- Advertisement -

ІТ үздіктері анықталды

21

- Advertisement -

Тараздық оқушылар мен студенттер аймақтық бағдарламалау байқауына қатысты. Zhambyl Hackathon деген атаумен өткен сайыста төрт адамнан құралған командалар веб-сайт пен мобильді қосымша әзірлеуде өз шеберліктерін көрсетті.

Zhambyl Hackathon – жамбылдық жас бағдарламашылардың, веб- дизайнерлерінің және сайт жасаушылардың дәстүрлі байқауы. Байқаудың мақсаты – IT саласындағы талантты, болашағы зор студенттер мен оқушыларды анықтау және қолдау, олардың ақпараттық технологиялар, дизайн және цифрлық жобаларды басқару саласында түрлі өнімдер жасау дағдыларын дамыту.

Биыл кіл мықтылардың бәйгесін Zhambyl Hub және Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты бірлесіп ұйымдастырды. Мұндай сайыстардың ерекшелігі – қатысушылар белгіленген уақыт ішінде қандай да бір мәселені шешуі тиіс. Мысалы, былтырғы байқауда қатысушылар банктік қызметті дамытуы керек болған. Ұйымдастырушылар банктердің онлайн-сервистеріне, интуитивті интерфейстерін жаңаша көзқараста әзірлеуі тиіс еді. Бірақ, қатысушылар Қазақстан банктерінің қолданыстағы қосымшалары мен сайттарына ұқсас жұмыстар ұсынған болатын. Байқауды ұйымдастырушылар мұндай олқылықтарды назардан тыс қалдырған жоқ. Ал, биылғы байқауда өңірдің туризм мәселесі көтерілді.

– Бір күн ішінде қатысушылар саяхатшыларға арналған онлайн- гид әзірлеуі қажет. Бізде тек белгілі бір ақпаратты көрсететін сайттар мен қосымшалар бар. Мысалы, қоғамдық көлікте жол ақысын төлейтін TulparCard-ты алайық. Біз осы қолданба арқылы автобустардың қозғалысын қадағалаймыз. Қолданбада басқа функционалдылық міндет жоқ. Мұндай қолданбалар өте көп. Сондықтан қатысушылардың мақсаты – 24 сағат ішінде турист үшін барлық қызықты және маңызды ақпаратты жинайтын веб-сайт немесе қосымша жасау. Онда көрікті жерлер, турлар, алдағы іс-шаралар туралы ақпарат алу мүмкіндігі болуы тиіс. Өнімнің таныстырылымын дайындау және жобаны уақытында тапсыру өте маңызды. Әйтпесе қатысушы сайыстан автоматты түрде шығарылады, – деп түсіндірді Astana Hub халықаралық IT технопаркінің өңірлік менеджері Айгерім Наурызбекова.

Байқауға облыс әкімдігінің туризм мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының қызметкерлері көрермен болды. Бұл оларға қазіргі жағдайды бағалауға және жастардың өзекті мәселелерді шешу жолдарын қалай іздейтінін көруге мүмкіндік берді.

Кіл мықтылар қатысқан сайысқа көптеген лайықты жұмыстар ұсынылды. Мысалы, «SST» командасының қатысушылары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көпфункционалды қосымша дайындады. Ол қазір қолжетімді және Android смартфондарында жұмыс істейді. Заманға сай дизайн, қажетті ресурстарға сілтемелер қолданбаның маңызын арттырды. Команда егер көбірек уақыт берілсе, интернет- трафикті тұтынуды азайту және қолданбаны пайдалануды жеңілдету арқылы барлық ақпаратты өзге сайттардан тасымалдауға болатынын тілге тиек етті.

– Біздің команда сайыста бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдасқан түрде бақ сынасты. Осының арқасында біртұтас механизм ретінде жұмыс істедік. Біз Тараз қаласының техникалық шығармашылық орталығындағы робототехника үйірмесіне бірге барамыз. Командада жұмыстың көп бөлігін жүзеге асыратын, қосымшаның негізі саналатын кодер бар. Кодердің арқасында турлар, қала картасы, алдағы іс-шаралар, шұғыл байланыс және валюта айырбастау пункттері бар мобильді қосымша әзірледік. Мұндай қосымша туристер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін де өте пайдалы болуы мүмкін. Әрине, қолданба жасауға тым аз уақыт берілгенін ескерсек, бәрін мінсіз етіп жасау қиын. Бірақ біз бұл шыңды бірге бағындырдық, – деді команда жетекшісі Алижан Сапаралиев.

Байқау барысында көптеген қатысушылар ақпаратты көруге, әлеуметтік желілерге өтуге, тіпті жасанды интеллектке қатысты сұрақтар қоюға мүмкіндік беретін сайттарды ұсынды. Қазылар алқасы қатысушыларды инновация және өзіндік ерекшелік, практикалық қолдану, пайдаланушы тәжірибесі, функционалды және техникалық іске асыру, кеңейту және масштабтау әлеуеті және презентация сапасы бойынша бағалады. Әр командаға 100 ұпайдан беріліп отырды.

Қорытындылай келе, сайысқа қатысқан үш команда үздік деп танылды. Жүлделі ІІІ орынды Тараз инновациялық көпсалалы колледжінен келген «Sigma» командасы иеленіп, 100 мың теңгені қанжығасына байлады. ІІ орын Жамбыл инновациялық жоғары колледжінен келген «Hackhackit» командасына бұйырып, 150 мың теңге жүлдеге ие болды. Дәл осы оқу орнынан келген «Rememberus» командасының жасап шығарған web сайты үздік деп танылып, І орынды еншіледі. Жеңімпаз командаға 250 мың теңге қаржылай сыйлық табысталды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support