- Advertisement -

«Жыртқыш басылымға» жұтылып жүрміз…

78

- Advertisement -

Рейтинг қуған қазіргі заманда қазақстандық ғалымдардың дәреже-деңгейін шетелдік журналға шыққан мақала өлшейді. Бүгінде ауадан ақша жасауды үйренген делдал топтар осыны да ұтымды пайдаланып жүр. Ғаламтордағы мұндай жарнамашыларға хабарлассаңыз, докторлық, магистрлік диссертациялар 200 мың, ғылыми мақаланың құны 10 мың теңгеден басталады. Ал Sсopus-қа мақала шығарудың құны 400 мың теңгеден жоғары. Бұл қоғамдағы басы ашық мәселеге айналды. «Ғылым тауып, мақтанып» жүргендердің жайы осылай жалғаса бере ме?

Былтыр ғана ғылым метрикасымен айналысатын журналдың бірі Scientometrics басылымында зерттеу мақала жарияланды. Онда Scopus базасында жарияланған ғалымдардың еңбектеріне жүргізілген сараптаманың қорытындысы беріліпті. Өкініштісі сол, ондағы нәтиже бойынша Қазақстан «жыртқыш журналдарға» мақала жариялағыш 20 елдің қатарына қосылған.

Phd ғылыми дәрежесін алу үшін кандидат өзінің жұмысы жайлы жеті журналға мақаласын басуы тиіс. Оның бесеуі қазақстандық, екеуі шетелдік, әрі рейтингі жоғары басылым болуы шарт. Ал әлемдік ғылым саласында «жыртқыш журнал», «қоқыс басылым» дейтін ұғымдар бар. Ғылыми зерттеумен айналысып жүргендер бұл сөзді жақсы түсінеді. Бұл – ғылыми құндылығы көк тиынға татымайтын, рейтингтен жұрдай, бүгін бар, ертең жоқ басылымдар.

«Жұмыстың сапасы, жазылуы бойынша барлық жағынан параметрлері келіп тұрғанымен, осы шетелдік басылымдағы мақаласы болмас а, ол жұмыс бағалауға, қорғауға қабылданбайды», дейді С.Сейфуллин атындағы ҚАЗАТУ «Аграрлық техника» диссертациялық кеңе сінің төрағасы Сауқымбек Шәукенов. Мұндай талап бұрынғы жүйеде де болған екен. Бірақ ол кезде зерттеушінің мақаласы шетелдік қандай журналға шықса да жарамды саналған. Ал қазір Web of Scienc және Scopus ақпараттық базаларында белгіленген журналдар ғана есепке алынады екен. Ал ақы сұраудың соңы алаяқтыққа әкеп соқтыруда. Мұны министрлік өкілдері де растайды. «Әр журнал нақты бір баспаның жекеменшігі. Сондықтан авторлар мақаласын ақылы жариялай ма, ақысыз жариялай ма, бұл жеке журналдың саясаты. Онда ақылы түрде мақала қабылдайтын журналдарды ашық қолжетімді журналдар деп атауға болады. Бұлардың ерекшелігі авторлар мақала жолдаған кезде олардан ақы сұрайды. Мысалы, бір журналдың Web of Scienc деректер базасында беделі бар, жақсы журналдар көп. Соған ұқсас қылып алаяқтар бір сайт ашады. Сайттың ішіне шын журналдың барлық көрсеткіштерін салады», – дейді ғылыми қызметкер Марал Томанова.

Сосын, ақшасын төлесе, мақаласын аударып, рәсімдеп, осы журналға басып береді. Ал әр жарты жыл сайын шынайы рейтинг жаңартылғанда әлгі журнал тізімнен шығып қалады да, докторлықтың дәл табалдырығында тұрған үміткердің төккен тері текке кетеді.

Америкалық Web of Scienc деректер базасында 12 мыңдай, ал голландтық Скопус базасында 22 мың басылым бар. «Жыртқыш журналдардың» дені осы Скопуста.

Алматы Менеджмент университетінің мамандары зерттеу жүргізіп, 2017 жылғы жалған, әрі күдікті деген 10 халықаралық журналдың тізімін жасады. Арасында инженерлік және қолданбалы ғылымдарға, қоршаған орта мен оны қорғау мәселелеріне, экономика, теология, математика салаларына қатысты басылымдар бар. Былтыр бұл басылымдарда қазақстандық авторлардың 550-дей мақаласы жарық көрген.

«Беделі бар журнал ешуақытта автор іздемейді, керісінше автор танымал басылымды өзі іздейді. Ал «жыртқыш журналдар» мен делдалдар ғаламтор арқылы үнемі өздерін жарнама лап отырады. Олардан сақтану қажет. Біздегілердің көбі білместіктен, тәжірибесіздіктен солардың алдауына түсіп қалады. Бірақ ең өкініштісі, саналы түрде осы жолды таңдайтындар да бар. Өйткені ақшасын төлесе болды ағылшын тілінде мақала да жазылады, журналға да басылады. Ешнәрсеге бас қатырудың қажеті жоқ», дейді Марал Серікқызы.

Иә, таяқтың екі ұшы бар. Мұндай науқаншылдықтың соңы көшірме диссертация, шала-жансар идея, жалған ғалымдардың көбеюіне әкелуде. Алматы менеджмент университетінің сарапшылары жасаған зерттеуге сүйенсек, әлемдік журналдарда жарияланған мақалалардың сапасы жөнінен Қазақстан 239 елдің ішінде 235-ші орында тұр екен.

2020- 2021 оқу жылына докторанттарды даярлауға арналған мемлекеттік грант санын да іздеп көрдік. Химия мамандығына 100, физика саласына 110, математика және статистикаға 60 грант бөлінген. Енді қараңыз, жыл сайын 100 ғылыми докторды даярлайтын 100 химик- ғалым бар ма? Міне, парадокс! Осыған қарап-ақ жыл сайын ғалымдарды емес, «жалған ғалымдардың әскерін» көбейтіп жатқанымызды көруге болады.

Ең бір өкініштісі, бұл жағдай Scopus базасы мен Web of science дерекқорындағы «Үздік жарияланым», «Ең көп сілтеме» номинацияларымен әлем зерттеушілерінің арасында көш бастап жүрген санаулы ғалымдарымыздың еңбегін жоққа шығарып тұр.

 P.S.

Бір ғылыми мақаланың 7-8 авторы біздің елде ғана бар шығар. Әркім өзіне көрсеткіш ретінде қолданатын көзбояушылығынан-ақ біздегі ғылымның жайын аңғаруға болады. PhD докторанттарға импакт-факторы жоғары журналдарда ғылыми мақала жариялауды міндеттеу бұл дамушы елдерде ғана бар тәжірибе. Мәс елен, Шығыс Еуропа мемлекеттерінде, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия мен Африкада. Әзірге Қазақстан да солардың қатарында. Ал АҚШ, Германия, Франция, Канада секілді дамыған мемлекеттерде ғалымның деңгейі ешуақытта бір мақаламен өлшенген емес. Сондықтан докторлық қорғаудағы бұл талап үш қайнаса сорпасы қосылмайтындардың ғылымға келіп, ал шын ғалымның тасада қалуына себеп болып отырған жоқ па деп алаңдауға да негіз бар…

 

 Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support