- Advertisement -

Бір отбасында екі дәрігер

88

- Advertisement -

Адам жанына арашашы болып жүрген дәрігерлерді қалай ардақтасақ та артық емес. Осындай елдің алғысына бөленіп жүрген жандар – ерлі-зайыпты Ерлан мен Мөлдір Сейдакпаровтар.

Ерлан Нұғманұлы 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына түсіп, болашақ мамандығының қыр-сырына үңіліп, білімге терең ден қояды. Медицина – ауыр сала. Себебі мұндағы әр қадамның артында адам тағдыры тұр. Сондықтан оның алғашқы жылдары академиядағы сабағынан басқаға мойын бұруға мұршасы болмаған. Төртінші курсты бітер тұста бірге оқитын Мөлдір Әбіласанқызымен екеуі отау құрды. Ал оқулары интернатура дейтін деңгейін қосқанда 7 жыл.

Оқуды түгел тауысуға екеуіне үш жыл бар еді. Бірақ, оқудың талабынан да алаулаған махаббаттары жоғары болып шықты. Ештеңеге қараған жоқ. Екеуі бір шаңыраққа айналды. Содан бесінші курстың қысында тұңғыш қыздары Зарина өмірге келген. Өмірге перзент келуі – қуаныштың үлкені. Одан бөлек жауапкершілігі де жоқ емес. Бауырында жас сәбиі бар Мөлдір осы тұста тығырыққа тірелгені рас. Перзентіне де қарауы қажет, арманы болған дәрігерлік оқуды да орта жолдан тастап кетуіне болмайды. Мың болғыр, Ерланның нағашы әпкелері, қолдан келген көмегін аямапты.

Тіпті, аталған академияда сабақ беретін әпкесі Мөлдірге жеңілдік жасап, сабағын жедел орындауға көмектесіп, кей сәттерде сабақтан қалуына да рұқсат алып беріп отырған. Ал тағы бір әпкесі Мөлдір асығып сабағына кеткенде кішкентай нәрестені бағып-қаққан. Осындай қолдаулардың нәтижесінде Мөлдір сабағынан да шығып қалған жоқ, сәбиі де өсіп жатты. Бұл да – сәттілік. Әйтпесе, сол кезде бас құраған кейбір қыздар бесінші курста оқудан шығып қалып, қайтадан жалғастыра алмаған жағдайлар да бар екен.

2008 жылы ерлі-зайыпты Ерлан мен Мөлдір «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Талас аудандық орталық ауруханасына үш жылдық жолдамамен келеді. Аталған ауруханаға Ерлан дәрігер-реаниматолог болып орналасса, Мөлдір дәрігер-невропатолог болып қабылданады. Екеуінің де өз мамандықтарына деген қызығушылықтары мен құлшыныстары ерекше.

– Менің жұмысым жансақтау бөліміне түскендермен байланысты болғандықтан, өте жауапты болды. Күн сайын ауыр жағдаймен науқастар түсіп жатады. Қолыңнан келсе, барлығын аяғынан тік тұрғызып жібергің келеді. Есін жия алмай келгеннің талайы айығып, рақметін айтып қайтатындар аз емес. Өкінішке қарай, сирек болса да жансақтау бөлімінде өмірмен қоштасып жататындар бар. Ондай жағдайды көру бізге де жеңіл емес. Бір жолы жетпістен асқан апа жансақтау бөліміне түсті. Сырқаты асқынып кеткен, ештеңе істей алмадық. Көз алдымызда нашарлап бара жатты. Бар қолымыздан келгені ұл-қыздарын шақыртып, олардың аналарымен қоштасуына мүмкіндік жасадық. Өзіміздің де көзімізге жас келді. Мұндай жағдай көп болмайды. Көбінесе еміміз дұрыс қонып, жүздеген кісілер жазылып қайтады. Біздің ауруханаға жылына шамамен 3 мың адам емделсе, соның ішінде 10 адам бақилық болады. Аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев өте тәжірибелі, білікті маман. Үнемі қолдау білдіріп отырады. Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мұратқали Отыншиевпен де талай жұмыстың қиындығын бөлісіп, мәселелерді бірге шешіп келеміз. Аудан бойынша 750 қызметкеріміз бар, оның 100-і дәрігер. Біздің ауданда дәрігер тапшылығы бар. Мен түнделетіп те жұмыста жүремін. Балалардың тәрбиесімен Мөлдір айналысады. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін біздің жұмыс осындай, – дейді Ерлан Нұғманұлы. Ерлан 2010 жылы жансақтау бөлімінің меңгерушісі болса, 2014 жылдан бері бас дәрігердің ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары.

Ал Мөлдір қазіргі таңда неврология бөлімінің меңгерушісі. Жауапкершілігі үлкен жұмыста жүр. Оған қоса жеті ұл-қызды өмірге әкелген «Алтын алқалы» ана. Бір таңданарлығы, дәрігер мамандығында жүріп, көп балалы болатындар аз. Мөлдірдің әкесі Әбіласан мен анасы Сапаркүл 7 ұл-қыз өсірсе, оның үшеуі шетінеп кеткен. Сондықтан болар қыздарының өмірге бірнеше сәби әкелемін, өсіп-өнемін дегеніне қарсы бола қоймапты.

Қазіргі таңда Ерлан мен Мөлдірдің тұңғыш қыздары Зарина Қаратау қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназияда 11-сынып оқиды. Әсемай 9-сыныпта, Ханшайым 7-сыныпта білім алады. Бір ерекшелігі, үшеуінің де ақындыққа, өнерге бейімдері бар. Бұл жағдай Ерлан мен Мөлдірге де ұнап, олар қыздарының жазған өлеңдерін тыңдаудан жалықпайды екен. «Жұмыстан шаршап келгенде қыздарымның осындай ізденістерін көріп, өлеңдерін тыңдап көңілім көтеріліп қалады», дейді Ерлан Нұғманұлы. Әпкелерінен кейінгі Санжар мен Қасиет те мектеп жасында. Асылым екі жасқа толса, Айсұлтан 8 айлық сәби.

Біз барған сәтте де Ерлан жұмысына асығып отырды. Бас дәрігер Есмахан Әуесбекұлы күтіп отырғанын және шұғыл қарайтын науқастары бар екенін айтып, көңілі жұмыс жақта болып тұрды. Үйдегі балалардың шат күлкісіне көмілген Мөлдірді де жұмысында қым-қуыт шаруа тосып тұрғаны анық.

Ал біз ерлі-зайыпты дәрігерлер Ерлан Нұғманұлы мен Мөлдір Әбіласанқызының жұмыстарына сәттілік тілеп, Таразды бетке алдық.

 

 Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support