабарландырулар және бүктемелер шығарылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы мәлімет емхананың веб-сайтына енгізілген.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, диспансерлік есепте тұрған барлық науқастар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Тегін берілетін дәрі-дәрмектер, дәрілік заттардың дистрибуциясы бойынша бірыңғай жүйе арқылы енгізілген. Емделушілерге тегін дәрілік препараттар ИСЛО бағдарламасы арқылы яғни қағазсыз нұсқа бойынша беріледі. Тегін дәрілік рецептерді қабылдайтын дәріхана емхана аумағында орналасқан, сондықтан тегін рецепт берілген пациенттерге «қазір және осы жерде» қағидаты бойынша қызмет көрсетілуде. Ем алушы дәріханаға келген кезде, оған жазылған дәрілік препарат бағдарлама бойынша көрініп тұрады. 2018 жылдан бастап «ауруды басқару» бағдарламасы енгізілген. Артериялық гипертония, қант диабеті, созылмалы жүрек кемістігі бар науқастар динамикалық тексерулермен тұрақты бақылауда болады.

Емхана заманауи медициналық құрылғылармен және кеңсе техникасымен толық жабдықталған. Емхана бір ауысымда 500 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Бекітілген тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында медбикелерге дәрігердің өкілеттігін беруді жүзеге асыру аясында емханада дербес мейірбикелік қабылдау енгізіліп, жүргізілуде. 55 медбике өз бетінше мейірбикелік тағайындау дағдыларына ие және өз құзыреті мен біліктілігі аясында жоғары сапалы алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

Науқастар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі шеңберінде аурулардың созылмалы түрлеріне арналған дәрі-дәрмектерге тегін рецепттер алу, лабораториялық зерттеулерге жолдама беру, санаториялық-курорттық картаға қол жеткізу үшін медбикеге жүгіне алады. Дербес қабылдау жүргізетін медбикелердің құзырында науқастың медициналық, әлеуметтік және психологиялық мәселелерін диагностикалау және анықтау үшін әлеуметтік-психологиялық кеңес беру, дәрігердің кеңесін қажет етпейтін емделушінің мәселесін шешу, халықты аурудың алдын алу бойынша оқыту, оның ішінде қауіп факторлары бар нысаналы халықты, сондай-ақ жүргізілген профилактикалық (скринингтік) тексерулердің нәтижелері бойынша емделушілерге көмек көрсету және төтенше жағдайларда дәрігерге дейінгі, шұғыл медициналық көмек көрсетеді.

Бүгінде емхананың бас дәрігер болып Динара Сарсенова қызмет етеді. Ол Алматы мемлекеттік медициналық институтын 1996 жылы «Емдеу мамандығы» бойынша бітірген. Институттан кейін Байзақ аудандық ауруханасында интернатурадан өтіп, 1997-2012 жылдары облыстық аурухананың гастроэнтерологиялық бөлімшесінің терапевт дәрігері, статистик-дәрігері, ақпарат және статистика бөлімінің меңгерушісі жұмысын, сондай-ақ бас дәрігердің экономикалық-ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

– Емханада алғашқы медициналық-санитариялық, амбулаториялы-емханалық, дәрігерге дейінгі, мамандандырылған, консультативтік-диагностикалық, стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетіледі және емханаға тіркелген тұрғындарға «тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі» бойынша, сондай-ақ профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтер бойынша қолжетімді, сапалы және қауіпсіз медициналық қызметтер көрсетіледі.Қызмет көрсету аумағында 8 мектеп, 3 колледж, 1 университет орналасқан. Қызметкерлердің жалпы саны 632, оның 150-і ішінде дәрігер, 340 орта буын медицина қызметкерлері, 44 кіші персонал және 98-і басқа мамандар.

Бөлінген бюджеттік қаржы бойынша тегін берілетін дәрілермен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Емханаға тіркелу үшін egov.kz порталына электрондық құжат түрінде азаматтың деректері көрсетіліп тіркелуге болады, – дейді Динара Сарсенова.

Медициналық мекеменің профилактика және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету бөлімінде «Жастар» медициналық орталығы бар. Онда 10-29 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдерге ерекше достық қызметін ұсынады. Орталықтың құрамына психолог, әлеуметтік қызметкер, тіркеуші, гинеколог, уролог, дерматовенеролог, заңгер мамандары енгізілді және олар толыққанды кеңес береді, сенім телефоны жұмыс істейді. Бұл қызмет негізі ізгі ниетті, жастарға деген сенімді арттыруға негізделген. Жасөспірімдер мен жастарға қызмет көрсету тегін және анонимді түрде көрсетіледі. Сондай-ақ профилактика бөлімшесінде салауатты өмір салты бөлмесі жұмыс жасайды, онда дөңгелек үстел, акциялар, тренингтер және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

– Біздің орталық төрттік қағидасы бойынша жұмыс істейді. Негізгі міндетіміз – жастарға медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету. Орталық мектеп, колледж, жоғары оқу орнымен жұмыс жасайды. Біз жастардың мінез-құлқындағы өзгерістерді, қарым-қатынас, түсініспеушілігін реттеп, психологиялық тұрғыдан қолдау, ағарту жұмысын, тренинг және одан өзге де түрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер ұйымдастырамыз. Мектептерге барып, жастармен арнайы тілдесіп, түрлі сауалдарына жауап беріп, қызмет көрсетеміз. Осы жылы 142 жасқа қызмет ұсындық. Атап өтер болсақ, көбісі профилактикалық негізде көрсетілді. Оның ішінде құпия сақтаған 12 жасөспірімге анонимді түрде көмек көрсеттік, – дейді «Жастар» орталығының меңгерушісі Мадина Орынбекова.

Емханада, сонымен қатар «Қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі» пилоттық жобасы енгізілді. Денсаулық сақтау саласы бойынша мұнда 5 адамнан тұратын қоғамдық сенім комитеті құрылған. «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығының үйлестірушілері тұрғындар арасында және медициналық қызметкерлермен медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты проблемалық мәселелер бойынша фокус-топтар жұмысын өткізеді. Барлық анықталған проблемалық мәселелер ұзақ, орта және қысқа мерзімді болып бөлінген.

– 2001 жылдан бері мен осы медициналық мекемеде жұмыс істеп келемін. Сол кезден бастап, 2015 жылға дейін бас дәрігердің балалар және аналар денсаулығын сақтау жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда зейнеткерлікке шығуыма байланысты эксперт-дәрігер болып қызмет атқарамын. 2021 жылдан бері «Үздік тәжірибе орталығы» болып есептеледі. Жалпы, учаскелік дәрігерлерден бөлек, әлеуметтік қызметкерлер, психолог мамандары әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жасайды. Біздің орталықта заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Тек емханаға дәрігерлердің жетіспеушілігі сәл қынжылтады. Өз мамандығым бойынша ұзақ жылдар осы емханада еңбек етіп келе жатқанымды, тұрғындарға дер кезінде көмек қолын соза алатын маман иесі болғанымды мақтан тұтамын. Мұнда түрлі тәжірибелі маман иелерімен бірге жұмыс атқарғаным да мәртебе болды, – дейді емханада ұзақ жылдар еңбек еткен тәжірибелі дәрігер Күлшаруан Нүсіпбекова.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support