- Advertisement -

Масылдық психологиядан қашан арыламыз?

122

- Advertisement -

Жасырып жабатын несі бар, шындық бәрібір шығады. Бүгінде елімізде жаңадан шаңырақ көтерген үш отбасының біреуі бір жылға жетпей ажырасады екен. Облысымыздағы жағдай да осы шамалас. Жаңадан шаңырақ көтергендердің кейбірін түсінуге де болады. Көпшілігі отбасылық өмірдің алғашқы қиындығына төзе алмай айырылысып кетеді. Бірақ соңғы жылдары отау құрғанына біршама жыл болған келіншектер бірнеше баласымен ажырасуға бейім бола бастапты. Неге?

Айдың-күннің аманында, бас жарылып, қол сынбай осындай келеңсіз жағдайлар орын алып жатыр. Жас аналардың сондағы ойы – асыраушысы жоқ адам ретінде Үкіметтен балаларына көмек алу, жұмыс жағдайында өзіне деген жанашырлықты күшейту екен. Осы орайда Талас ауданының Қаратау қаласында орын алған мына жағдай тіпті жаға ұстатты. Төрт баласына әлеуметтік жәрдемақы алып күн бағып жүрген, ажырасқан бір келіншек үлкен баласы 18 жасқа толып, жәрдемақысы азаяр тұста қайта қамданып, некесіз азаматтан бір қыз туып ала қойыпты. Сөйтіп, тұңғышы кәмелеттік жасқа толғанша бесінші перзенті өмірге келіп, әйелдің Үкіметтен алатын жәрдемақысына ешқандай нұқсан келмей, жалғаса беріпті.

Бұл жерде өмірдің барлық мәні–ақша ғана ма? Анау төрт баланы әкесіз қалдырғанымен қоймай, соңғы баланы «көлденең көк аттыдан» туып ала қойғанын қалай құптауға болады? Бұл әрекет адамгершілікке, қазақы болмысымызға сын емес пе? Осы жағдайды бізге айтқан аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметші: «Өкінішке қарай, әйелдер арасында осындай келеңсіздіктер белең алуда. Жас әйелдер әлеуметтік көмек алу үшін неше түрлі айла, тәсілге баратынды шығарды. Мейлі, Үкіметтен ақшасын алар- ау. Ал отбасындағы тәрбие қайда қалады? «Ақша» деп толыққанды отбасы болуды ұмытып кетпекпіз бе?

Мемлекет тарапынан жалғызбасты аналарға жағдай жасай бергенше, бүтін отбасыға көмек көрсетілсе деген тілек бар. Бір бала туғаннан бастап, әр перзент өмірге келген сайын тұтас отбасына берілетін әлеуметтік көмек көлемі ұлғая түссе, жас отбасылардың бүтіндігі сақталатын еді. Бәлкім, ажырасу да азаяр ма еді» деді. Мұндай пайым да ашынғаннан соң айтылса керек. Әйелдер құдды баласын әлеуметтік көмек алу үшін ғана табатын секілді. Сөйтіп жүріп жас аналар өздерінің ана ретіндегі жауапкершілігін жоғалтып алғандай. «Қит» етсе мемлекетке алақан жайып отыратын масылдық психологиядан қашан айырылады екенбіз?

Тараз қаласында осыдан он екі жыл бұрын ашылған балабақшаға сол жылдары бірнеше адам қызметке қабылданса керек. Сол кадрлардан бүгінде екі-үшеуі ғана қызметінде қалыпты. Жақында аталған балабақшада қысқарту жүретіні хабарланыпты. Сонда әлгі байырғы үш маман: «Біздер 12-13 жыл бұрын жұмысқа келдік. Бізді қысқарта қоймас» деп ойлапты. Бірде балабақша меңгерушісі бұрын келгендердің арасынан да екі маман қысқаруы мүмкін екенін хабарлапты. Әлгі тәрбиешілер түсінбей, заңдылық бойынша басшыдан мәселенің мән-жайын сұраса, «Сіздердің отбасыларыңыз бүтін, асыраушыларыңыз бар. Ал олардың асыраушысы жоқ, жалғызілікті ана, толық емес отбасынан» деген жауап алыпты басшылық тараптан. Сөйтіп, сараптама жасап қараса, әлгі мекемеде істейтін 50 адамның 3-4-і ғана бүтін отбасынан болып кездесіп, қалғанының барлығы толық емес отбасынан екені анықталыпты. Балабақша болған соң, қызметкерлердің 90 пайызы әйелдер көрінеді. Солардың арасында бір-екі баласымен ажырасқан жалғызілікті келіншектер өте көп екен.

Енді аракідік тағдырдың жазуымен күйеуі марқұм болған әйелдер де бар, әрине. Ал енді әлеуметтік көмек үшін көпе-көрнеу ажырасқан, асыраушысы жоқ отбасы «статусында» көрінгісі келгендерді қалай түсінуге болады? Сол балабақшадағы бір танысым: «Сонда әлгі жұмыс үшін ажырасқан келіншектер міз бақпай жүр. Қайта біз айрықша қорғалатын топқа жатамыз дегендей, көңілдерінде мақтаныш сезімі бар» деп жағасын ұстады.

Қарап отырсақ, отбасы тауқыметін ері мен әйелі бірге арқалап, балалары үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген бүтін отбасы өкілдерінің кінәсі не? Жазығы күйеуін сыйлап, отбасын сақтап, бірнеше баланы да бағып-қағып отырғаны ма? «Қайтып келген қыз жаман» деген қазақы қағидамыздан қалай оңай ажырап бара жатырмыз?! Қазіргі келіншектер арқа сүйер отағасының бар болуымен емес, күйеуі жоқ болып жүргенімен мақтанатын жағдайға жетті.

Тіпті кейбір ата-аналардың өзі бүгінде: «Қызым-ау, сен де ажыраса сал. Үкімет ажырасқанды бірінші қолдайды екен. Жұмысыңнан қысқармайсың. Тез баспаналы да боласың, жақсы емес пе?» деп үгіттейтін көрінеді. Ең сорақысы, бүгінде сот жүзінде ажырасып, балаларына жәрдемақы алып, күйеуімен бірге тұрып жатқан әйелдер де бар екен.

Қоғамдағы осындай түйткілдерді көріп, жаға ұстап, жанымыз қатты ауырып отыр. Біз онсыз да әлеуметтік желі дамығалы тәрбиемізді ақсатып алдық. Бұрын қазақ қоғамында ажырасу деген мүлдем болмаған. «Шыққан қыз шиден тысқары» деп, сол елге тастай батып, судай сіңуін тіледі. Ал қазіргі кейбір аналар: «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сияды» деп тұрмысқа шыққанына көп болмаған қызын ажырастырып, үйіне әкеліп алады.

Бұл мәселе төңірегінде әркім де терең ойланғаны абзал. Әйелдердің масылдық психологияға дендеп бой алдырғаны, жұмыс үшін отбасын бұзуға дейін баратын әрекеттері әркімді бейжай қалдырады деп айта алмаймыз. Сол үшін жастардың ажырасуына тосқауыл қою да үлкен міндет. Себебі, бүтін отбасы – мемлекеттің байлығы. Осыны барлығымыз толық түсінетін уақыт жеткен сыңайлы. Әйтпесе, толыққанды емес отбасында өсу балаға да теріс әсер береді. Бұл да – қасірет.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support