Әлеуметтік желідегі трендтердің басым көпшілігі «TikTok» желісі арқылы іске асатыны айтпаса да белгілі. Елімізде бұл қосымшаны 14 миллионнан астам адам қолданады. Тиісінше, мұнда түрлі контенттер жүктеп, тез танымал болуға болады. Егер шет тілдерді неғұрлым көп білген болсаңыз, сол аудиторияның тыныстіршілігін аңдап, өзге тілдерде де контент жүктей білсеңіз, мүмкіндігіңіз одан ары арта береді. Оқырмандар саны мың адамнан асқанда тікелей эфирге шығуға мүмкіндік беріледі. Сол арқылы монетизация жасап, табыс табуға да болады. Көп адамның сүрінетін жері де осы тұс. Тікелей эфирде тапжылмай отырып, теңге тапқысы келетіндер айла-шарғының түр-түрін ойлап тапқан. Елімізде кең танымал трендке айналған түрлері бейнеойындар арқылы, қала атаулары мен руларды өзара жарыстыру арқылы жалғасын тапқан. Мәселен, жастар арасында кеңінен танымал «Grand Theft Auto V» бейнеойыны бірнеше буынның балалық шағына куә десек қателеспейпіз. Мұнда іс-қимыл еркіндігіне шектеу қойылмай, Лос-Анджелес қаласының бұзақылыққа толы көлеңкелі атмосферасын терең сезінуге мүмкіндік берілген. Ал, мұндағы трайбалистік сипаттағы қайыршылық былай іске асады: Тікелей эфир иесі онлайн режимінде бейнеойынды қосып, түрлі маркалы көліктерге еліміздің әр өңірінің нөмірін жазады. Мұның бәрі, әрине тегін емес. Эфир көрермендерінің қайсысы көбірек ақша аударымын жасаса, соның қалаған көлік маркасын таңдап, сол қалаған көлік нөмірін тереді. Осылай әр өңірден бір-бір автокөлік таңдап алып, кезек-кезегімен арнайы қару-жарақпен жарып отырады. Қай өңірдің көрермендері аз ақша аударса, сол автокөліктің күлі бірінші болып көкке ұшады. Осылай соңғы автокөлік қалғанша, ру-руға, жер-жерге бөлінген қазақ аудиториясы сағаттап ақша аударымын жасай береді.
Өз кезегінде мұндай қауіпті тенденцияның тиімділігін аңғарған «TikTok» қолданушылары жүйенің жаңаша түрлерін ойлап тауып, құбылта білген. Енді олар жершілдік сипаттан рушылдыққа баса назар аудара бастады. Оған себеп те жоқ емес. Олар үшін аудиторияның жер-жерге бөлінгенінен гөрі, руға бөлінгені тиімді. Өйткені, қаншалық аудитория аясы кең болса, соншалық көп қаражат аударымдары жасалады. Өз кезегінде мамандар желі қолданушыларының ғаламтордың торына маталып, трайбалистік іс-қимылдың құрбанына айналуын цифрлық тәуелділікпен байланыстырады.
– Бәріміз уақытты тиімді пайдаланғымыз келгенімен, көпшілігіміз әлеуметтік желіге күніне бірнеше сағат жұмсаймыз. Ал, «TikTok» басқа әлеуметтік желілерге қарағанда қысқа бейнелер арқылы жұртшылықтың назарын аудару технологиясының бастауында тұр. Мұндағы қысқа өлшемді бейнелер адамды шексіз тізбекке тәуелді етеді. Сонымен, біз неге тоқтай алмаймыз? Бұл әлеуметтік желіні қолданушылардың өміріндегі қиындықтар мен қилы кезеңдерімен байланысты. Мұндайда әрбір адам жайлы орта іздейді. Ал, әлеуметтік желі көру бізге өмірлік қиындықтар туралы ешкім айтпайтын және бәрі бақытты болып көрінетін нақты әлемдегі проблемалар мен қақтығыстардан тез қашуға мүмкіндік береді. Бейне қарау уақыты ұлғайған сайын, әлеуметтік желі алгоритмдері оны пайдаланушыларға жиі көрсете бастайды, олардың назарын аударады. Екінші жағынан, бейнелер немесе әңгімелер бізді өз өміріміз туралы осындай оқиғаларды жариялауға итермелейді. Мұндайға көбіне еліктеушілік қабілеті жаңа ашылған жасөспірімдер ұрынып жатады. Желі пайдаланушыларының «TikTok»-та тікелей эфир құрбанына айналуына осы себеп болып отыр. Әуелде қызық үшін аз-маз ақша аударамын деп шешкенімен, кейіннен адамдар соған түбегейлі тәуелді болып жатады. Сондай-ақ, мұнда Отан, туған жер, патриотизм сынды қоғамдық құндылықтардың мәнін бұрмалап, дұрыс ұғынбау сипаты көрініс табады, – дейді психолог Замира Байдуллаева.
Смартфонға шұқшиып, замана ағымынан қалғысы келмегендердің бұлай ақша табу жолына түсуінің де себебі жоқ емес. Жалпы, бүгінде аталған қосымша арқылы табыс табатындар қатары артқан. Бұған жаһандық танымалдылыққа ие тренд иелерінің өмір сүру салты мен материалдық қолжетімділіктері себеп болуда. Желі қолданушыларын осындай сипаттағы адамдарға ұқсап-баққысы келетіні белгілі. Ал бүгінде бұл тізімнің басында киберойындар арқылы 120 миллион оқырман жинаған Аддисон Рэй, бет әрлеу ісі арқылы 85 миллион оқырманға танымал болған Белла Поарч, киноактер Уилл Смит пен түрік аспазы Бурак Өздемир де бар. Осы ретте арнайы мамандардан қосымшаның жұмыс жасау жүйесі мен онда тез танымалдылыққа ие болудың жолы туралы сұрап-білдік.
– «TikTok» әлеуметтік желісінде табыс табудың төте жолы – танымал болу. Әдетте кәсіби қолданушылар тарапынан жазылушыларының санын көбейту үшін аудитория сатып алынады. Нарықта мұнымен жүздеген адамдар айналысады. Егер қолданушы ақша жұмсағысы келмесе, оқырмандар санын басқаша көбейтуге болады. Ол үшін бейнематериалды жақсы талдап, дұрыс хэштегтерді қолданып, контентіңізге сәйкес келетін әртүрлі адамдардың жазбаларына түсініктеме беріп, пікір жазғандарға жауап қатып, басқа әлеуметтік желілермен дұрыс байланыс құру қажет . Сондай-ақ, мұнда тікелей эфир арқылы «токендер» жинайды. Эфир көрермендері арнайы монеталар жіберу арқылы қолдау білдіреді. «TikTok» эфир иесі тапқан монета құнының 50 пайызын салып отырады. Ол үшін кемінде пайдаланушыда мың жазылушы болса, «TikTok» тікелей трансляциясын ашады. Бұдан бөлек, қосымшада жарнамалар арқылы табыс табуға болады, – деді СММ маманы Ақниет Баянбек.
Рас, әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы сабақтар жүргізіп, тіл үйретіп, адал ақша тауып жүргендер де бар. Алайда, осындай ақеділ азаматтар арзан күлкісінің жаңғырығы жер жарған алаяқтардың көлеңкесінде қалып қойып жатады. Қоғам тарапынан мәдени қайыршылыққа баланып, таным төмендігінен әрі саналған осындай іс-әрекетке заң шеңберінде жауапкершілік жоқтың қасы. Өйткені, елімізде бұған дейін әлеуметтік желі зардаптары туралы билік биігінде бірнеше мәселе көтерілгенімен, арнайы заң қабылданбаған. Тек жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тақырыпқа сай емес, қауіпті контенттерді жоюмен айналысып келеді. Өткен жылы осы мақсатта аталған платформада төрт миллоннан астам бейнеролик жойылған. Ал, Қырғыстанда биыл 18 сәуірде «TikTok» платформасына заңмен шектеу қойылған. АҚШ тарапы болса әлеуметтік желінің қытайлық иесіне платформаны 2025 жылдың 19 қаңтарына дейін америкалық меншік иесіне сатуды міндеттейтін заңға қол қойды. Олай болмаған жағдайда «TikTok»-қа АҚШ-та да тиым салынбақ. Ең қызығы қосымшаны ойлап тапқан Қытайдың өзінде «TikTok»-ты пайдалануға тыйым салынған. Ал, біздікі сонда қандай желік?
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Тіл оқыту орталығы: Жалақы аз, штат бос, маман жоқ
- 26 желтоқсан, 2024
Той мәдениетін көтеру көптің ісі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді