- Advertisement -

Уағызды кімдер айтуы керек?

8

- Advertisement -

Қазақ әлімсақтан мұсылман халық екенін айтып жүрміз. Тіпті, Кеңестер одағы дәуірінде де ата- бабамыз дін діңгегінен ажырап қалған жоқ. Ақсақалды қарттарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз намазын оқып, оразасын ұстады. Мұның өзі халқымыздың ізгі іске беріктігін көрсетсе керек.

Қазіргі таңда елімізде имандылық кеңінен өркен жайып, мешіттеріміз көпшілікке есігін айқара ашты. Бұл – қуанышты жағдай. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар дегендей, кейде осы салада ойланатын мәселелер де туындап жатады. Қазір уағыз-насихатты мешіттің бас имамдары айтсын деген талап бар. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, бұл – дұрыс шешім. Әр саланы өз мамандарынан артық ешкім білмейтіні рас. Әйтпесе, кім көрінген уағыз айтып, өздері түрлі мәселелермен ойланып жүрген халықтың шақша басын шарадай қылғаны ақиқат. Кейде мешітке барып, насихат тыңдасаң, жан сарайың ашылып, өзіңді ерекше сезініп, қуанып қайтатының бар. Дегенмен, кейбір имамдардың дінді ерекше түсіндіремін деп, көпшілікті имандылықтан алшақтатып, мешіттен үркітіп алатындары да кездеседі. Ол қандай уағыз? Мәселен, кейбір мешіттің имамдары уағыз айтамын деп қатты кетіп жатады.

Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбеков қоғамда ондай түсініспеушіліктердің бар екені шындық екенін айтты. «Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Мен халыққа шешен сөйлеу үшін жіберілген Пайғамбармын. Адамның ілім дәрежесіне қарай сөйле. Ел басқарған адамға айтар сөзіңді қарапайым шаруаға айтпа», – деген. Бұл нақылды айтып қана қоймай, Пайғамбарымыз соған амал жасаған. Ол кісіге ислам дінін тарату оңай болмаған. Бірде Мұхаммед жолда мал бағып жүрген бір шаруаға жолығады. Шаруа: «Сенің таратып жүргенің қандай дін?» деп сұрайды. Сонда Мұхаммед: «Менің таратып жүрген дінім сенің жайып жүрген қойыңа көктен жаңбыр жауғызып, су сұрайтын, сенің малыңның өсіп-өнуін тілейтін дін», деп жауап береді. Сонда шаруа: «Мұхаммед, онда саған уәде етемін. Мен де, отбасым, ағайындарым да сенің дініңе кіреміз» деген екен. Бұл жерде Пайғамбардың даналығын көруге болады. Қазір имам әріптестерім осындай даналықпен сөз сөйлеулері керек» десе, Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев: «Діни насихатты ауыр айтуға тура келетін сәт болады. Ондай орта бөлек. Дінге жаңадан келіп жатқан кісілерге жылы сөйлеп, ізгілік жолын жұмсақ түсіндірген жөн» деді. Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев та өз пікірін білдірді. «Жалпы, біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Имам дегеніміз кімдер? Имам – маман. Кәдімгі өмірдегі мыңдаған мамандық иелері секілді олар да кәсіп иесі. Мамандық иелерінің ішінде озаты және енжары бар болатыны сияқты, имамдардың ішінде де білімдісі мен білімсізі, біліктісі мен біліксізі, тәжірибесізі қатар жүреді. Жаңағыдай ауыр сөздер, діннен үркітіп жіберетін насихаттар тәжірибесі аз имамдардан шығады. Сауапты намаз бен мешіттің айналасында деп түсіндіретін имамдар да бар. Мүмкін ол дұрыс та шығар. Бірақ, сауап намазда ғана емес қой. Менің ұғымымша, өмірдің білімін алған – сауап, балаңа жақсы ат қойсаң – сауап, ата-анаңа жылы сөйлесең – сауап, балаңа қасықты оң қолымен ұстатып ас ішкізсең – сауап, қарт кісінің жүгін көтеріп жіберсең – сауап. Қысқасы, сауаптың түрі өте көп. Сауап дегеніміз – жақсылық жасау. Имамдарға да не болса соны айта беруіне болмайды. Кешегі Пайғамбарлар мен сахабаларды жиі айта береді. Арасында бүгінгі Еңбек Ерлерін, Халық Қаһармандарын, бүгінгі ғалымдарды неге үлгі ретінде айтпайды. Дін мемлекеттен бөлек дейді. Бірақ, мешітке барып жатқан сол мемлекеттің адамдары, сол мемлекеттің болашақ жастары», – дейді ол.

Әрине, әркімнің ойы әртүрлі. Бірақ, бір ортақ ой – жақсылық пен ізгілік, мейірім. Бойында жақсы қасиеті мен ізгілігі, мейірімі, жылы жүрегі бар адам адаспайды. Ата-анасын қастерлеген, ауылын ардақтап, өз Отанын сүйген кісілер имандылықтың жолынан да алшақтамайды. Себебі, имандылықтың жолы – жақсылықтың жолы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support