- Advertisement -

Ата-ананың балаға бірінші мейірімі керек

426

- Advertisement -

«Еркелету сабағын» әр отбасында өткізу туралы облыстық білім басқармасы тарапынан түскен нұсқау екі-үш күн бойы әлеуметтік желі қолданушылардың қызу пікірталасына айналды. Қоғам екіге бөлінді. Бірі облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған «Еркелету сабағын» жерден алып, жерге салса, екінші өте дұрыс екенін айтып, балаға ата-ананың мейірімі ауадай қажет екенін еске салды.

Мұндай нұсқау неге түсті? Бірінші осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Бүгінде жасөспірімдер арасында суицидтің белең ала бастағаны қоғамды алаңдата бастады. Қыршын жанды қиып, өз-өзіне қол салған қайғылы оқиға Жамбыл облысында да орын алуда. Сондықтан облыс басшылығының алаңдауы негізсіз емес. Облыс әкімі қайғылы жағдайдың алдын алу үшін осындай шешімге келген шығар…

«Алға, Қазақстан, жаса «Нұр Отан!» деп жылдар бойы ұрандаумен жүріп, ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесі ұмыт қалды. Ата-ананың балаға деген мейірімі де жоғалды. Оны жасыруға болмайды. Енді міне, соның зардабын тартып жатырмыз. Нарықтық қатынастың өтпелі кезінде қайтсем нан тауып, балаларымды аш қалдырмаймын деп, аналар ала дорба арқалап, базар жағалап кетті. Кейін ел еңсесін көтеріп, есін жиды дегенде де көп отбасының қағанасы қарқ болған жоқ.

Тұңғыш Президент Астанада отырып, кнопканы басып, іске қосқан жобалардың бәрі ду қол шапалақтатып, алаулатып-жалаулатып ашылғанымен, қаншасының жұмыс жасап, қаншасының бос тұрғанын ел көріп отыр.

Жұмыссыздық үй иесі-отағасын қайда жұмыс іздеп, қайда қаңғытпады. Ал аналар болса, нан табу үшін оны-мұны сатып, тағы да базарға шықты. Бюджеттік мекемелерде, жұмысын тоқтатпаған іргелі кәсіпорындарда еңбек еткен ер азаматтар мен аналар туралы әңгіме бөлек. Өстіп жүріп, ата-ана ұрпақ тәрбиесінен тыс қалды. Бала ес біле бастағаннан үлкендерден мейірім іздейді. Әсіресе, анасының «айналайын» деген бір ауыз сөзі баланың мерейін өсіріп, көңілін көкке көтереді.

«Жапондар баланы анасының құрсағында жатқаннан тәрбиелейді» дегенді ертеректе әлде бір басылымнан оқығаным бар. Құрсаққа тіршілік иесі пайда болғаннан болашақ ана музыка тыңдайды, жүйкесіне салмақ түсірмейді. Әрбір күнін уайымсыз, көңілді өткізеді. Әке атануды күтіп жүрген күйеулері өздеріне жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін сезініп жан жарын аялаумен болады.Жапондарды қоя тұрып, өзімізге келсек, бұрынғы ата-әжелердің тәрбиесі қандай еді! Немереге деген мейірімі ше?!

«Берсең балаға бер, айтып жүреді» деген қағида сондай үлкен кісілердің кезінде шыққан шығар. Әженің әлдиін тыңдап, атаның ақылын естіп, батасын алған, әкенің қамқорлығын сезініп, анасының «айналайынын» зердесіне құйып өскен жас желкен есейе келе нағыз азамат болып өсті. Қай салада болмасын еңбектің ерен үлгісін көрсеткен, басшылық қызметті жемісті атқарған алдыңғы толқын аға-әпкелеріміз ата мен әженің, әке мен шешенің тәрбиесін көріп, мейірімін сезінді, ерекше қамқорлығын көрді.

Әрбір ата-ана баласының бейім-қабілетін ерте аңғарады. «Біздің баламыз өскенде атақты ғалым немесе ұлағатты ұстаз, білімді инженер, бойынан таланттың ұшқынын сезсе, жезтаңдай әнші, даңқты актер, үлкен жазушы, ақын болады» деп отыру қажет. «Болмаса да ұқсап бағады» сонда. «Еркелету сағатын» білім басқармасы еріккеннен енгізіп отырған жоқ. Әрбір ата-ана ұрпақ тәрбиесі алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек.

«Бала – бауыр етің» деген. Баласы үшін отқа да, суға да түсуден тайынбайтын әке-шеше баласына бір мезгіл мейіріммен қарап, жылы сөзін аямаса, үлкендерге деген қимастық сезімі оянады, өмірге құштарлығы артады, үздік оқуға талпынып, қоғамнан өз орнын табуға ұмтылып, саналы азамат болып өседі.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support