- Advertisement -

Жаңа медианың жақсы жағы да жетерлік

29

- Advertisement -

Заман ілгерілеген сайын сан-саланың тізгінін ұстаған мамандарға қойылатын талап та күшейеді. Яки сол талаптың үдесінен шығып, жаңашылдыққа бойұсынудан басқа амал жоқ тәрізді. Әсіресе ғаламтордың мүмкіндігі молайғанда осы өзгеріс бірнеше салаға, соның ішінде дәстүрлі журналистикаға айтарлықтай әсер ететінін мойындамасқа амал жоқ. Ақпарат заманында әлеуметтік желі белсенділерінің, блогерлердің айы оңынан туған тәрізді. «Тәуелсіз журналист» деген термин де дәл осы тұста пайда болды.

Әрине, өткенге көз тастап, қай дәуірді алып қарасақ та адамзат баласы ақпаратқа зәру болған. Тіпті археологтардың өзі ежелгі дәуірде адамзаттың тасқа қашалып жазылған таңбалар арқылы хабар алмасқанын айтады. Бертін келе ақпарат саласы қанатын кеңге жайып, сала мамандары радио, газет, телеарналар арқылы елге хабар тарата бастады. Қарап отырсақ, журналистика салаларының қай-қайсысы да заманда қуатты күшке айналды. Демек, журналистика саласы да заман ағымымен ілгерілеп, дамып, жаңарып отырды. Орталық көшелерде газет сататын жеткіншектерден басылымның жаңа нөмірін таласып-тармасып алатын дәуірді көрмесек те, кешегі дүңгіршектердің алдындағы ұзын-сонар кезек еміс-еміс есте. Өткен өтті, енді ғаламтор дамыған заманда журналистиканың өзін «дәстүрлі медиа» және «жаңа медиа» деп екіге бөліп қарайтын күнге жеттік. Жаңа медианың ерекшелігі сол, қолында смартфоны бар кез келген адам ақпарат тарата алады. Яғни, ашық ақпарат алаңындағы жаңалыққа қоғам еркін әрі лезде пікір білдіре алады. Жасыратыны жоқ, кеңестік дәуірде БАҚ арқылы билік ақпаратты бұрмалап, идеологияға баса мән берді. Бір сөзбен айтқанда, өткенді бүгінгімен салыстыруға келмейді. Бүгінде радиода, мерзімді басылымда, телеарнада еңбек етіп жүрген әріптестеріміз халықты дәйекті, шынайы ақпаратпен қамтуға күш салуда. Газет пен телеарналар ресми сайт ашып, жаңа медиамен үзеңгілесіп келеді. Дәстүрлі журналистиканың жайы көпке таныс болған соң, жаңа медиаға көбірек тоқталғанымыз дұрыс болар. Бүгінде ел-жұрт ақпаратты таңдап, талдап оқитын күнге жетті. Бірақ, өкініштісі, елдің сұранысы арзан, жеңіл дүниелерге түсіп тұр. Содан болар, кейбір журналистер «Бас жарылып, көз шықты» деген сипаттағы ақпараттарды іздеп, әртістердің тамағы мен киім-кешегін түгендеп жүр. Интернет сайттардың дені оқырман жинау үшін елді елең еткізетін «сенсация» жариялауға тырысып бағады. Бір сайттан «жылт» еткен жағымсыз ақпаратты қатесімен көшіріп басудан именбейтіндер де аз емес. Қайта тіл мамандары ақпараттағы көз сүрінетін қателерді теріп, қатесіз жазуды барынша үйретіп келеді. Бірақ, ол жазбаны екінің бірі көрмейтіні тағы бар. Ашықтық деген осы екен деп, жантүршігерлік оқиғада қаза тапқан марқұмның суретін ашық жариялау да белең алып барады. Осындай ессіз әрекеттің салдары қайғыдан қан жұтып отырған бүтін бір отбасыны шарасыз қалдырмаса, жанына медет болады деп айту қиын, әрине. Қазір мақаланың оқылымды болуы толық мәтініне емес, тақырыбы мен «лидіне» тікелей байланысты. Тақырыбы «жер жаратын» ақпаратты ашып қарасақ, мәтіні басқаша сарнап тұратыны содан. Осыдан түйгеніміз, оқылымды материалдың «гонорары» да көп болады. Көпшілік талдамалы, сараптамалық, танымдық материалдарды оқудан қалды. Заман көз ілеспес жылдамдықта дамығанда, адам да әлденеге асығатындай. Көпшіліктің кітапты былай қойғанда, өзекті әрі көлемді ақпаратты оқуға уақыт арнағысы жоқ.
Қош, келешекте интернет-сайттар қазақша сауатты ақпараттар таратуға бейімделеді дегенге іштей сендік делік. Ал желі белсенділерінің мәтінін кім қадағалайды? Сондықтан қазір журналистикада «Factcheck» деген жаңа термин пайда болды. Фактчекті кәсіби журналистер жалған ақпараттың дұрыс-бұрыстығын растау үшін жасайды. Талғампаз оқырман, сол арқылы ақпараттың шынайылығына көз жеткізеді.
Расында да қазір дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа арасында өзара «текетірес» жүруде. Желілерде жылт еткен ақпараттың сәлден кейін алынып тасталуы мүмкін. Ал газет-журналдарда жарияланған дүниелер тасқа басылған тарих іспетті. Бұл тұрғыда көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың сенімді ақпаратқа иек артып, рухани қазынаға кенелуді қалайтыны хақ. Қайткенде дәуір тынысын тап басып, талай кезеңнің куәгері болған басылымдар алдағы уақытта да ел-жұрттың мәселесін көтеріп, үнін жеткізе беретіндігі сөзсіз. Ендеше, қазақ баспасөзін қолдай жүрейік, әлеумет! Мереке құтты болсын, әріптестер!

Сәндібек Піренов

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support