Бағананы жалға алыңыз да, ақша төлеңіз!

Бағананы  жалға алыңыз да,  ақша төлеңіз!
ашық дереккөз
Бағананы жалға алыңыз да, ақша төлеңіз!

«Жамбыл электр желілері» ЖШС бүйректен сирақ шығарып, кәсіпкерлерді қыспаққа алып отыр

17Бірнеше жыл бұрын көтеріліп барып басылған бағаналарды жалға алу мәселесі Таразда қайта ушыға бастады. Бұл жолғысы бизнес өкілдерінің шымбайына қатты батқан сияқты. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасына «Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның үстінен аталған монополист мекеменің жаңа тарифтік баға енгізуіне қатысты шағым айтушы кәсіпкерлер қатарының көбейіп отырғандығы дәлел. Қалыптасып отырған жағдайға қысқаша тоқталып өтсек, бүгінгі таңда кәсіпкерлердің барлығына электр қуатын тасымалдаушы ұйым ескерту қағазын жіберген. Онда кәсіпкер 3 күн ішінде «Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның кеңсесіне келіп, жаңа келісім-шартқа отыру керектігі көрсетілген. Егер олай болмаған жағдайда олардың кәсіпорындары электр қуатынан ажыратылмақ. Айдың-күннің аманында осылайша тығырыққа тірелген кәсіпкерлер амалсыз кәсіпкерлер палатасына шағым түсірген. Себебі олар монополист компанияның келісім-шартқа енгізген жаңа толықтыруымен мүлдем келіспей отыр. 

Яғни, олардың айтуынша, электр бағаналары Кеңес одағы кезінде орнатылған. Содан бері оларды ешкім жаңартпаған және мардымды жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Ал, электр сымдары үзілген жағдайда электр маманы мен оның жөндеу жұмыстарына кеткен ақыны кәсіпкерлер өз қалталарынан төлеуде. Сонымен қатар, кәсіпорындарын ашу барысында кәсіпкерлер электр қуатын тасымалдаушы мекемелер тарапынан көрсетілген барлық қызмет түрлерінің ақысын тағы төлейді және тиісті рұқсаттарын алады. Кәсіпкерлер электр қуатын тасымалдаушы мекемелердің әлі пайдаланылмаған электр қуаты үшін алдын ала 200 пайыз көлеміндегі төлем талап ететініне де наразы. Ол аз дегендей бұдан былай монополистер талабына сәйкес кәсіпкерлер үшін 2015 жылдың қаңтарынан бастап коммуналдық қызметтер кестесі «бағананы жалға алу» дейтін тағы бір тармақпен толыққалы отыр. Бағаналарды жалға алу құны әзірге белгісіз. Бірақ, «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС өкілінің айтуынша, инфляция коэффициентіне сәйкес нақтыланатын болады. Міне, осылайша бастарына бұлт үйірілген кәсіпкерлер арыз-шағымы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығы да журналистер алдында брифинг өткізіп, жағдайға қысқаша түсінік берген еді. Облыстық палатаның құқықтық қолдау және қоғамдық мониторинг бөлімінің сарапшысы Нұралы Іргебаев брифинг барысындағы берген түсініктемесіне сүйенсек, монополистің кәсіпкерлерге жіберген өтінішін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыс бойынша департаменті мақұлдаған. Соған қарамастан, коммуналдық қызмет түрлеріне тағы бір пункттің, яғни, нақты тарифпен көрсетілмеген бағаналарды жалға алу жөніндегі талабының енгізілуі кәсіпкерлердің ашу-ызасын тудырып отыр. Бұл мәселе бойынша брифингке арнайы келген бизнес өкілдерін де сөзге тарттық. Монополист компанияның неге бұлай бүліне қалғанын түсіне алмай жүрген олар мұны Елбасы тікелей қолдап отырған кәсіпкерлікке кедергі келтіру деп бағалауда. – Біздің 30 адам жұмыс істеп отырған техникалық қызмет көрсету орталығын қуат көзінен ажырататын болса, барлық жұмысшымыз жұмыссыз қалайын деп отыр. Әрине, бұл монополисті алаңдатып отырған жоқ, – дейді жеке кәсіпкер Жанұзақ Бейсеубаев. Кәсіпкер бұған дейінгі көрсетілген техникалық қызметтер мен электр энергиясы ақыларын дұрыс төлеп келген. Бірақ, соған қарамастан «ЖЭЖ» ЖШС келесі жаңа жылдан бастап 200 пайыз көлемінде алдын ала төлем төлеу туралы талап қойып, электр бағанасына төлеп отырған жылдық техникалық қызметақыны 3774 теңгеден инфляция коэффициентіне сәйкес тағы көтергелі отыр. – Біз қашанда өз қаражатымызға есептеуіштер, кабель сатып аламыз, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Енді бізге сонау кеңестік дәуірден қалған ескі әрі оның күтіміне монополист компания ешқандай шығын шығармай отырған бағаналарды жалға алуды мәжбүрлеп отыр. Бұл мәселе осында келіп отырған екеуміздің ғана бас ауруымыз емес. Қаладағы барлық кәсіпкерлерге қатысы бар, – дейді «Турдыева» жеке кәсіпкерлік субъектісінің жетекшісі Махаббат Тұрдыева. «Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген ата-анасының үнемі проблемалармен, әкімшілік кедергілермен күресіп жүргенін көрген балаларымыз болашақта бизнеспен қалай айналыспақ, қолды бір сілтейді ғой олар да» деген жеке кәсіпкер мұндай талаптардың заңдылығы тексерілу керек дейді. Брифинг барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зәуре Адамбаева бұл мәселе бойынша прокуратура мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыс бойынша департаментіне қайырылғандарын айтып өтті және алдағы уақытта қосымша ақпараттар да жолданатынын жеткізді. Қазір бұл бойынша тексеру жұмыстары басталып кетті. Дегенмен, бұл мәселе төңірегінде «ЖЭЖ» ЖШС-ның да айтары жоқ емес. Сондықтан, жағдайды біз де назарымызда ұстаймыз.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар