«Мөп-мөлдіркөздің қарасын...» Болашақ берер бағасын

«Мөп-мөлдіркөздің қарасын...» Болашақ берер бағасын
ашық дереккөз
«Мөп-мөлдіркөздің қарасын...» Болашақ берер бағасын
Тарихы тағдырлы Тараз шаһары ежелден руханият пен өркениеттің орталығы болғаны ақиқат. Ал оған біз қалай көз жеткіздік? Әр кезеңде Әулиеатадан табылған тарихи деректер мен жауһар жәдігерлер, мәңгілік құнын жоймайтын жазбалар мен әдеби көркем шығармалар арқылы санамызға сіңді. Яғни шаһардың шежіресінен сыр шертетін таудай алтынға бергісіз түйме мен инедей дүниенің, том-том дастандардың ішіндегі бір ауыз сөздің өзі баға жетпес рухани қазына емес пе? Соның бірі – әлемге әйгілі шайыр Фирдоуси айтқан деген «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» ғазалы. Әлем әдебиетіндегі көне шаһардың рухани брендіне айналған бұл сөз осыдан сегіз жыл бұрын қаланың батыс қақпасынан алынып, сол кездегі «Махаббат аллеясындағы» тал-дарақтың арасына көшірілді. Осыдан не ұттық? Тараздың ірі сауда-саттық орталығы болғанын, ежелден жері құнарлы, топырағы текті, табиғаты мен аруларының сөз құдіреті жетпес сұлу болғанын тек поэтикалық шығармалар мен тарихи жазбалардан-ақ анық аңғарамыз. Мәселен, орта ғасырдағы араб географы әл-Идрисидің «Нұзхат әл-мұштақ фихтирақ әл-афақ» атты тарихи-жағрафиялық шығармасында Тараздың солтүстік жағында қарлұқ-түріктер мекендегені, Тараздың оңтүстігіне таман 5 фарсах болатын Касрибас деген жердегі жайылымдарда қарлұқтардың қыстаулары бар екені айтылса, ақын Фирдоуси өзінің әлемге мәшһүр «Шахнаме» шығармасында «Тараздың садағындай қиылған қас» секілді мәңгі теңеулерімен тараздық сұлуларды өзінің музасына айналдырды. Баккулық Абд ар-Рашидтың жағрафиялық шығармасында: «Тараздың ауасы таза, суы мөлдір, жері құнарлы, нағыз бейішті еске түсіреді. Ал тұрғындары жарқын жүзді, кең пейіл, әйелдері мен еркектерінің жүздері қандай сұлу», – деп тебірене жазады. Осындай құнды деректер арқылы ежелгі Таразды көзбен көргендей әсерге бөленетініміз анық. Ал Жамбыл облысының 75 жылдық және «Нұр Отан» партиясының 15 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім» атты республикалық ақындар айтысында шымкенттік ақын Біржан Байтуов: Құлақ түрсе Тараздың саналы елі. Қалаңның қақпасында тұрған жазу, Сан ойға жетеледі жаңа мені. «Мөлдір көздің қарасын, Тек Тараздан табасың» дегенді көз шалар еді. Қыз іздесең Таразға кел дегендей, Көңілге күдікті ойды салар еді, – деп, буын ырғағы өлеңнің талабына бағынбай, жеңіл ұйқасқа құралған сөзімен басқаларға Тараздың қыздарын жарнамалап тұрғандай деп Фирдоусидің сөзін сынға алғаны ел есінде. Сол шараның соңына таман шұғыл шешім шығарылып, бұл сөз қақпадан алынып тасталды. Ал ақылдың шыңы – Абай бас иген шығыс шайырын сынамақ болған Біржан Байтуов сол айтыста жеңімпаз да, жүлдегер де болған жоқ. Қатардағы жаттанды сөз иелерімен бірге қатысушыларға берілетін қаржыны қалтаға басып, тайып тұрды. Хош, ендігі әңгіменің ауанын Фирдоусиге аударсақ. Бұрындары «қазақтың Абайы» деген ұғым қазір «Абайдың қазағы» деген пікірге айналғаны ғұламаның деңгейіне таудың биіктігі, құстың қанаты жете бермейтінін аңғартып тұрғандай. Сол Абай хакім «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп қолына қауырсын алған әр сәтінде: Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиз – бу һәммәси, Мәдәт бер я шағири фәрияд – деп шығыстың жеті шайырының рухынан бата сұрайтын болған. «Шағири» арабша – ақын, ал «фәрияд» парсыша – теңдесі жоқ, асыл деген сөз. Бұл – белгілі абайтанушылардың өзі растап отырған дерек. Бұған қоса ғұмырының соңына дейін Батыс Еуропаның ауасымен демалып, тек батыстың өркениетімен өмір сүрген әйгілі «Фаустың» авторы Гете: «Рудаки, Фирдоуси, Низами, Саади, Хафиз, Хайям, Руми, Физули, Науаи, содан кейін мен» деп шығыс ғұламаларын өзіне пір санағаны тағы бар. Сол Фирдоуси өзінің әлем әдебиетінің қазынасына алтыннан бағалы «Шахнаме» шығармасын сыйлап кетті. Жалғыз өзі жазып шыққан бұл туындымен әлемде теңдесетін бір ғана шығарма бар. Ол бірнеше авторлар жазып шыққан үнділік «Махабхарата» эпосы. Жаһандық әдебиетте жар салып тұрған «Шахнамені» бір ғана адам жазып шыққанын, оның ішінде бір емес, бірнеше жыр жолдары Таразға арналғанын ойлап-ақ, оның еңбекқорлығы мен сұлулықты бағалау шеберлігіне құрметпен қарауға болады. Атақты шығармасында ақын Тараздың сұлулары жайында: «Қиғаш қасы – Тараздың садағындай, Кірпіктері – әсемдік сабағындай», «Сүмбіл шашы Тараздың сұлу неткен, Тәңірім жаратқан-ау наз, әдептен», «Сұңғақ бойлы Тараздың сұлулары, Сызылып сәлем берді, сыр-ау бәрі», «Тұранның даласынан бүркіт ұшқан, Тараздың аруларын назбен құшқан» немесе «Тараздың арулары-ай – нұр тасыған» деп жырлайды. Тек Фирдоуси ғана емес, Тараз мыңдаған жылдар бойы Мәуләви, Һафез, Сағди, Рудаки сынды Шығыс жұлдыздарына арқау болған қала. Рудаки кезінде: «Еу, жиһанкез, масаттанба, Рум мен Тараздың арасын жауласаң да» деп жазған. Бір ару үшін тас-талқаны шыққан Троя қаласындағы сұлуларға да мұндай жыр жолдары арналмаған шығар-ау. Айта кететін тағы бір жайт, шығыстық ақындардың шығармалары бізге ондаған, тіпті жүздеген аудармашылардың уысынан өткенін ескеруіміз керек. Мәселен, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменейдің «Тараз – Парсы ақындарының жыр шумақтарында» атты тәржіма кітабында «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген нақты түпнұсқа жоқ. Бірақ 60 мың бәйіттен, 120 мың өлең жолынан тұратын «Шахнамеде» Фирдоусидің: «Тараздың қара көзді, гүл жүзді арулары» деген бірнеше теңеулер кездеседі. Алайда шығыс ақындарының шығармашылығынан «Мөп-мөлдір көздің қарасы» дейтін мағына Фирдоусиден тарағанын аңғару қиын емес. – Таразды шығыс ақындары мың жыл жырлаған. Олардың ең басында Рудаки тұр. Барлығы көне шаһардың киесі мен хас сұлулығын өлеңге һәм тарихқа айналдырды. Біз үшін ел санасына Фирдоуси айтқан деп сіңген бұл сөз расында Тараздың бай тарихын және әлем әдебиетіндегі өзіндік орнын айшықтап тұр. Меніңше, ол сөзді сынаудың да, кіреберіс қақпадан алып тастаудың да керегі жоқ еді. Фирдоусиді сынайтындай қазіргі айтыскер ақындардың еш жөні жоқ. Оған басым көпшілігінің деңгей-өресі, тарихи білімі, әдеби сауаты, талантының қауқары жетпейді. Біз қайта осы өлмес, өшпес жыр үшін қуануымыз қажет. Шығыс шайырлары мың жыл бойы Тараздың қыз-жігіттерін, аналары мен батырларын, жүйрік тұлпарларын жырға арқау етті. Соған жан-жақты және терең мән беріп, жеңіл сөзге алданбағанымыз абзал, – деді белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы. Осылайша қаңғыған қысыр сөздің кесірінен батыс қақпадан алынған «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» ғазалы Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойындағы тал-дарақтың арасынан орын тапты. Бірақ, бұл сөздің сол аллеяда тұрғанын көпшілік жастарымыз әлі күнге білмейді де. Ол жайлы жастардың өзі не дейді, оны да білдік. – Біз қазір дамыған озық отыз елдің қатарына ену мақсатында «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп» алға ұмтылып келе жатқан Ұлы Дала еліміз. Осы бағытта өркениетті елдердің ғылым мен білім, денсаулық сақтау саласындағы тиімді жүйелерінен бастап, технологиялық өнімдерін, сәнді киімдерін, тіпті трендке айналған майда-шүйде аксессуарларына дейін күнделікті тұтынып жүрміз. Яғни жақсы болғаннан кейін біз оларды «дамыған елдер» деп санап, олардың жетістігін үлгі тұтамыз. Кітаптары мен киноларына тәнті боламыз. Ал осыдан он ғасыр бұрын өзінің атақты шығармасымен тарихта қалған ирандық ақын Фирдоуси басқа шаһарлардың сұлулығына емес, нақты Тараздың аруларына, олардың пәк, саф алтындай сұлулығына тәнті болып, тазалығына «мөп-мөлдір» деп өлеңмен анықтама беріп кетті. Біржан Байтуов – Біржан сал емес қой. Біз әлеуметтік желілерде, республикалық жастардың жиындарында, түрлі ауқымды шараларда «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп марқайып, мақтанатынбыз. Айтыс үстінде әп-сәтте бұл сөздің қақпадан алынып тасталғаны өкінішті-ақ. Қазір бұл сөз көзге түспейтін бір бұрышта тұр. Жасыратыны жоқ, замандастарымның көпшілігі оның қай жерде орналасқанын білмейді де. Менің өзім кейінірек білдім. Жастар аллеясында серуендеп жүргенімде көзім шалып қалды. Алғаш көргенде, құдды бір Фирдоусидің емес, Біржан Байтуовтың сол айтыстағы сөзі тұрғандай әсерде болдым. Одан да, Таразға алыстан ат терлетіп келген қонақтардың назарына кіреберіс қақпада тұрғаны дұрыс еді, – дейді жамбылдық белсенді жас Әлібек Мұратбаев. Шығыс шайыры Фирдоусидің «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген сөздері жазылған тақта Таразға кіреберіс қақпаға Амалбек Тшанов Жамбыл облысын басқарып тұрған кезде ілінген екен. Күні кеше ғана еліміз бойынша алғаш болып «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» тізіміне енген көне шаһардың брендіне айналған сөз қақпадағы тақтадан алынғанымен, тарихтан өшпейтіні анық. Егерде, Фирдоуси мұндай сөзді Шымкенттің немесе еліміздің басқа шаһарларына арнаса жағдай қалай болар еді? Немесе Біржан Байтуов тараздық ақын болғанда аталған айтыста осы сөзді айтар ма еді деген ойға қаласың.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар