- Advertisement -

Бабалар жолы – ізгілік жолы

5

- Advertisement -

Ислам – ізгілік пен әділдік діні. Имандылық жолы – барлық жақсылықтардың жолы. Мемлекет басшысы биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда: «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ата жолын сақтайық десек, ғасырлар бойы қалыптасқан асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану  арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз», – деп атап өтті. Президенттің дәстүрлі дінге бұлайша баса назар аударуы бекер болмаса керек.

Осы орайда, мыңжылдық діни ілім дегенге көңіл аударсақ, ғасырлар бұрын ізгіліктің құндылығы мен елдің қамын жырлаған өзіміздің ақындарымыз бен жырауларымыздың еңбектеріне арқа сүйейміз. Солардың құнары мен нәрін сақтаған жырларынан тағылым алып, ой түйеміз. Бабаларымыз ұстанған жолды тануға мүмкіндік те осы рухани қазынамызды оқыған кезде, талай ғасыр бұрын толғап кеткен абыздарымыздың шығармаларына ой жіберген кезде ашыла түсетінін байқаймыз.

Мәселен, 1465 жылы өмірге келіп, 95 жыл ғұмыр кешкен Шалкиіз жырау:

Біз көргенде тебінгіге жетпес су еді,

Телегейдей шайқалтып, теңіз етсе, Тәңір етті.

Тебінгінің астынан ала балта суырып,

Тепсініп бір келгенде тең атаның ұлы едің,

Дәрежеңді артық етсе, Тәңір етті! – дейді. Әйгілі жырау айтып өткен бұл шумақтан қандай биікке көтерілсек те Жаратушыға шүкір етуіміз керектігін түсінеміз. Бұл шумақтың қазіргі таңда да маңызы жоғары. Осы заманда да жақсы мансапқа қолы жетсе өзгеріп шыға келетіндер аз ғана уақытын бөліп, жыраулар поэзиясынан сусындаса деген тілегіміз бар.

Себебі, жырау бабаларымыздың шығармаларынан небір асыл сөздің маржандарын да танимыз, имандылық тұрғысынан жүрер жолымызды да бағдарлай аламыз. 1668 жылы дүние есігін ашып, ғасырдан асық жасаған Бұқар жыраудың да мақсаты халқын және кейінгі жас ұрпақты дәстүрлі діннің ізгі жолынан алыстатпау болды.

Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа,

Екінші тілек тілеңіз,

Әзірейіл залымның тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз, үшкілсіз көйлек кимеске,

Төртінші тілек тілеңіз, төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз, біреуін қаза қылмасқа, – дейді Бұқар бабамыз. Біз бұл жерден имандылықтың парыз екенін, бабаларымыз мойынсынған намаз тәулігіне бес уақыт парыз екенін, оны мүмкін болса қаза қылмай оқу керектігін түсінеміз. Мұны бабамыз діни уағызбен емес, бір шумақ өлеңімен ғана түсінікті етіп, жеткізе салған. Бұл шумақты қазіргі таңда көпшілік жатқа айтады. Шумақтың көптің аузында жүруі де тілге жеңіл, жүрекке жылы тигендігінен болар.

Ал, 1760-1840 жылдары Арқада өмір сүрген Қабылан Бөрібайұлы бабамыз:

Баланың ең тәттісі кенжесі екен,

Дейтұғын: «Ас дәмдісін сол жесе екен».

Әйел алып, ер жетіп кеткеннен соң,

Ата-анасын ұнатпайды, ол несі екен? – дейді. Бұл шумақтан да ешқандай Құран мен хадиске сүйенбей-ақ, баланың ата- анасын сыйлауы міндетті екені есімізге түседі. «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» деген хадистің де бір мағынасы осында айтылып тұр. Бір ғажабы, осыдан 5 ғасыр бұрын жазылған өлеңдегі көріністер осы қазіргі қоғамға да таныс екендігі. Ата- анасымен араздасып, үлкеннің тілін алмай жүргендер осындай нәрлі шумақтарды бір оқыса, райынан қайтар ма еді деген ой бар.

ХІХ ғасырдың басында өмірге келіп, Көкшетау өңірінің Айыртау ауданында 80 жылға жуық ғұмыр кешкен Орынбай Кертағыұлы:

Жарандар жат қылмаңдар бір Құдайды,

«Құдай» деген пендесін жарылқайды.

«Адам басы – Алланың добы» деген,

Соқса да қалай қарай домалайды, – деп жырлапты. Алланың өзін, ислам дінін танудың мұнан артық жолы болмаса керек.

1835 жылы қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында өмірге келген Майлықожа ақыннан да көптеген өсиетке толы терме, жырлар қалған. Майлықожаның:

Ажал келсе жатқызар, маңдайдан басқан ұйқыдай,

Пендені дәулет мас қылар, қырауды кешкен жылқыдай, немесе

Көргенді жерден қыз алсаң, атыңды ерттер жүгендеп,

Далаға жүрер уақытта керегіңді түгендеп, – дейді. Бұл шумақтарда ешкімнің Жаратушының жазуынан қашып құтыла алмайтынын дәл түсіндіріп, қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екенін көпшіліктің есіне салады. Әйелдің еріне бағынуы, ерінің разылығын алуы аса маңызды іс екенін, сауапты іс екенін шағын жолдармен ғана түсіндіріп өтеді. Майлықожа айтып кеткен:

Ақылды жігіт, адал жүр, ұрлықты қылып мақтанба,

Небір кәрі қасқырлар, аяғын шалды қақпанға.

Ұрлық, өтірік, жалған ант – мұсылманға жаққан ба? – деген шумақтардан да мол ғибрат алуға болады. Майлықожа айтқан осы өсиет өлеңнің маңызы әлі күнге жойылған жоқ.

Түркістан облысының Созақ ауданында 1840 жылдары туып, ғұмыр кешкен Құлыншақ Кемелұлы:

Керілген етек жақсы керме қастан,

Шөп шығар жаңбыр жауса қара тастан.

Дәулетке ерге біткен едіреңдеп,

Көзіңе көрінбейді жер мен аспан, – деп баршылық күндерге алданып, тоқшылыққа мас болудың нашар қасиет екенін түсіндіре білген. Бұл шумақ қазіргі қоғамда да кездесіп қалатын такаппар адамдарға сабақ болар деп ойлаймыз.

Құлыншақтың құрдасы, Ақмоланың тумасы Құлтума Сармұратұлы да жақсы әйелдің, жақсы перзенттің ізгі қасиеттері жөнінде жақсы жырлап кеткен. Құлтуманың:

Жақсы болса әйелің – үйіңдегі ырысың,

Жақсы болса ұл балаң – қайрап қойған қылышың.

Жақсы болса келінің – басып қойған күрішің,

Жақсы болса қыз балаң – жайлы қоныс тынысың, – дегені ислам дінінде терең айтылатын ата-ананың перзенті алдындағы, перзенттің ата-ана алдындағы борыштары туралы құндылықтарды дәл баяндайды.

Ыбырай Алтынсариннің:

Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,

Кете бар кессе басың шындықпенен.

Қорек тап бейнеттен де, тәңірің жәрдем,

Телмірме бір адамға мұңдықпенен.

Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,

Бір әділ, қазынасы кең патшаңды ізде.

Қорексіз еш пендесін қалдырмайды,

Жаратқан бір Тәңірден күдер үзбе, – деп шариғаттың құндылықтарын шеберлікпен түсіндіреді. «Ұрлыққа кедей болсаң да жолама, наныңды адал» тап дейді. «Адамнан сұрама, қазынасы кең патша Алладан сұра» дегенді ұқтырады. Бұл шумақтардың қазіргі таңда да ұқтырар ұлағаты мол.

Абай Құнанбайұлының:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөз айырмас.

Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,

Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.

Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен,

Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті, – деген жолдары қандай дәлдікпен айтылған десеңізші! Алланың растығы мен бірлігін, мәңгілік екенін жырлай білген хакім сөзі – қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан адамдарға ғибрат.

Жоғарыда айтылған шумақтардан да өз халқын тереңдікке шақырған, тура жолды тануға бағыттаған жыраулар мен ақындардың адал пейілін аңғаруға болады.

Сөзімізді түйіндейтін болсақ, ислам дінін танып-білудің бір жолы жыраулар мен ақындардың таңғы шықтай тұнық поэзиясында жатыр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support