- Advertisement -

Нұсқа

80

- Advertisement -

Өткен ғасырдың 60 жылдарының орта шенінде тура бір туғаннан етіме жабысып шыққан үкілі тақиямды балағында рәзіңкесі бар, үнемі жел гулеп тұратындай кең дамбалымды шешіп, дүкеннің киімдерімен шырттай қып, екі әпкем мені әспеттеп Амангелді сегіз жылдық мектебіне бірінші сыныбына алып барды.

Ауладан ары тауық жайылымы ұзап көрмеген мен үшін сол кездегі қызыл шатырлы зәулім мектеп дәл бір ғаламның жеті кереметінің біріндей көрінгені анық еді. Бүгін қарап отырсам, ең алғаш менің титімдей санам саяси жағынан да сол күні уланған екен. Таңғажайып ғимарат, ақ шағаладай киінген балалар, ақ фартукты, ақ бантикті, мойындарына ал қызыл галстук таққан қыздардың шат-шадыман көңілі, даңғарадай класс, ұлан-ғайыр зал, сол залдың қабырғаларында ілінген пионер батыр балалардың бояуы қанық түрлі түсті суреттері. Мен оларға қызығып, аузымды ашып қарап қалыппын. – Мынау батыр бала Олег Кочевой, мынау Аркадий Гайдар, Зоя Касмодемянская…

Әпкем осылай маған таныстырып келеді. Бұл менің бала көңілімнің, пәк көңілімнің ең бақытты шақтарының бірі шығар, сірә. Кішкентай жүрегім бұлқынады. Мен де дәл осылардай батыр болғым келеді. Олардың кіммен, қалай соғысып қаһармандық жасағанында шаруам жоқ, ол жайлы тіпті түсінік те жоқ. Әйтеуір ұғымда еміс-еміс батырлар жырынан естіп қалған, астында дүлей тұлпары, қолында найзасы жер әлемді қуырып шауып, шауып емес, «…Төбені төңкере тастап» ұшып келе жатқан хас батыр елестейді.

Дәл сол бірінші күні, иә, бала біткен шаттыққа кенеліп жатқан күні мен неге, не үшін екенін білмеймін, Аманбай деген шақшиған, шегір көз баламен шартта-шұрт төбелесіп жаттым.

Ол мына мектепке былтыр келген «қожайын» екен. Менің кіп-кішкентай болып шіреніп тұрғаным оған ұнамаса керек. Әйтеуір, мен емес, әлі күнге маған әй-шайға қарамай күзендей шақылдап келіп ол ұрынған сияқты көрінеді де тұрады.

Мен де біреудің зарығып, өлдім-талдым дегенде көрген шікәрәсімін. Бір әулет бетіне қарап отырған бестасымын. Қай оңайын. Төбелесе кеткем. Аманбай деп отырғаным шахар пәлекет болып шықты. Оның үстіне тырнағы да аюдай ма, бетімді осып, сойып-ақ жібергені. Қан сау ете түсті. Ересектеу балалар келіп ажыратып, біреулері Аманбайды ішке алып кетті де, мені тағы біреулері ұстап қалды. Ызадан булығып байбалам салған болуым керек, қазір толық есімде жоқ, әрине. Бәлкім, бақырған шығармын. Тілім шыққаннан Желеубай көкем үйреткен боқтық-былапыттың неше атасын жіберген шығармын. Әйтеуір басыла алмай Аманбайдың сыныбына кіріп барып, партаның арасында «шайнасып» жатқан жерімнен бір мұғалім ағайдың (оның Сәбит Ақынбаев деген ағай екенін кейін білдім) бақыртып-шақыртып, екі қол, екі аяғымды ербеңдетіп көтеріп алып бара жатқанын, «жібер де, жібер, әкеңнің… шешеңнің… өлтірем…» деп мектепті басыма көтеріп бара жатқанымды білемін… Міне, осылай менің керемет екен, кіл шаттықтан тұрады екен деп бала сезіммен түйсінген «өмір» деп аталатын аласапыран сапарым басталып кетіпті. Және әлі күнге дейін соңымнан қалмаған сол – бір жеңіліс, бір жеңіс итжығыс күреспен басталыпты.

Осылайша жүріп әріп таныдық, октябрять болып кеудемізге жұлдызша тағып бір марқайдық, мойынға алқызыл галстук тағып тағы бір сатыға есейдік.

Төртінші сыныпты бітіретін жыл болуы керек, жылда өзіміз көріп жүретін мұғалімдер ішінен, өзге ұстаздардан ерекше, ерекше болғанда да шымдай қара костюм-сым, ақ көйлек, костюммен түстес жіп-жіңішке қара галстук таққан бір ағай пайда болды. Шаш қойысы да ерекше, жалпы қыр мұрынды сүліктей әдемі қара жігіт. Аты да өзгеше, бірақ қалайда тура сол бойындағы жарасымына сай сияқты көрінеді маған – Есалы. Коридорда, мұғалімдер бөлмесіне кіріп бара жатқанда, жалпы мектептің ленейкасында ғана сыртынан көріп қаламыз. Оның жоғары сынып оқушыларына әдебиет пәнінен сабақ беретінін де ол кезде біле бермейміз. Мүмкін өзіміздегі сияқты әр сыныпқа барлық пәннен бір-ақ мұғалім беретін шығар деп ойлайтын шығармыз.

Мектептің коридоры әжептәуір кең болатын. Арнайы акт залы жоқ. Сондықтан болар түрлі мерекелерде іс-шаралар сонда өтіп жататын. Тіпті ауданнан, облыстан келген театрлар, концерттер де сол жерде өтетін.

Бір жолы жоғары сыныптардың бірі сол жерде әдеби кеш өткізіп жатса керек (біз ол кезде ондайдың бәрін концерт дей салатынбыз). Әйтеуір басында – Есалы ағай жүр. Кейін ойлап отырсам, Есалы ағай сол сыныптың жетекші мұғалімі екен ғой.

Ағай ортаға шығып бір өлең оқыды. Мәнерімен, әдемі әуезбен, кейбір тұстарында бір жігерлі әңгіме айтып тұрғандай қолын сермеп, нұсқап, сілтеп қоятынын қайтерсіз. Мен оған дейін өлең дегенді тақпақ – деп білетінмін. Және тақпақты тек оқушы бала ғана оқиды деген тас-түйін түсінігім болатын.

Сондай балаң ұғымыма дәл сол көрініспен пайдалы күдік әкелді Есалы ағай. Соған еліктеп мен де үйде оңаша қалғанда дауыстап, өзімше мәнерлеп өлең оқитын болдым. Өз түсінігіммен өлеңнің мазмұнына орай қолымды сермеп-сермеп қоятын да болдым. Осы бір көрініс маған мұғалімдерімнің өлең мазмұнын, мағынасын түсіну керек екені жайлы сан қағида, сан ережесін жаттатқанынан да әсерлірек болғанына осы күнге дейін қайран қаламын.

Бәлкім, алдыңғы ағаларды үлгі тұту, идеал көру деген де осы болар.

Бүгінде үзік-үзік елесі ғана қалған алаңсыз- алғаусыз кездердің тағы бір сәті болса керек, ауыл клубында «Құрманғазы» деген спектакль болады деп естідік. Үлкендермен бірге жапа- тармағай балалар да клубқа жиналдық. Тиын іздеп «тентіреген» жоқпыз. Тегін, ойын тегін қойылды. Бір кереметі ролдерде ойнағандар өзіміз мектепте күнде көріп жүретін ұстаздарымыз. Тіпті ішінде менің Гүлдана әпкеммен бірге оқитын жоғары сыныптың «атамандары» Шорабек пен Жетпіс те бар. Бізге бұл облыстық театрдың ойынынан да қызық еді. Олай болмай ше? Өзің күнде көріп жүретін ұстаздарың бір сәтте басқа адамға айналып таң-тамаша қылып жатса.

Басты роль – Құрманғазы ролінде бізге үшінші сыныпта сабақ берген ұстазымыз Жанғара ағай. (Бүгінгі ҚазМУ-дың кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев).

Сәбит ағай бір байдың ролінде. Тіпті, өзіміз бай дегенді көзімізбен көрмесек те тура сол байдың өзі деп тұжырым жасадық. Есалы ағай тағы сол әдемі-биязы бір кейіпкердің ролін ойнап жүр. Қайдан тапқанын бәрі сақал-мұрт жапсырып, сол өткен заманның шапанын, бешпетін киіп алыпты.

Сахна сыртынан аттың дүбірі естіледі де шапан киіп, тымақты милықтатып алған екі жігіт атып шығады. Қолдарында қамшы. Суыт келген сияқты. Келе жүрелеп отыра қалып, әлде бір суыт жағдайды хабарлайды. Олардың бірі – Шорабек, бірі – Жетпіс екенін танып қалғандарымыз тура бір Алматының хақ төрінен таныс артист – көкеміз келіп қалғандай мәз-мейрам болысамыз.

Ертесіне малақайымның алдыңғы күнқағарын түсіріп, шекеме қызыл қағаздан бесжұлдыз жапсырып ағаштан винтовка жасап алып Сапарби, Науан достарымның алдында қып-қызыл қызыл әскер болып шәлтиіп тұрғаным есімде. Әрине, ол кезде шәлтиіп тұрмын деп ойлаппын ба, қызыл әскер болғанда да оның нағыз командирінің өзі едім ғой.

Мұның бәрін балалық әсер дей салармыз. Алайда үлкендердің әрбір әрекеті арттағы ізбасар – ініге тәрбиенің көкесі екен. Иә, сол кездегі көргендерім, түйгендерім менің өмірімде орасан із қалдырыпты.

Олег Кочевайды көріп батыр да болдым, Есалы ағамды көріп ақын да болдым, Жанғара ағамды көріп актер де болдым, тіпті алғаш мектепке бара сала Аманбайлармен қызыл шеке болып төбелессем, оның да менің өмірімде өзінше орны болды. Қайсар болдым, күрескер болдым.

Бесінші класқа көштік. Әр жылы жаңа оқу жылына келгенде ептеп есейіңкіреп келетіндейміз. Әр жылы мектептен жаңалықтар күтеміз. Анау айтқан өзгерістер болмаса да, бірлі-жарым оқушылар басқа жаққа ауысып, басқа ауылдардан бірді-екілі балалар келіп жатады.

Сол жылы бізден кейінгі сыныпқа Жданов ауылынан бір бала ауысып келіпті. Өз сыныбымызда ерекше бір жаңалық болмағанымен соның өзі де біз үшін әжептәуір жаңалық.

Ұзын бойлы, адамға мейіріммен, бауырмалдықпен іштарта қарайтын, сөзінің де, іс-әрекетінің де жүйесі бар ақ сары келген әдеміше баланың аты Бекен екен. Киімі де тап-тұйнақтай жарасымды. Бізге бейне бір Жданов ауылының балаларының бәрі түп-түгел осындай мәдениетті болатындай әсер еткені де шын.

«Бұл бала Есалы ағайдың үйінде жатады екен, ағайдың туған қайнысы екен», – деді біз Чкалов деп атайтын ауылдың оңтүстік бетінде, Есалы ағайлардың үйіне жақын тұратын балалар білгішсініп. Біз оған алғаусыз сендік. Болса болар – дедік. Өзі әдемі киініп жүретін адамның маңындағылардың бәрі осындай мәдениетті болатын шығар, – деген ұғым болған болар бізде сол кезде, бәлкім.

Бекен көпшіл де екен. Бірден бәрімізбен бұрыннан таныс, бірге өскен баладай араласып кетті. Ұйымдастыру қабілеті де байқалды. 4-5-сынып оқушыларынан футбол командасын жинап, Ждановтың балаларымен кездесу өткізетін болдық. Бізді де, қарсылас жақты да ұйымдастырып жүрген Бекен. Жданов ауылы біздің Амангелдіден бес-алты шақырым. Демалыс күні таңертең сонда жүруге жиналдық. Балалардың бас-аяғы құралып жатқанда Бекен екеуміз ұмыт қалған бір зат үшін Бекеннің әпкесінің үйіне келдік.

Үйде Есалы ағай көрінбейді. Әпкесі бар екен. Біздің бала қиял қателеспейді екен. Айтса- айтқандай, үйлері тап-тұйнақтай, тап-таза. Әпкесі мені көре салып іші-бауырыма кіріп, өбектеп-ақ қалды. Ауылда алғаш балабақша деген ашылып соны баламен толтырамыз деп бізді де қарсылығымызға қарамай сонда апарып тоғытқан. Сол балабақшадағы тәрбиеші Қадірше әпкейім Есалы ағайдың келіншегі болып шықты. Демек Бекенің туған әпкесі. Оны дәл сол күні білдім. Балабақшаға әпкелерім зорлықпен әкеліп, байбалам салып көнбей жатқанымда жылы-жылы сөйлеген осы әдемі әпкейімнің мейірімді жүзі мені алып қалған еді. Бірер күннен кейін көрші үйдің баласы Сапарби досым өзіне ойнайтын серік керек болды ма, әйтеуір балабақша жанына келіп аңдып жүріп, далаға шыққанда мені ертіп кетті. Суы тартылып қалған үлкен арықтың ішіне түсіп алып екеуміз алды-артымызға қарамай зытып келе жатқанымыз есімде. Содан қайтып олар мені керек қылмады ма, әйтеуір мен де балабақшаны қажет етпегем.

Міне, сол әпкейім Қадірше бүгін де сол қамқор көңілмен үйге кіріп кетіп, маған қос уыс конфет әкеліп берді.

Бекен болса біздің Амангелдінің балаларындай емес, салмақтылық танытты.

Былай шыға «ой, бәрекелді, кәне әкел бөлісейік». Оны менің әпкем берді ғой» деп міндетсіп, бөлісіп алармыз деп ойлағам. Жоқ, Бекен бұл жолы да мәрттік танытты. Риза пішінмен жымиып келіп, саусағының ұшымен ғана біреуін алды да, алға түсіп жүре берді. Мен қос уыс конфетті шалбарымның екі қалтасына бөліп тыққыштап томпайтып алдым.

…Біз, ауыл балалары үшін әр жаңа жыл шыршасы қызықтың-қызығы болатын. Сол жылғы жаңа жыл да ерекше болып еді. Ақ мақтадан құрап, жапсыра тіккен бе, белуардан түсетін сала құлаш сақал-мұрт нобайын жасап алған, мұрыны, бетінің ұшына дейін қып-қызыл етіп бояп, әппақ бөрікті баса киген Аязатаны тани алмаймыз. Бәлкім, Аязата алыстан, таңғажайып әлемнен балаларға сый алып келеді деген әдемі қиялды бұзғымыз келмейтін шығар. Соған сенгіміз келетіннен бе екен, ол кезде оның кім екеніне онша мән де бергіміз келмейтін еді. Ал олай етуге бұл жолы ерік бермеген бір әсер, осы Аязатаның өзге жылдардағыдан ерекше болғаны еді. Дауысы да созылып, мәнерлеп ерекше шығады. Үнінде бір шуақты мейірім бар. Дауысы таныс. Бірақ бұл кім еді? Еске түсіре алмаймыз. Бізді тағы бір таңғалдырғаны, қасындағы ақшақарынан бөлек тағы бір бет аузын әлеміштеп бояп, домалақ жасанды мұрын жапсырған, көзіне қиық қағаз- маска киген бір міскіннің жүруі еді. Оны да танымай әлекпіз. Киімі де қызық. Шошақ бас киім, кеуде жағы мен төменгі жағы астасып кеткен бітеу киімінің өзі қызық. Бір бұт жағы кеудесімен қызыл, екінші жағы көк, батинкасы ақ… әйтеуір… адам түсініп болмайтын бір «қуыршақ-адам».

Кезегім келіп мен ортаға шықтым. Ән айтамын.

«Жаңарды заман талабы,

Біздің ел бақыт қоғамы.

Ұшырып космос кемесін,

Озды ғой Совет адамы», – деп шырқауым керек. Бұл сол кезде Гагариннің ғарышқа ұшқанының әлі дүмпуі басылмай жатқан кез. Ән сол оқиғаға арналған болуы керек. Өзім ел алдына шығып қысылып, ұяттан өлейін деп тұрмын. Амал жоқ екі қолымды екі жаныма жапсырып, сіресіп тұрып:

«Жаңарды заман талабы», – дей берсем, әлгі әлем-жәлем, мұрны да домалақ пәлекет артымнан келіп бүйірімнен саусағымен барынша түртіп қалғаны. Өзім де оңбай тұрған мен «ыңқ» ете түстім. Әжептәуір әнші боп шырқап тұрып, «ыңқ» ете қалған жаман екен. Жұрт ду күлді. Қап, мынаның қорлығын-ай, ә! Төбелесе кетейін десем, тап мына жерде оның да реті жоқ.

«Мынаның дені сау ма, ел алдында масқара қылды-ау», – деп күйіп өліп барамын. «Қап, әкеңнің… Әйтеуір бір шығарсың сыртқа», деймін ызаланып. Өзін қайыра бір періп жібергім де келеді. Оған аңтарылып бір қарап аламын да, амалым құрып ары қарай әнімді жалғастыра беремін. Үзуге болмайды. Тоқтасам болды, ән айта алмай қалған болып, ел алдында масқара, сынып жетекшімнің алдында қарабет боламын.

Ал оған мына оңбаған мұрсат беретін емес. Тағы да бүйірімнен періп қалып, әйтеуір мен ұқпайтын бір қимылдар жасайды. Қайтейін, пұшайман күйде өлең айтқан күйі: «…ұш-ты-ғ-о-й, Со-вет а-да-мы» деп алға қарай жүріп келемін. Былтыр да, биыл дайындықта да ылғи бір орында тұрып айту қатып қалған заңдай болып қалған адамға жүріп келе жатып өлең айту азап екен. Енді, көп болса екі- үш аттаған шығармын. Ол жерде қайбір, керемет кеңістік бар дейсің. Тура тұмсығыңның алдында көрермен отыр. Құдай біледі-ау, тура бір шақырым жер жынды адамша өзімнен-өзім айқайлап өлең айтып жүріп өткендей масқара – ыңғайсыз күй кештім.

Әй, әйтеуір айтып беттім-ау. Ендігі ол жердегі басты «шаруам» Аязатадан сыйлығымды алу ғой. Үлкен бір жұмысты бітіріп тастап енді ақымды күтіп тұрған адамша жыпылықтап, жалтақ-жалтақ қарап тұрған маған Аяз ата:

– О, бә-ре-кел-ді, балам, – деп даусын әдейі жуандатып, еміреніп келеді. Жақындаған кезде жылы ұшырай күлімдеген көзінен танып қалдым, ой, тоба – Есалы ағай. Ағай – Аязатам берген қалам ба, дәптер ме, әйтеуір қолыма тигенін ала салып сыртқа қарай зыттым. Сынып жетекшім Беген әпкейдің қабағы түсіп кеткен бе, келесі орындаушыны шыршаға қарай шығарып жатыр.

– Әнебіреу кім?! – дедім, шыға ызаға булығып. Оның бір жағы бұдан да қатырып айтар едім ана бір қызыл тұмсық пәледен болды» деп ақталғаным. Байқасам, Беген әпкейімнің ойында ештеме жоқ, көңілді:

– Молодец! Өте жақсы айттың. Анау ма? Ол «Клоун» ғой, ой керемет ойнайды екен, – дейді оған да риза пішінмен.

– Кім ол – «Клон» деген? – деймін, әлі ашуымды баса алмай бұрқылдап.

– Клон емес – «Клоун», деп Беген әпкей күліп жатыр. – Ол – Аманбай! Есалы ағайдың тауып жүргені ғой. Үлкен қаладағы осындай кештерде жұртты күлдіріп жүретін, қазақшасын… не деуші еді, әлгі? Ә-ә, иә… масқарампаз, – деген болады.

– Болса болар, – дедім, әдейі кекесінмен тыжырынып. Ата жауым Аманбай – Клоун дегенге зығырданым қайнап барады.

Қайта мені Құдай сақтап қалған екен. Өзім-өз боп, көйлегім бөз боп, жаңағы иттігіне шыдамадым ғой. Сол жерде төбелесе кетсем не болар еді. Сонда әлемдегі клоунмен төбелескен жалғыз мен болып, елге күлкі болар едім ғой нағыз клоун Аманбай емес, мен болар едім ғой, сонда.

Жайлап келіп, шырша жаққа көз салдым. Зиятхан тақпақ айтып тұр. Клоуным өзінше жүр. Оған тиіспейді. «Аһ, ар-ра-м! үйім жақын… деп тұрсын- ау» дедім іштей.

 

Болат БЕКЖАНОВ,

жазушы, ҚР мәдениет қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support