- Advertisement -

Жанашыр анаң жәннаттың өзі

62

- Advertisement -

Қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсету керектігі жайлы көп айтылса, Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистерінде де бұл кеңінен қамтылған. Дегенмен қазіргі таңда кейбір жастардың ата-ана қадірін білмей бара жатқаны жасырын емес.

Мынадай бір мысал бар. Жеті ұл, үш қыз баланы өмірге әкелген ардақты анаға қартайған шағында 30 мың теңгенің дәрісі қажет болыпты. Сонда жеті үй болып жетіліп кеткен жеті баласы жеті жаққа тартыпты. Үлкен баласы «Інілерім әпере салмай ма?» десе, кіші ұлы «Сол дәріні ағаларым алып бере салса, бірдеңесі кете ме?» депті. Қыздары да қимылдай қоймапты. Сонымен он перзенті бар ана қажетті дәрісіне қол жеткізе алмай, дертіне дерт жамап алған екен.

Бұл ретте аналардың жәннаттың кілті екенін ұмытпағанымыз жөн. Әкең мен анаңа мейірім төгіп, қабағына кірбің түсірмей қарасаң, олар жәннатқа кіруіңе де себепкер болады. Алла Тағала Құранда: «Ата-ананың разылығын алғандарың – менің разылығымды алғандарың», деп ескертеді.

Бірақ, осыны ұғып жатқан бала қанша? Тіпті, келіншегінің айтқанынан шыға алмай, өмір бойы әлпештеген анасының қабағына кірбің түсіретін азаматтар көп. Әрине, асыл жардың да өз орны бар, бірақ ол анамен тең дәрежеде емес.
Сондай-ақ дін өкілдері айтып жүргендей, Құранда бірнеше нәрсенің қадірін білуіміз ескертілген.

Мәселен, өлім келмей тұрып, өмірдің қадірін білгеніміз жөн. Уақытты, өмірді бағалап ғұмыр кешсек, оның қуанышы ерекше болады. Ауырмай тұрып, денсаулықтың қадірін біл дейді. Біз ауруымыз әбден асқынғанда барып, дәрігер іздейміз ғой. Ол жасырын емес. Адам өз денсаулығын күтіп, спортқа көңіл бөліп, уақтылы тамақтанып, денсаулыққа қатерлі жағдайлардан алыс жүрсе, ауыратын сәттері де аз болады.

Демек, бәрі өзімізге байланысты екен. «Өлімге әкелуі мүмкін» деген ескертпе жазуын оқымай, темекіні бала күнінен тартып жүрген қанша адам бар. Бұл жерде кінәлі кім? Кінәлі – өзіміз.

Кедейленбей тұрып, байлықтың қадірін білу керектігі айтылған. Жаратушы кейбір пендесіне қаласа байлық береді. Сол пенде бірақ өзім байыдым, өзімнің еңбегім деп қателесіп қалады екен. Сөйтіп, сауапты іс жасайтын тұста сараңдық танытып қалатын кезі аз емес. Керісінше, жаман жерлерге барып, харам, зиянды сусындар ішіп, құмар ойындар ойнап, қолында тұрған байлықты судай шашатындар да жетерлік. Оларға да көп ұзамай кедейлік келетіні ескертілген. «Қартаймай тұрып, жастықтың қадірін біл», – дейді.

Әлбетте, адам баласы күндердің күнінде қартаяды. Алланың әділдігін айтсаңызшы, әуелі сәби, онан соң жас боласыз. Сол жастықтың қадірін білу – қандай жақсы. Жас күніңде қайратын білімге, өнерге, спортқа жұмсаған адам қартайғанда да соның нәтижесін көреді. Жас күнінде перзентін имандылыққа, адалдыққа, туралыққа, еңбекке тәрбиелеген жанның да сол ісі қартайғанда алдынан шығады. Алла пенделеріне рахымын төгіп, жақсылығын жасайды.
Бұл тәмсілден де тағылым алғандар болса, ұтыла қоймайтыны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support