- Advertisement -

Біздерде мынадай бар, мынадай бар…

57

- Advertisement -

Таразда аймақтық іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасының көрмесі өтті. Әзірге теңдесі жоқ бұл әлеуметтік жобаға республика бойынша 4 өңір таңдап алынған болатын. Сол өңірдің бірі – облысымыздағы Қордай ауданы.

Бүгінде онда 20 жеке кәсіпкер бірігіп, құлмақ (хмель) өсіреді. Жүйке жүйесін тыныштандырып, иммунитетті көтеретін, ауырғанды басатын және өзге де түрлі пайдалы қасиеті бар бұл өсімдіктен қордайлықтар нанның, тәтті бәліштің, печеньенің түр-түрін пісіріп әкеліпті. Құлмақтан дайындаған сусындардың дәмі де көрмеге жиылғандардың көңілінен шықты. Хош иісті бұл өсімдіктен Зәуреш Әбдіраимова бастап келген топ жастық тігіп, балаларға пайдалы қуыршақтардың да түр-түрін әзірлепті. Тіпті өнімді моншаға түскенде емдік мақсатта пайдалануға болатындай етіп те дайындаған.

Бұдан бөлек, көрмеде жалпы саны 70-ке жуық жоба ұсынылды. Оның ішінде мақтаның шитін Шымкенттен алдырып, содан саңырауқұлақ өсіріп, оны кептіріп те, маринадтап та мейрамхана, кафелерге ұсынып отырған байзақтық Назым Нұрбаеваның, осма шөбін үйінде өсіріп, оны сұлулық салондарында қас, кірпік өсіруге пайдаланып, кептіріп шаш бояуы, маска, сусабын, тіпті бас ауруын басатын жақпамай ретінде дайындауды қолға алған таластық Айгүл Бақытжанқызының жобалары қолдауға тұрарлық. Қордай ауданының Қарасай батыр ауылынан шыққан «Ұлы дала өнімі» маркасының ұны ғана емес, сұлыдан, бидайдан, асбұршақтан, қарақұмықтан, арпадан, күріш пен жүгеріден жасаған балалар ботқасы да әрі табиғи, әрі қолжетімді бағада екендігі көз қуантты.

Көрмені Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тамашалап, жобаның маңыздылығына тоқталды. Тауар мен өнім бар, ендігі мәселе – соларды өткеру мәселесі екендігін айтып, кәсіпкерлерді қашанда қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.

Көрме барысында сондай-ақ, жапондық эксперт Кикучи Сан бастаған екі топ ондағы өнімдерді туристерге қызығырақ, тартымдырақ болуы үшін ары қарай қалай жетілдіру, толықтыру қажеттілігі жайындағы ойларымен бөлісіп, құнды кеңестер берді.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support