- Advertisement -

Дінді қасіретке емес, қасиетке бағалайық

54

- Advertisement -

Қазақ халқы «дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» дейді. Қазіргі таңда діннің қасиетінен гөрі, қасіретіне куә болып жүрміз. Оның басты себебі, қоғам арасындағы діни сауатсыздық болып табылады. Қай сала болмасын, ондағы мәселелердің шешімі тек сауаттылықта жатқандығы анық.

Кейінгі уақытта елімізде пайда болған түрлі діни ұйымдар, ең әуелі өздерінің үгіт жұмыстарын діннен хабары жоқ, діни түсінігі төмен азаматтардан бастайтыны сөзсіз. Олар, діни шешендіктің ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың ой-санасына теріс ықпалын тигізуде. Көп жағдайда идеологиялық ықпалға оңай бой алдыртатын қоғамның ерекше тобы саналатын жастар, теріс пиғылды діни насихаттың қызметі үшін ыңғайлы нысанға айналып отыр.

Зерттеу нәтижесінде, діни ағымдардың қатарында жастардың көрсеткіші жоғары. Негізінде әрбір ағым өкілдері жастарымызды өздерінің ықпалына қарай саяси мақсатта қолдануға тырысады. Кез келген жасөспірім жаңашылдыққа талапшыл болып келеді. Жаңа құбылысты үйренуге, оның қыр- сырын игеруге немесе оны білуге құштарлық танытады.

Сонымен қатар әрдайым ақпарат алаңының алдында отыратын да – жастар. Өзіне керекті мәліметтер іздеу барысында, осы діни ағым өкілдерімен кездейсоқ танысатын да жастарымыз.

Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуінің бірнеше себептерін атап көрсетуге болады. Біріншіден, сауаттылық мәселесі. Яғни, діни сауаттылықтың төмен дәрежеде болуы.

Екіншіден, әлеуметтік жағдай. Материалдық жағынан аз қамтылмаған отбасыларды, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы өздерінің қатарына қосып жатқандығын айтуға болады.

Әрине, елдегі барлық отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ адамдарды діни сауатты етуге болатын іс.

Дегенмен жаңа заманның жетістігі саналатын ғаламтор да бір жағынан өз зиянын тигізіп отыр. Мәселен, теріс діни ағымдардың өкілдері өз алдарына ғаламтор сайттарын ашып алып, көп уақытын компьютер алдында өткізетін жастардың санасын улауға тырысып бағуда. Сайт арқылы олар конституциялық құрылымға қарсы шығу, қалыптасқан дәстүрлерді терістеу, ата-ананы тыңдамау деген секілді теріс түсініктерін тықпалап жатыр.

Жалпы алғанда, ғаламторды толық бақылау қиын іс. Бірін жапса, ертең екіншісі ашылады. Енді тек мемлекет тарапынан қатаң бақылау жүргізіліп, ғаламтор сайттарындағы мәліметтер сұрыпталып отыруы керек.

Сонымен қатар бүгінде Дін істері комитеті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе, мұндай ғаламтор сайттарындағы теріс мазмұнды мәліметтермен күресті өз құзыреттеріне ала отырып, олардың жарыққа шығуын қадағалап, барынша тосқауыл қоюға тырысуда.

Қазақстан мемлекеті тәуелсіздігін алған жылдардың басында, діннің беделі артып, дінге қызығушылық танытқан жастардың саны көбейді. Діни білім беру және діни сауатсыздық тұрғысында да ақсап тұрған жерлеріміз болды. Себебі ол кезде қазіргі күнгідей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және дінтанушы, теолог мамандар санаулы ғана еді.

Діни білім алуға құштарланған жастарымыз шет мемлекеттерге бірте-бірте кете бастады. Олардың қандай білім ордасында, қай бағытта діни білім алып жатқандықтары мемлекет тарапынан ескерілмеді. Шетелге кеткен жастарымыз, сол мемлекеттің ұлттық- діни ерекшеліктерін үйреніп, оны біздің қоғамға келіп тарата бастады.

Жастарымызды теріс діни идеологиядан сақтандыру жолдарының бірі ол – діни білімді арттырумен қатар, отбасы институтын жетілдіру. Жастарымыз дәстүрлі емес ағымдардың арасында адасып жүрсе, елдің болашағы не болмақ? Және сол ағымдарда жүрген жастарымыздан және олардың ұрпақтарынан қандай азамат шығатындығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл олқылықтың алдын алу үшін, ең біріншіден әр ата-ана өзін, одан кейін баласын жастайынан жетілдіріп, дұрыс адами қасиеттерді бойына сіңіре білу қажет. Бала кезден дұрыс тәлім- тәрбие ала білген жасөспірім болашақта отансүйгіш, елжанды азамат болары сөзсіз.

Қазіргі кезде кейбіреулердің қазаққа дін тарамаған дегені – бос сөз. Мұндай сөзді олар қазақ тарихын білмегендіктен айтады.
Біз дінді өз деңгейінде түсініп жүрміз бе? Немесе бәзбіреулердің түсінуі мен көрсетуі бойынша түсініп жүрміз бе? Міне, бұл Алла Тағаланың әр пендесінің басында болуға тиісті сұрағы.

Біздің қазақ дінді таза ниетпен, жүрекпен қабылдаған. Дін түркілердің күллі салт- санасы мен ырым-тыйымына, әдет-ғұрпы мен танымына тастай батып, судай сіңді. Дін – біздің темірқазығымыз. Бұл темірқазығымыз – ар-ұждан тәрбиесі мен обал-сауап тәрбиесінен құралған Алланың берген алтын қазығы. Тарихымыз бен әдебиетіміз осы діннің құдыретін бойымызға сіңіргенін ұмытпауымыз керек.
Есімі дүниежүзіне мәшһүр болған Шыңғыс Айтматовтың Найман – Ана бейітінің тарихын айтатын психологиялық романындағы Найман – Ананың ұлы Жоламанға көн қаптау арқылы қолдан жасалған мәңгүрттікті шығармадан оқыған едім. Өз анасын танымаған ұл. Өз анасын атып өлтірген ұл. Мәңгүрт ұл. Бұл – көркем шығарма еді…

Дәл қазір түрлі ағымның шырмауынан шыға алмай жүрген психологиясы әлсіз жастарымыз Жоламанның кебін киіп келеді. Діни экстремизмге, діни сауатсыздыққа тосқауыл қоймасақ, еліміздің тыныштығы, берекесі бұзылатыны анық. Исламның нағыз жауына айналып, қазақтың арасына жік салып, тура жолдан тайғандар әке-шешесінің айтқанын тыңдамай, қатыгезденіп барады. Мұндайлар – қоғамға қауіпті.

Рамазан АБДЕЛИЕВ,

облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің Жуалы ауданы бойынша инспекторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support