- Advertisement -

Ширек ғасыр шежірелі басылыммен біргемін

55

- Advertisement -

1971 жылы мен Жамбыл қаласындағы педагогикалық институтты шет тілі (ағылшын) пәні бойынша бітіріп, қолыма диплом алып, Қаратау қаласындағы ХХІІ партсъезі (қазіргі Д.Қонаев) орта мектебіне арнайы жолдамамен барып, еңбек жолымды бастадым. Сол кезде мектепте жас мұғалімдер жоқтың қасы екен. Мен барып қызметімді бастаған соң, білім ошағындағы ардагер ұстаздар қуанып, «Жас келсе – іске» деп, «Жас Қайрат» деп ат қойып мені мектептегі бастауыш комсомол ұйымына хатшы етіп сайлады.

Сөйтіп, қызу іске кірісіп кеттім. Ұстаздар қауымынан комсомол мүшелерінің қатары аз болғандықтан, екі жүзге тарта мүшесі бар оқушылардың бастауыш комсомол ұйымын бірлесіп басқарып жүрдім. Мектепте әртүрлі қызықты іс-шаралар өткізіп, оған мектеп оқушылары мен жас ұстаздарды тарта бастадық. Жас ұстаздарға әр салаға бейіміне қарай түрлі үйірмелерге жетекшілік етуді тапсырып қойдым.

Өзім де жас кезімнен спортқа бейім болғандықтан оқушылардан құралған футбол, волейбол және қол добы командаларын жасақтап, жаттығуды бастап кеттік. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар, тәрбие берсең арасынан неше түрлі әнші, биші, спортшылар шығатынына сонда көзім жетті. Біз әртүрлі спорт түрінен құрған командалар қалаішілік, мектепаралық жарыстарда үздік жетістіктерге жетіп отырдық. Әсіресе қыздардан құралған қол добы командасы еш командаға дес бермей, талай жыл қала чемпионы болып жүрді.

Мектепте ешқандай музыкалық аспаптар, аппараттар жоқ екен. Соған қарамастан талаптанып, жас мұғалімдер мен жоғары сынып оқушыларымен бірлескен көркемөнерпаздар үйірмесін құрдық. Үйірме жетекшісі өзінің жеке баян аспабын алып келіп, балаларды өнерге баулып жүрді, ата-аналар мен жас ұстаздардың көмегімен мектепке музыкалық аппараттар мен аспаптар сатып алып, оқушылардан кішігірім ансамбль құрдық.

Мектепте көркемөнерпаздар ұйымы өз дәрежесіне жеткен соң, апта соңында әртүрлі қызықты кештер ұйымдастыра бастадық. Кеш соңы жалпы биге ұласып, жастар көңілді тарқасатын. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларын еңбекке тәрбиелеу мақсатында мектеп ауласын көріктендіру-көгеріштендіру, тазалық жұмыстарына да тартатынбыз. Сол жылдары Қаратау қаласы Кентау қаласынан кейін екінші таза қала атағын алғаны осыған дәлел еді.

1973-1974 оқу жылын белсенді табысты еңбегімізбен аяқтаймыз деп отырғанда, мектебімізге облыстық «Еңбек туы» қазіргі «Ақ жол» газетінің екі тілші келді. Біреуі Қаратау, Жаңатас қалаларындағы меншікті тілшісі, ұмытпасам – Базар Қилыбаев болу керек, екіншісі – осы газеттің арнайы тілші Қасықбай Асаубаев еді. Тілшілер мектебіміздің тынысын басылым бетінде көрсетуге ниетті екендігін айтты. Мен жастар тәрбиесіне қатысты біздің қолға алған жұмыстарымыз туралы егжей-тегжейлі айтып бердім.

Арнайы келген тілші бір сағаттай сұхбаттасқан соң, рақметін айтып кетіп қалған. Ойымда ештеңе жоқ, оншақты күн өткен соң, ертеңгісін мектепке келсем, мұғалімдер мені «газет бетіне сенің көлемді мақалаң шығыпты, құтты болсын, өте тамаша, тартымды және жастарға тәрбиесі мол екен» деп құттықтап, жақсы тілектерін жаудырды. Бір мұғалім газетті ала келген екен, ашып қарасам, өткендегі газет тілшісіне берген сұхбатымды тілші азамат менің атымнан газет бетіне жариялаған екен.

Мінекей, осы мақала мені қатты шабыттандырып, толғандырып, неге өзім мектепішілік, қаладағы өтіп жатқан игі іс-шараларды газетке жіберіп отырмасқа деген ойға жетеледі. Алғашында кішігірім мақалаларды жолдап отырдым. Көбісі газет бетіне жарияланып, кейбірі әртүрлі кемшіліктермен жарияланбай жатты. Соған қарамастан, жазуымды тоқтатпадым. Сол кезде мұғалімдерге газет- журналдарға жазылу міндетті болатын. Мен 1971 жылдан бастап сол кездегі «Еңбек туы» қазіргі «Аq jol» газетін әлі күнге жаздырып алып оқимын. Биыл 51 жыл болады екен, мен газетті жаздырып алып, тоқтаусыз оқып жүргеніме.

Өзімнің мақалам жарияланған күннен бастап сүйікті газетімді асыға күтетін болдым және газет бетіндегі жарияланған мақалалар мен материалдарды түгел оқып шығамын. Міне содан бері өзіміздің сүйікті газетіміз «Аq jol»-ды үзбей жаздырып алып оқимын. Биыл төл газетіміздің 100 жылдық мерейтойы болғандықтан менің де кішкентай болса да қолтаңбам қалғанын айтайын деп, қолыма қалам алдым. Сол кездегі азғантай болса да еңбегіммен газетпен байланысымды үзбедім. 1975 әлде 1976 жылы болу керек, қаламыздың меншікті тілшісі мектепке келіп, мектеп әкімшілігі мен ұстаздар алдында маған арнайы «Еңбек туы» газетінің штаттан тыс тілшісі деген куәлігін тапсырып, жұмысыма табыс тілегені күні бүгінге дейін жадымнан шыққан емес.

Осыдан кейін қалай шабыттанбайсың? Мақала жазуды тоқтатқан жоқпын, ізденіп, бұрынғыдан да көлемді, әсерлі мақалалар жаза бастадым. Соның ішіндегі көлемді мақаланың бірі – «Алғашқы алты домбыра» атты мақала болды. Мұнда Қаратау қаласындағы мәдениет үйі жанынан қала жастарынан құралған ән-би ансамблін құру туралы мәселе көтердім. Сонымен алғашқы ансамбль мүшелері ұйымдастырылды, тек бізде қолымызда жарайтын алты ғана домбыра бар екен. Оркестр құру үшін басқа да көп инструменттер қосу керек екен, оны қалалық мәдениет үйі алып берді. Осылай ансамбльдің алғашқы тобы – домбыра оркестрі пайда болған еді газетте көтерілген мақаланың арқасында. Енді ансамбльдің атын атап, құжатын реттеп, қалалық мәдениет үйіне тапсыру керек болды. Ансамбль мүшелері және жетекшілерімен ақылдасып, ансамбль алты домбырамен басталып еді ғой, «Алғашқы алты домбыра» деп атайық деген ұсыныс тастадық. Сол ансамбль талай жыл халыққа қызмет еткен еді. Облыс айнасының келесі бір санында «Көліктер қашанғы қоян қуады?» атты сыни мақалам жарық көрді. Мақалада «Тараз-Қаратау» бағытындағы автожолдың өте жаман екендігі, көліктер тура қоян қуғандай жолдың ана шетіне бір, мына шетіне бір қисайып, көлік ішіндегі адамдар бір-бірімен соқтығысып, бір жарым сағат жүретін жерге үш сағатта әрең жүріп өтетінін сынға алып жазып едім, соның септігі тиді ме, жолымыз бір-екі жылда реттеліп, жөнделген болатын.

Мақаланың қайсыбірін қайталап жаза беремін, кезінде оқырмандардың өздері де оқыған болар. Әлі күнге «Аq jol» газетінен қол үзбей, жылда жаздырып оқып облыс, аудан, ауылдардың тыныс- тіршілігімен танысып отырамын.

Осы күндері газет бетінде өз қолтаңбаларымен елге танылып, оның ішінде өз мамандығы болмаса да әсерлі әңгіме, көлемді мақалалар жазатын Сағындық Ордабековті айрықша атар едім. Жалпы «Аq jol» газетінің қазіргі шығармашылық тобы, олардың көтерген өзекті мәселелерінің қай-қайсысы болсын сүйсіндіреді. «Аq jol» газеті облысымыздың, аудан, ауылымыздың айнасы. Газетіміздің төл мерекесі, 100 жылдығы құтты болсын.

 

Келіс ӘБІТАЕВ,

ардагер ұстаз.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support