Табиғаттың таңғажайып жұмбағына баланған гүлді ғұламалар жұмақтың жер бетіндегі кескіні деп әспеттейді. Ақиқатында, әр гүлдің өз тарихы, пайда болу жылнамасы, сыйға тартар да өзіндік мәні бар. Адамзат гүлдер әлемін терең білетін, оны бабымен аялайтын мамандықты да осыдан бірнеше ғасыр бұрын ойлап тапқан. Оларды флорист деп атайды. Осы бір сұлу мамандықтың қыр-сырына қанығып, гүлдер әлемінің бар әсемдігін бойымызға сіңдірмекке бір күн флорист болуға бекіндік. Ол үшін біз шаһар орталығында орналасқан «Гүлдер әлемі» гүл дүкеніне бас сұқтық.
Түрлі мерекелердің қарсаңында мұнда жұмыс өте қызу жүреді. Әсіресе, ақпан айының бел ортасынан тапсырыс берушілердің саны күрт өсе бастайды. Дүкен импорттық тауарлармен жұмыс істейді. Яғни, гүлдер Голландия, Эквадор, Колумбия, Кения, Өзбекстан елдерінен келеді. Ал, жергілікті гүл өсірушілер тек қызғалдақпен айналысатындықтан, оның саудасы тек наурыз айында қыза түседі. Жеткізу қызметімен қатар мұндағы флористер түрлі мерекелік кештерді безендірумен де айналысады. Флористердің негізгі қызметі букетті сәнді етіп жинау екені белгілі.
Флористика – шығармашылық жұмыс
Дүкенде ең ұзақ қызмет етіп келе жатқан флорист Анастасия Обвинцеваның бұл салада жүргеніне 17 жыл болған. Орта білімді тәмамдап, оқуды сырттай бөлімде жалғастырған ол осы дүкенге жұмысқа орналасқан. Жастайынан әсемдікке құмар болып өскен қызды гүлдер әлемі мүлде жатырқамапты. Әр букетке бар ынтасын салып, әр гүлдің үйлесімді жұбын тауып, әр мерекеге сәйкес келетін түсті таңдап, соңғы сән мен трендтерді бақылауда ұстап, алдына келген тұтынушының көңіліндегісін дәл табу оның күнделіктегі жұмысына айналған. Айтуынша, әр флорист өз қызметіне шығармашылық дағды ретінде қарауы тиіс. Ізденістен ешқашан қол үзбеуі керек. Себебі, гүлдер әлеміндегі трендтер бір орында тұрмайды. Үздіксіз өзгеріп отырады.
– Мысалы, былтыр қарапайым пион гүлдері трендтен түскен жоқ. Ешқашан сәннен қалмайтын раушан гүлдерімен қатар пионның саудасы қыза түсті. Әсіресе, қалыңдықтар күлгін және қызғылт түсті пиондарға ерекше құмартты, – дейді Анастасия Обвинцева.
Ұзақ жыл гүлдер ортасында жүрген флористер де өздеріне сыйға гүл алғанды ұнатады екен. Кей тұста өздеріне сыйланған гүлдерге сынай қарағанымен, бұл арқылы олар бір мезгіл болсын гүлге күнкөріс көзі немесе әсемдік атрибуты деп қана емес, тамаша тарту ретінде қарай алады. Аталмыш дүкеннің тарихында қарапайым қала тұрғындары саябақтарда гүл сататын қарт әжейлердің бар гүлін сатып алып, осы дүкенге әкеліп, букет жасап беруді өтінген сәттер де болған екен.
Гүл күтімі – күрделі философия емес
Бір күн флорист болып қызмет ету барысында гүл шоғырын ұзақ сақтаудың бірнеше тосын тәсілдерін естіп таңырқап қалдық. Әдетте өзімізге сыйланған гүлді суға салып, оған қант немесе аспирин қосып бәйек болып жатамыз. Ал, шындығында, мұның бірі де гүлдің бастапқы әсем қалпын сақтап қалуға көмектеспейді екен. «Гүлдер әлеміне» келген жандар барлық гүлдердің бөлек әйнек бөлмеде тұрғанын аңғарады. Бұл бөлмеде арнайы салқындатқыш құрал орналасқан. Гүлдердің өз қалпын жоғалтпауына ең алдымен салқын ауа көмектеседі. Сондай-ақ, суын жиі-жиі ауыстырып тұру керек. Гүлді құмыраға салмас бұрын сабақтарын кесу қажет. Гүл техниканы және ыстықты ұнатпайды. Әсіресе, бәріміз сүйетін раушан гүлдері ыстық жерде тұрса тез солады. Сондықтан салқын жерге, салқын суға сабақтарын кесіп салу ләзім.
Флористерде мереке болмайды
Әр мереке көздің жауын алар гүлдерсіз өтпейтіндіктен, флористер де мереке, демалыс деген мүлде болмайды. Олар тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн талмай, ауысыммен жұмыс істейді. Бір жағынан, қуаныш та, қайғы да аяқасты орын алатындықтан, оларға кез келген уақытта сұраныс бар. Әсіресе, Жаңа жылда, Халықаралық әйелдер күнінде, әртүрлі кәсіби мерекелерде флористер аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетеді. Флорист боламын деген адам осындай жағдайларға төзімділік танытуы тиіс. Олар үшін уақыттан бағалы валюта жоқ. Кейбір тұтынушылар бір букетті 5-6 рет өзгертіп, еркелеп те алатын көрінеді. Флористердің ерекшелігі де сол тұтынушының әр өтінішін күліп қабылдап, төзімдерін тезге салады. Тіпті, кейбір азаматтар өз жұбайларымен ренжісіп қалып, оның көңілін табу үшін флористерге арнайы хабарласып, үйін гүлмен көмкеріп беруді өтінген кездер де болады екен. Айтпақшы, өңірге арнайы іссапармен мемлекет басшылары, үлкен меймандар келгенде де мекемелер осы дүкеннің қызметіне жүгінеді. Бұл тұрғыда «Гүлдер әлемінің» жұмысына бәсекелесе алатын дүкен жоқтың қасы. Сондай-ақ, әлемнің кез келген нүктесіне гүл жеткізіп беруге арналған қызмет тек осы дүкенде іске қосылған. Тиянақты жұмыстары үшін қала әкімдігінен марапат та алған екен. «Бұл ұзақ жылғы сапалы қызметтің нәтижесі», дейді дүкен әкімшісі Анастасия Обвинцева. Тоқтала кететін жайт, аталмыш дүкеннің иелері бұл бизнеспен ширек ғасырдан бері айналысып келеді. 30 жыл бойы гүл баптаудың, оны шетелден тапсырыспен алдырудың, сәнді етіп букет жинаудың, тұтынушылар базасын қалыптастырудың бүге-шігесін меңгерген жеке кәсіпкер Татьяна Тюгаеваның әулеті флористика саласы бойынша қанатын кеңге жаюды отбасылық құндылық деп бағалайды.
ТҮЙІН:
Көңіл жабырқағанда, жүрек алқынып, кеуде тар тіршіліктің тұрлауынан шыға алмағанда, бір тал раушан гүлінің жүзімізді жадыратып жіберер тылсым құдіреті барын мойындаңызшы. Сұлулық атаулы жер бетіндегі соңғы гүл солғанша жоғалып кетпесін анық білеміз. Бір күн қаламымызды гүл сабақтарына алмастыру арқылы біз бұл сұлулықтың астарында ұзақ шақырымдар мен мыңдаған идеялар тартысы, тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы қылдан да нәзік байланыс, жылдап төгілген маңдай тер жатқанын білдік. Білдік те, басымызды идік. Кез келген мерекеде құшағымызға қонған гүл атаулының жанарымыздың жауын алар нендей құдіреті барын осыдан кейін анық аңғарғандаймыз.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Әрбір азамат мемлекеттің қамқорлығын сезінуде
- 5 қараша, 2024
Балаға керегі – аялы алақан
- 5 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді