- Advertisement -

Технологиялық серпілістің негізі

62

- Advertisement -

Цифрлық экономика түрлі саланың 50 пайыздан астамына үлкен өзгерістер алып келеді. Себебі ақпараттық технологиялар мен платформалар бизнес үлгілерін түбегейлі өзгертіп, делдалдарды жою және оңтайландыру арқылы олардың тиімділігін арттыруда. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, жоғары жылдамдықты интернетті пайдаланушылар саны 10 пайызға артса, ол ішкі өнімнің жылдық өсімін 0,4-тен 1,4 пайызға дейін арттыруы мүмкін.

2019 жылы цифрлық трансформацияның жаһандық нарығы 1,18 триллион долларды құраса, 2023 жылы нарық 2,3 триллион долларға дейін өседі деп күтілуде. Әлемдік бизнес көшбасшыларының 68 пайызы цифрлық трансформацияны өз компаниялары үшін басты басымдық ретінде көрсетеді.

Цифрлық экономикада өндіріс факторлары да басқа сипат алады. Еңбек құралдары автоматтандырылуда және олар техникалық күрделілігіне қарамастан, басқаруды жеңілдетеді. Жұмыс күші де өзгерістерге ұшырауда. Сонымен цифрлық экономиканың белгілі бір бөлігін өндіруде жұмыс істейтін бір жұмысшы оны шығару үшін машинада сәйкес бағдарламаны таңдауы керек және бұл арнайы білімді қажет етпейді, тек тәжірибе мен белгілі бір дағдылар керек. Білім саласындағы мамандықтарға сұраныс артады. Мысалы, Еуроодақ елдерінің цифрлық нарығында 5,7 миллион маман жұмыс істейді. Бес жылдан кейін олардың саны цифрлық технологиялар саласында білікті мамандар болып, 11 миллион адамға дейін өседі.

Елімізде соңғы бес жылда кәсіпорындарда ақпараттық- коммуникациялық технологиялар шығындарының динамикасы жалпы тұрақсыз. Мәселен, 2018 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологияларға жалпы шығындар бір жыл ішінде 12,8 пайызға азайып, 305,2 миллиард теңгені құрады. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырар болсақ, осы кезеңде ақпараттық-коммуникациялық технология шығындары 29,8 пайызға өсіп, 349,9 миллиард теңгені құрады.

Шығындар құрылымына назар аударған жөн. Мұнда негізгі үлесті ақпараттық технологиялармен (байланыс және оқыту қызметтерінен басқа) үшінші тарап ұйымдары мен мамандарының қызметтеріне ақы төлеу шығындары алады. Олар жалпы шығындардың 35 пайызын құрайды. Лицензиялық келісім негізінде пайдаланылатын бағдарламалық құралдарды сатып алуға 52 257,5 миллион теңге жұмсалды, бұл жалпы көлемнің 17 пайызын құрайды.

Сондай-ақ АКТ-ны дамыту және пайдаланумен байланысты қызметкерлерді оқытуға кететін шығындардың айтарлықтай төмендеуін атап өткен жөн. Осылайша көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 5,5 есеге төмендеген.

Демек, мемлекет тарапынан меншікті ақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми жұмыстарды қолдау үшін субсидияларды көбейту маңызды.
Әрине, цифрландыру өте қымбат процесс.

Сарапшылардың пікірінше, технологиялық қайта жарақтандыруға байланысты ең төменгі шығын 5 миллион долларға бағаланады және оны Қазақстанның барлық кәсіпорындары көтере алмайды.

Дегенмен цифрлық экономиканы нығайту ұлттық экономиканың өсуіне ықпал ететінін ескерсек, Қазақстан мемлекеті, кәсіпорындары оны дамыту үшін ішкі және сыртқы ресурстарды табуы қажет. Өйткені кез келген технологиялық серпіліс жоғары білікті жұмыс күшін қажет етеді.

Отандық білім беру жүйесі экономиканың барлық салаларындағы цифрлық трансформация талаптарына сай болу үшін икемді болғаны абзал. Ол үшін балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін білім беру мен тәрбиелеудің экожүйесін, оның ішінде жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік- конструкторлық жұмыстар саласындағы кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы үйлестіруді күшейткен жөн.

Бүкіл ел бойынша цифрлық экономика дағдыларын жылдам дамыту, өмір бойы білім алуға бағытталған білім беру үлгілеріне назар аудара отырып, бар жұмыс күшін оқыту және біліктілігін арттыру үшін білім беру платформаларына инвестиция қажет.

Бұл бағытта оң өзгерістер бар. Қазақстанда цифрландырудың бастауы 2013 жылы «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған кезде қаланды. Ол ақпараттық қоғамға көшуге, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, «ашық және мобильді үкімет» институттарын құруға, корпоративтік құрылымдар үшін ғана емес, сонымен қатар ел азаматтары үшін де ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталды. Одан кейінгі қадам «Цифрлық Қазақстан» жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу болды.

Жаңа мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, экономика мен ұлттың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін цифрлық экожүйені үдемелі дамыту.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: цифрлық Жібек жолын іске асыру (сенімді, қолжетімді, жоғары жылдамдықты және қауіпсіз цифрлық инфрақұрылымды дамыту), креативті қоғамды дамыту (цифрлық экономика үшін құзыреттер мен дағдыларды дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс, АКТ мамандарын даярлау), экономика секторларындағы цифрлық трансформациялар (бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін цифрлық экономиканың әртүрлі секторларына технологияларды кеңінен енгізу), проактивті жағдайға көшу (электронды және мобильді үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру).

Елімізде цифрландыру қарқынын жеделдету үшін барлық перспективалар бар. Цифрлық технологияларды пайдаланатын ірі және орта кәсіпорындардың үлесі 2019 жылғы 5,9 пайыздан 2020 жылы 7,8 пайызға дейін өсті. Цифрландыру бағдарламасы өзінің оң нәтижесін көрсетуде.

Мысалы, жекелеген елдердегі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін сипаттайтын E-Government Development Index-2020 (Electronic Government Index) рейтингінде Қазақстан 29-орында тұр. Бұл «Ақпараттық Қазақстан-2020» жоспарынан төрт жолға ғана төмен. 2020 жылдың ортасына қарай мемлекеттік қызметтердің 82 пайызы электронды түрде көрсетілді (қазіргі жоспар бойынша 2022 жылға қарай тек 80 пайызға жеткізу жоспарланған болатын).
Жалпы, нарықтың айтарлықтай өсу әлеуетін жоққа шығара алмаймыз. Алайда белгілі бір жетістіктерге қарамастан, еліміздегі АКТ саласының дамуы әртүрлі проблемалармен байланысты болып отыр.

Соның бірі – білікті кадрлардың өткір тапшылығы. Қазақстан 2025 жылға қарай АКТ өнімдері мен қызметтері экспортының жалпы көлемін 500 миллион доллар деңгейіне дейін ұлғайту міндетін қойды.

 

Дәурен ТҰРАРОВ,

Экономика ғылымының кандидаты, доцент. Экономика және бизнес

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support