- Advertisement -

Оташы

125

- Advertisement -

Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Сәтбай қарияны байзақтықтар ұмытпай, «жақсы азамат еді» деп еске алып отырады бүгінде. Мұның сыры жауапты қызметтерді атқара жүріп, елімен етене араласып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білгендігінде, кісінің кісілік қасиетінің молдығында болса керек, сірә. Сәтбай Әбдіқұлов – Отанын қорғаудағы ерлігі, елге еткен еңбегі еленген жан. Бірақ, айтпағым ол емес. Сәтбайдың әке тәлімін көрген, қарашаңырағының отын өшірмей отырған кенже ұлы Қайрат туралы сөз қозғамақпын.
Жасынан оқуға алғыр, зерек болып өскен Қайрат мектепті үздік бітіріп, Алматы медицина институтына сынақсыз қабылданыпты. Оқуды қызыл дипломмен аяқтаған жас маман көп ойланып жатпастан бірден ауылға оралады. Ондағы ойы – елді мекендегі емдеу мекемесінің жұмысын жандандырып, медициналық көмектің сапасын арттыруға өз үлесін қосу. Осы мақсатын орындау үшін Қайрат Әбдіқұлов Байзақ аудандық орталық ауруханада 10 жыл оташы болып қызмет етеді.
Білікті маман он жыл ішінде қаншама адамның өміріне араша түсті десеңізші! Алдына келген талай жанның дертіне дауа тауып, өз міндетін адал атқарды. Сол тұста аурухананы басқарған С. Мәжібаев Қайраттың есімін мақтанышпен ауызға алады.
Қайрат Сәтбайұлының бұл салада еңбек етіп келе жатқанына 27 жылдан асты. 2006 жылдан бастап облыстық офтольмологиялық орталықты басқаруда. 21 дәрігер, 67 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейтін мекемеде тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін көптеген ауқымды істер қолға алынуда. Емдеу мекемесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Күрделі ота жасау, дертті диагностикалау осы құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылуда.
Әке өнегесі шығар, Қайрат қашанда өз ісіне жауапты. Емделу­шілерден қолынан келген көмегін аяп қалмайды. Үлкенге де, кішіге де бірдей ізетті. Қайрат Сәтбайұлының еңбекте табысты болуына жұбайы Динара да үлес қосуда. Мамандығы дәрігер болғандықтан ұғым-түсініктері ортақ. Екі ұл, бір қыз өсірген өнегелі отбасы.

Есіркеп Серікбайұлы,
Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support