- Advertisement -

Шерағаның жұлдызы (Естелік)

244

- Advertisement -

Шерағаның аты естілсе, есіме сол бір жастық күндер түседі. Жастық шақтың қызығы мол қайта оралмас сәттері елес беріп өткендей болады. Құлағымда қайтқан құстың қанатының сусылынан енді қайтып естіле қоймас, енді қайтып жүрегіңді әлдилей қоймас сағыныш сазы жаңғырғандай болады. Хакім Абайдың тілімен айтқанда: «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар. Ақырын-ақырын жылыстап, Алыстап кетті-ау, құрғырлар» деп, аһ ұра, көкірегің қарс айырыла күрсінген өтпелі шақ жан дүниеңде тағы бір аунап түскендей болады.

Ол кезде заман басқа еді, Кеңес дәуірі болатын. Біз уыздай мөлдіреген жас едік. Сол шақтағы С.Киров атындағы қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің тіл және әдебиет бөлімінің студенті едік. Ақындық тебіреніспен айтқанда:
Студент болу дегенің,
Ізгі өмірдің бас жағы.
Осылай болып өтсе екен,
Әр адамның жас шағы, – деп арман еткен студенттік жылдардың да аяқталып, түгесіп қалған шағы еді. Дипломға тақырып таңдау, оны ғылыми негізде жазып шығу науқаны басталған. Әр студент кафедраға барып, өзіне ілікті тақырыбын талғап алып жатты. Ә.Нұрпейісов, З.Қабдолов, М.Мағауин, О.Бөкеев, Ә.Тарази шығармалары әлденеше дипломдық жұмысқа арқау болды. Менің үлесіме Шерхан Мұртазаның прозасы тиді.

Сонымен сол кездегі әдебиеттің інжу- маржаны саналған «Мылтықсыз майдан» топтамасынан диплом жазуға кірістім. Шераға сол кездің өзінде аты ел аузынан түспейтін айтулы қаламгер еді. Менің де жазғандарын үнемі үзбей оқып жүретін сүйікті жазушым еді. Ал Шерағаң болса, сол шақта Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болып қызмет істейтін. «Шерхан Мұртаза және оның прозасы» деген тақырыптағы көлемді диплом жұмысы да жазылып біткен. Көлемі баршылық, аумақты дүние болатын. Сонымен аяғымды имене басып, қыздай сызылып, Шерағаның алдында отырдым. Амандықтан кейін іле жай сұрады.
– Ал жігітім, келген шаруаңды айта бер, – деді.
Мен ештеңе демедім. Және ештеңе деудің де реті келмеді.Оның есесіне диполомдық жұмыстың қолжазбасын алдына қойдым. Шерағаң көзілдірігін жөндеп киді де, мен әкелген дүниеге шұқшия қарады. Алдындағы нендей зат екенін біле қойды. Біле қойды да, көзі күлімдеп, мұрты әнтек секіргендей болып, қозғалақтап басылды.

– Пәлі, мынау деген таза еңбек қой,– деді қуақы пішінмен, – мұндай еңбекті бағалауға да, құрметтеуге де болады. Бұл Киров университеті студенттерінің менің шығармашылығым жайлы жазған екінші дипломдық еңбегі. «Қара маржанды» оқыған шығарсың?
– Оқыдым,– дедім мен.
– Қалай, ұнаған болар.
– О, не дегеніңіз, бұл деген таптырмайтын дүниелер ғой.
– Өткен жылы сол шығарма турасында алғашқы дипломдық жұмыс қорғалды. Ол өзі кеншілер туралы жазылған көркем дүние еді. Үлкен бәйгеде де жолы болды. Абай атындағы мемлекеттік сыйлық алған. Ал сен екіншісін алдыма әкеліп отырсың.

Әңгіме бұдан ары түрлі дипломдық жұмыстар, олардың мәні мен мағынасы, осындай жұмыстардың үлкен ғылымда алатын орны жайлы тақырыптарға қарай ойысты. Шераға тебіреніп біраз сөйледі. Сөз арасында өз өмірі жайлы, өзінің Мәскеуде оқыған студенттік жылдары турасында да қысқаша мәлімет беріп өтті. Шераға мен әкелген дипломдық жұмысты оқуға алып қалды. Айтылған күні айналып, қайта кеңсесіне келдім. Үлкен ағамыз орнында жоқ екен. Тағы да Мәскеу аттаныпты.

Қолжазбаның сыртына жалғыз парақ қағазға өз пікірін жазып қалдырыпты. Сондағы жазғаны мынау еді. «Қарағым Дәнеш, жазғаныңды оқып шықтым. Көп ізденгенің, көп еңбектенгенің жұмыстың әр бетінен, әр тарауынан көзге ұрып, көрініп тұр. Менің айтарым мынау, сен таза «Мылтықсыз майданды» ғана қолыңа ал. Сонымен жұмыс жаса. Бір дипломға сол да жетіп жатыр. Ал «Қызыл жебені» араластырма. Өзің білесің, ол мүлдем басқа тақырып, «Қызыл жебе» жайлы жазғандарыңды қолжазбадан алып таста. Өзіңе сәттілік тілеймін…»
Мен үлкен ағаның меңзеген тапсырмасын тегіс орындадым. «Қызыл жебені» диплом жұмысынан алып тастадым. Мұның өзі де сәтті дүние болды. Қолжазба ықшамдалып, сыптығырланып шыға келді. Ең қуанарлығы сол, диплом қорғау жұмысына Шерағаның өзі қатысты. Дипломды өте жақсы деген бағамен қорғап шықтым. Шераға бұл мәурітте де тебіреніп сөз сөйледі.

Әр адамның өзінің өмір бойы ұмытпас, тірлік жолында айтып жүретін қызықты сәттері, есте қалған елеулі оқиғалары болады ғой. Менің де Ұлы Шерхан турасында есімде сақталып қалған ерекше сәттер осылар.

Диплом алғаннан кейін ауылға жол тарттық. Көп жылдар ауылда, мектеп аясында өтті. Алайда Шерағаны естен шығарған емеспін. Әр жылы Алматыға келген сайын әз ағаны қызмет істеген жеріне іздеп барып, есендесіп жүрдім. Құдіретті қаламынан туған талай- талай туындыларын үй төріне киелі заттай әспеттеп, сақтап қойдым. Бүгінде Шерағаның өзімен болмаса да, том-том кітаптарымен бірлікте ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар. Өйткені ол «Ақиқаттың ақ туын» биік көтерген адам. Қазақ руханиятында Шераға көтерген ақиқаттың ақ туы аласармасын!

 

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support