- Advertisement -

Жетімдер үйі жабыла ма?

38

- Advertisement -

Ұлан-ғайыр далада, ұзын-сонар көштің шаңын қалдырып, ұлық күй кешкен ұлтымыздың ұсақтала бастаған тұсы – балалар үйіне қалдырып жатқан балаларымызбен өлшеніп еді-ау. Құрсағын жарып шыққан сәбиін үкіметтің үйіне өткізіп, белінен бөлінген шарананың тағдырына көзін тарс жұмып қарайтын безбүйрек жандар қазақтығымызға қанша рет сын болды? Ал енді онсыз да көңілі жарым жандарға сол мекеменің қызметкерлері қорлық көрсетсе, не жорық? Өкінішке қарай, жетімдерге жәбір көрсететін фактілер көбейіп барады.

 2020 жылы «Amanat» (ол кезде «Nur Otan») партиясының жанынан құрылған жетім балалардың құқығын қорғайтын арнаулы кеңестің мүшелері Рудныйдағы балалар үйіндегі былық-шылықты әшкереледі. Жылаған жәудіркөздердің жанарындағы жасты күллі әлем көрді. Онда жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларды қорлап ұстағандары соншалықты, бүлдіршіндерді атымен еме с, нөмірмен шақырады екен. Ондағы балалардың бірнеше күн бойы нәжіс пен запыранында жатқаны да әшкереленіп, дәлелденген. Нәтижесінде, балалар үйінің басшылығы қызметтен босатылып, бұл мекеме Қостанайға көшірілді.

Шынтуайтында жетімдерді тұқыртып, қорлық көрсеткен оқиғалардың басы емес еді бұл. Осыдан біршама уақыт бұрын Тараздағы «Үміт» балалар үйінің кішкентай балаларына қырғидай тиген әйелдің видеосы пайда болғанда да жағасын ұстамаған жан қалмады. Желіде оның қатысуымен түсірілген бейнежазба тарағаннан кейін, тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осылай тізе берсек, тізгінін тартқызбайтын оқиғалар көп-ақ.

Қазақстан халықаралық конвенцияға қосылса да, Неке мен отбасы туралы кодекске қол қойса да, интернаттық тәрбиеге емес, отбасылық тәрбиеге басымдық берсе де, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ.

Балалар үйлеріндегі жетімдердің жайы өркениетке өкшесін тіреп тұрған бүгінгі қоғамымызды «бас ауруынан» айықтырмай тұр. Қамқорлыққа зәру қаракөздеріміз паналап отырған мекемелердегі бұл масқара қашанға дейін жалғасуы мүмкін? Жетімдердің көз жасы кімге? Обалы кімге?

«Жетімдік – жұрттың қабағын оқитын ілім» деген бар. Онсыз да жүрегі жаралы жандар қамқорлыққа, мейірімге зәру. Алайда бұған қарап, еліміздегі барлық балалар үйіндегі жағдай осындай екен деген көзқарас қалыптастыруға болмайды. Әр мектептен, әр отбасыдан, әр қаладан шығатын қылмыстардың бірі деп қана қарау керек шығар. Дегенмен бұл жағдай әсіресе, жетімдер үйіне келгенде жүректі еріксіз сыздатып жібереді. Оларға «Ешкімі жоқ, қу жетім» деп қарайтын, қатал мұғалім емес, өзіндегі жылылықты сезіндіре алатын жұмсақ жандар керек. Ол жер – бұл балалардың отбасы. Тәрбиешілерін анасындай көріп, аз да болса махаббатқа бөленіп, дұрыс бағыт-бағдар алса ғана олар өзінің өмірдегі түзу жолына түсер еді. Өкінішке қарай, өздері тәрбиеленген ортада осындай қаталдық көрген балалардың бойында ашу, ыза, кек қалыптасып, кейін өзі араласқан қоғамдағы қылмыстардың орын алуына олардың да үлесі болып жатады», дейді психолог Ерлан Бошай.

Соңғы жылдары еліміздегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбейіп кеткені рас. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің бір бөлігі ақыл-ойының кемістігі барлар, жүйке ауруымен ауыратындар болса, көптеген жасөспірім қылмыскерлердің күнделікті іс-әрекеттеріне отбасы, оқу орындары, еңбек ұжымдары ешқандай бақылау болмағандықтан, соңы қылмыстық әрекетке ұласатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың арасында пайдакүнемдік-зорлық пиғылмен жасалатын ауыр қылмыстардың үлесі өте жоғары. Мамандар қылмыстың денін жасайтын балалардың қатарында көбіне балалар үйінің тәрбиеленушілері барын айтады.

Бұл – балалар үйіндегі жағдай болса, балалар үйінен жыраққа кеткен жетімдердің көргені одан да сорақы. Ресей сайттары АҚШ-та «қолдан-қолға өтіп жүрген» балалардың дені Эфиопия, Ресей, Украина, Қытай, Либерия, Гаити, Гвантемал, Бразилия, Қазақстан, Вьетнам елдерінің балалары деп жазады. Осыған дейін Американың Массачусетс штаты тұрғындары ерлі-зайыпты Линда мен Джозеф Мэйоттқа Қазақстаннан асырап алынған екі баланы зорлап жәбір көрсеткенін білеміз. Қазақстаннан асырап алған ұл-қызын қойындарына салып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген ата-анасымақ бар болғаны 20-25 жылға ғана жазасын өтейтін болды. Бұл уақыт сол балалардың ұрланған балдәуренін өтей ала ма? Жетімдердің жанына жара салып, сатып жібере салатынымыз аздай, оларды қорлайтын қылмысқа неге барамыз?

«Бұл мәселемен 2006 жылдан бері айналысып келемін. Қазір балалар үйіндегі әр балаға ай сайын 200 мың теңге бөлінеді. Бала көбейсе, қаржы да көп жұмсалады. Бірақ біз осы монолиттік жүйені бұза алмай отырмыз. Және жүйені бұзғысы келмейтін жандар жетімдерді ұстап отыр. Қазіргі жетім балалар – сол жүйенің құрбандары деуге болады. Жетімдер сол жүйеге кепілге алынған қорғансыздар. Ал сол тастандылар мен жетімдердің сол үйлерден шыққаннан кейінгі бұлыңғыр өміріне ешкім жауапты емес. Ал егер ол бала өз отбасын таба алса, онда оның ертеңге үміті бар. Біз фостерлік отбасылар (патронаттық тәрбие, кәсіби отбасы) туралы заң жобасын дайындап, Мәжіліске апарамыз. Балалар үйі деген мемлекетке масыл мекемені жауып, осымен ауыстырмайынша бұл мәселе шешілмейді», дейді Қазақстандағы балалардың құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин.

  Дерек пен дәйек

Еліміздегі 23 410 тұл жетім және тастанды (әке-шешесінің қамқорлығынан айырылғандар) жәудіркөздеріміз әркімнің босағасында жәутеңдеп жүр. Соның ішінде 17023-і – қазақстандық отбасылардың қамқорлығында, 4035-і – Балалар үйінде, 1751-і патронаттық тәрбиеде болса, 195-ін отбасылар асырап алған.

 P.S.

Қабырғаның арғы жағындағы қоғам. Жәудіреген жетімдердің мекенін өзіміз қолдан жасап отырған жоқпыз ба осы? Әлемдегі өркениетті елдердің барлығы басқа жүйемен өмір сүруде. Оларда баланың балалар үйінде тұруы балаға жасалған қастандық болып есептеледі екен. Ал біз сол қастандыққа тағы да қастандық жамап отырмыз.

 P.P.S.

Бір жыл бұрын шенеуніктер Қазақстандағы жетімдер мен тастандылар саны 32 пайызға, ал Балалар үйінің саны 30 пайызға азайды деген деректерді жария етті. Одан бұрын, Премьер- Министрдің бұрынғы орынбасары Бердібек Сапарбаевтың: «2023 жылы елімізде Балалар үйі деген болмайды. Олардың бәрін отбасылық орталықтарға айналдырамыз» деген сөзі жалпақ жұртқа жария болды. Қараша, желтоқсаннан ары сол жылымыздың да төбесі көрініп қалады екен. Бірақ сөз бен істің алшақтығын біз айтпасақ та аңғарып отырған жайыңыз бар…

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support