«Марапатталған аналар» мәртебесі кімдерге беріледі?

14

Елімізде «Марапатталған аналар» жаңа мәртебесі енгізілуде. Оған алты және одан да көп бала туып өсірген аналар ие болады. Бүгінде алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген аналар «Күміс алқа» алқасымен марапатталады. Жеті бала туып, өсірген аналар «Алтын алқа» алқасын тағады. Осыған дейін бұл мәртебе иелері мемлекет тарапынан бірдей жәрдемақы алып келген болса, енді «Алтын алқа» алқасымен марапатталғандарға, бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері тапсырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК мөлшеріне дейін өседі. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иелеріне «Марапатталған аналар» жаңа мәртебесі беріледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту тұрғысында кешенді шаралар әзірленді.

Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады. Оның үстіне бұл шара жұмыс істейтін ата-аналарға да, жұмыс істемейтіндерге де әсер етеді.

Бұдан тыс, келесі жылдан бастап, елімізде бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау енгізіледі. Бұл шара атаулы әлеуметтік көмек алатын 190 мыңдай балаға қатысты болмақ.

Монетизация ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, өнімдерді өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді. Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдаудың бұл түрлері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасына қазірдің өзінде енгізілген.

Бұл құжат мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ортақ іргелі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын болады. Кодекс азаматтардың өмір бойы оларға кепілдік берілген әлеуметтік құқықтары туралы ақпараттың бірыңғай көзіне айналады.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы No63 «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңы негізінде тағайындалады.

Айта кетерлігі, алтын және күміс алқаларымен марапатталған көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны тағайындауға өтініш жасау қандай да бір мерзіммен шектелмей кез келген уақытта жүзеге асырылады.

Сондай-ақ көпбалалы анаға берiлетiн жәрдемақыны төлеу ағымдағы ай үшін және барлық растайтын құжаттар болған кезде өтініш жасаған күннен бастап осы жәрдемақы тағайындалған жағдайлар сақталған кезеңге жүргізіледі. Оны растайтын құжаттар ұсынылмаған немесе анық емес деректер қамтылған құжаттар ұсынған адамдарға тағайындалмайды.

Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету шеңберінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау процесін автоматтандыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы» бірлескен бұйрыққа қол қою мәселесі пысықталуда.

Жәрдемақы тағайындау процесін автоматтандыру дегеніміз, яғни проактивті түрде қызмет көрсету – ол азаматшалардың алтын және күміс алқаларымен марапатталған жағдайда, азаматтардың мобильдік деректер қорында тіркелген телефон нөміріне автоматты түрде СМС жіберіп, жауап алу арқылы жәрдемақыны тағайындау.

Ол өз кезегінде, азаматшалардың халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне бармай, үйден шықпай, СМС-ке жауап беру арқылы аталған қызмет түрін алу мүмкіндігі.

Яғни, жоғарыда аталған Бірлескен бұйрықтың мақсаты – зейнетақы және жәрдемақы төлемдерін тағайындауда автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық іс-макетті автоматты түрде қалыптастыруға көшу және одан әрі 2023 жылдың қаңтарынан бастап толық автоматты тағайындауға көшу болып табылады.

Осыған орай, бүгінде Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерімен жергілікті артқарушы органдарымен, яғни әкімшіліктермен бірлесе отырып, потенциалды «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталатындардың тізімдерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Ол дегеніміз, алдын ала әкімшіліктермен марапаттауға ұсынылған азаматшалардың телефон нөмірлері мобильдік қорында тіркелуін қамтамасыз ету.

Бүгінгі күнде, аталған пилоттық жоба негізінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға қызмет проактивті түрде көрсетіліп, жоба іске асырылуда.

М.ЮНУСОВ,

Тараз қалалық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлім басшысының орынбасары.

Comments are closed.