Мұндағы басты мәселе – сол саябақтарды тиімді пайдалану жайы. Талапқа сай демалыс орындарында, саялы талдың көлеңкесімен қыдырып жүрудің өзі көңіліңді көтереді. Жалпы, саябақта тұрғындарға арналған концерттер өтіп жатса, оның тыңдарманы аз болмайтыны анық. Тіпті, осыдан 3-4 жыл бұрын Тараз қаласындағы саябақтарда ондай ән кештері тұрақты өтіп жататын. Бірақ, кейінгі уақытта облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс», Тұңғыш Президент саябағы тым-тырыс. Біздің өңірде өнер ошақтары аз емес. Сол жерде еңбек ететін өнер шеберлері де, олардан тәлім алып жүрген жас жеткіншектер де баршылық. Яғни, өнерпаздар қатары сиреген жоқ. Ендеше, неге өнер кештері тұрақты өтіп тұрмайды? Әлде ондай іс-шараны ұйымдастыру жағы кемшін бе? Өнер кешін ұйымдастырудың түрлі заманауи форматтарын қарастыруға да болар еді. Мәселен, сазды концерттің арасында белгілі ақындар ортаға шығып өлеңдерін оқыса, жазушылар өздерінің танымал шығармалары туралы ой қозғаса, ол да көпшілікке оң әсер етер ме еді, кім білсін. Біздікі тек ұсыныс. Негізі, іс-шара өткізудің басқа да жолдарын қарастыруға болады. Осы орайда, бірқатар кәсіби өнерпаздарды сөзге тартып көрген едік. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев:
«Ондай іс-шараға шақырып жатса, неге бармасқа, неге әніңді салмасқа? Мен үшін ондай сәттер – рухани демалыс.
Қазір тойға жалданып баратындар елдің үрейін ұшырып тастаған. «Ойбай, анау жұлдыз пәлен бағаға, мынауысы түген бағаға келеді» деген түсініктер ғана жүр елдің санасында. Мен елдің алдында тегін ән салып, сондай түсінікті өзгертер едім. Әншілер дүние қуып кетті. Оларға ән айтқызу үшін ақысын төлеу керек деген сөздерге намысым келеді. Негізі, Жаратушы берген асыл өнер сатылмауы қажет», – деді.
Жазғырып не керегі бар, Шағырбаев шақырса, келемін деп тұр. Онан соң Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Абзал Дәулетбақовтың пікірін білдік. Ол:
«Біз шілде айының алғашқы күнінен бастап бір айға демалысқа кеттік. Бүкіл театр демалып жатыр. Бұл бір айда театр қызметкерлерін ешкім мазаламауы тиіс. 11 ай ауыр еңбектен соң, демала білген де дұрыс қой. Бірақ, өз басым жай күндері де ел алдына шығуға шақырып жатса қуана барар едім. Тіпті, жұмыс күндері де негізгі еңбек сағаттарынан кейін уақыт тауып баратын едім. Театрда да сан түрлі өнер иелері бар. Бес минут бойы әзіл айтып жұртты күлдіре алатындар, салмақты сөздерімен жұртқа ой салатындар аз емес. Кейде қала тұрғындарына әзіл тыңдау да қажет шығар. мүмкін, екі-үш актер бірлесіп, 15 минуттық шағын көңілді қойылым да қойып жіберуге болады. Қысқасы, өнер өкілі ретінде шақырған жерге барып тұруға дайынмын», – деп белсенділігін байқатты.
Біз саябақтарда өнер кештерін өткізу неге саябырлап қалғаны туралы облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді тамыту басқармасына сауал қойған едік. Аталған басқарма басшысының орынбасары Сара Мадиева:
«Сауалыңыз орынды. Осы кезге дейін Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен екі жыл бойы жаздың әр аптасында концерт өтті. Бір жыл «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде, келесі жылы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жүзеге асты. Біз әр аптада концерт өткізуді алдағы тамыз айынан бастап жалғастырамыз. Бірақ, әр аудан өздері өткізетін болады. Келешекте түрлі жобаларды қолға алу ойымызда бар», – деді.
Біз бұл жерде тырнақ астынан кір іздеп отырған жоқпыз. Тұрғындар үшін қажетті мәселені көтердік. Таразымыздың демалыс саябақтары осылай тым-тырыс тұрғанда аудандарда күй тартылып, ән шырқалып жатады деуіміз шындыққа жанаспасы анық. «Сен тимесең, мен тиме» деп тұрған бірер ауданнан мысал келтіруге де болады. Мәселен, Шу ауданы, Ақсу ауылындағы клуб апатты жағдайда болып, осыдан 4-5 жыл бұрын бұзылған. Жаңасы салынады екен деген сыбыс шыққан. Қазір бірнеше жыл өтсе де, 2 мыңға жуық тұрғыны бар Ақсу ауылы клубсыз отыр. Бұл – бір. Кезінде жоғарыда аталған басқарманы ұзақ жыл басқарған, марқұм Әлібек Әмзеұлы Талас ауданы, Кеңес ауылдық округі, Көшек ауылына осыдан 15 жыл бұрын жақсы клуб салдырып берген еді. Сол клуб өртеніп, жарамсыз болып қалыпты. Сол кезде алынған бағалы перделер, жаңа киімдер, орындықтар, басқа да құнды жабдықтар тілсіз жаудың «құрбаны» болып, өртеніп кеткен. Содан бері бұл ауылдың маңдайына клуб бітпей-ақ қойды. Көшек тұрғындары әр кезде аудан әкімі болып барған азаматтарға айтқанымен, халық саны аздау болғандықтан мәселе тасада қалып келеді. Ауыл тұрғыны Дүйсенбай Тойымбетов:
«Бізге бір ғимарат керек. Бір шетін клуб, бір шеті почта, бір шеті кітапхана болса жетер еді. Аудан әкімдеріне талай айтылды, ендігі үміт облыс басшыларында болып тұр. Клуб жоқтығының азабын көріп келеміз. Осы жағы ескерілсе», – дейді.
Аталған ауданның Ойық ауылына қарасты, Көктөбе елді мекенінде де клуб жоқ. Кезінде Асанәлі Әшімов, Илья Жақанов, Досхан Жолжақсынов, Әбиірбек Тінәлі өнер көрсеткен клуб бұзылып кеткелі, бұл ауылдың жастары да сең соққандай сенделіп қалыпты.
Бұл мәселеге облыс басшылығы назар аударар деген үміттеміз. Тараз қаласындағы демалыс саябақтарын ән әуені мен күйдің күмбірі кернеп тұрса дейміз. Ауылға да мәдениет, мәдениет ошағы керектігін ұмытпасақ екен.
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді