
Қазіргі уақытта елдің барлық аймақтарында ыстық және құрғақ ауа райы сақталуда. Төтенше жағдайлар министрлігі тәулік бойы өрт жағдайының мониторингі бойынша іс-шаралар жүргізуде. Орман алқаптары бар өңірлерде әуе кемелерінің кезекшілігі ұйымдастырылды, ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылып, өрт күзеттері қойылған.
Еліміздің өрт сөндіруші-құтқарушылары өрттерге жедел ден қоюға дайын, бірақ олар қауіпсіздік азаматтардың санасына және өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуына да байланысты екенін еске салады. Өрт қаупі жоғары кезеңде от көздеріне, әсіресе орман және дала алқаптарына ерекше назар аудару қажет. Шұғыл қажеттіліксіз от жағуға болмайды. Егер от қажет болса, оның қауіпсіз жерде жанғанына көз жеткізген жөн.
Отты бақылауды қамтамасыз етіп, оны үнемі қадағалап отыру, қолданғаннан кейін оттың толығымен сөндірілгеніне көз жеткізу керек. Сондай-ақ жаз маусымы – ауыл шаруашылығы саласында еңбектің қызатын кезеңі.
Атап айтқанда, шөп шабу және жинау науқаны – мал шаруашылығын қысқы азықпен қамтамасыз етудегі аса маңызды жұмыс. Алайда бұл кезеңде өрт шығу қаупі де жоғарылай түсетіні белгілі. Кепкен шөп, жанғыш материалдар, жоғары температура мен немқұрайдылық, осының барлығы бір сәтте үлкен апатқа әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан да шөп шабу және жинау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – әрбір азаматтың, шаруа қожалығының басты міндеті болуы керек.
Өрттің алдын алу – адам өмірі мен мүлікті, табиғатты аман сақтаудың кепілі. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ауыл тұрғындарына негізгі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Мәселен, шөп шабу техникасы мен көліктердің техникалық жағдайы мұқият тексерілуі тиіс. Ақауы бар тракторлар мен шөп шабатын машиналарды қолдануға тыйым салынады. Шөп жиналатын орындарда ашық от жағуға болмайды.
Темекі шегу де арнайы белгіленген жерлерде ғана рұқсат етіледі. Сонымен бірге шөп маялары мен бумаларын елді мекендерден, қора жайлардан, электр бағандарынан кемінде 50 метр қашықтықта орналастыру қажет. Әрбір шөп сақталатын орында алғашқы өрт сөндіру құралдары – су ыдыстары, күрек, шөп айыр, өрт сөндіргіштер болуы тиіс.
Табиғи найзағай немесе өздігінен жану қауіпіне қарсы шаралар қолдану керек. Шөп ылғалдылығы мен температурасы бақыланып отыруы тиіс.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Аталар берген ақ бата...
- 21 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді