- Advertisement -

Баспаналы болу да бір бақыт

30

- Advertisement -

Баспана. Тілдік нормаға кейіннен енгізілген сөз болса да адам баласының басты қажеттіліктерінің бірін айқын аңғартып тұрған ұғым. Ел аузындағы аңызда атақты Жиренше шешен ханның ордасына қонудан бас тартып, өзінің боз лашығына оралған екен. Лашығы тар болса да көңілі зор Жиренше «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп шаттанады. Расында да өмір сүру сапасын арттыру жолында өз үйіңнің болғанына не жетсін?! Мұндайда «Өз үйім – өлең төсегім» деген мәтел де тауып айтылған.

Иә, бүгінде баспана мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мемлекет тарапынан бүгінге дейін қаншама бағдарлама қолға алынды? Тараз қаласының өзінде тәуелсіздік жылдары «Астана», «Бәйтерек», 15-ықшамаудандары, «Арай-2» тұрғын үй алабы бой көтерді. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр жалпы ауданы 313,8 мың шаршы метр 76 көпқабатты үйдің (4 482 пәтер) құрылысы жүргізілген. Оның 39-ы арендалық, 37-сі ипотекалық негіздегі үйлер. Дейтұрғанмен бір пәтерге де қол жеткізе алмай жүрген тұрғындардың қатары азаяр емес. Мысалы, бүгінде облыс бойынша баспана кезегінде 30 мыңнан астам адам тұр. Ал 127 мыңнан астам тұрғын жер телімін алудан үмітті.
Мамандар тұрғын үйге деген сұраныстың артуын халық санының көбеюімен де байланыстырады.
– Кейінгі жылдары халқымыздың саны артып келеді. Бұл жақсы үрдіс. Соған сәйкес баспанаға мұқтаж адамдардың да қатары көбеюде. Мысалы, осыған дейін Тараз қаласы тұрғындарының саны 300 мың адамнан астам деп көрсетіліп келді. Қазіргі таңда соңғы өткен халық санағының мәліметтері өңделуде. Оның нақты қорытындысы бойынша шаһар тұрғындары санының едәуір көбейетіндігіне сенемін. Өйткені облыс орталығына алыс аудандардан, іргелес аймақтардан көшіп келушілердің қатары көп. Демографиялық ахуал да жылдан жылға жақсаруда. Оны балабақшаға кезектің артуынан да байқауға болады. Міне, осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, тұрғын үй құрылысын ары қарай жандандыру керек деп есептеймін, – дейді сарапшы Әсел Баймырзаева.
Расында да кейінгі жылдары тұрғын үй алуға бағытталған бағдарламалардың арқасында қуанышқа кенелген адамдардың қатары көбейгенін жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, «Қолжетімді баспана», «Жас отбасы», «7-20-25», «Баспана-хит», «Әскери Баспана», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», тағы да басқа бағдарламалардың тигізген шарапаты мол. Дегенмен бұл игіліктен кейбір жағдайда жастар жағы қалыс қалып жататын. Өйткені табысы жеткенімен, санаты сәйкес келмей, сергелдеңге түскендер аз емес. Міне, осындай жайттарды ескергендіктен де болар, жақын күндері «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталмақ.
Жаңа бағдарламаны Жамбыл облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп іске қосып отыр. Жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алу мүмкіндігін береді.
Айта кету керек, үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Бағдарламаға қатысушылардың Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде соңғы 12 айдан кем болмауы тиіс. Табысы да ескерілетін болады. Отбасының әрбір мүшесі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс.
Уәкілетті органдардан сұрап білгеніміздей, өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пәтер алған екен. Ал жалпы қазіргі таңда облыстың 35 жасқа дейінгі 7 140 тұрғыны баспана кезегінде тұр. Міне, енді биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша құралына айналады.
– Жамбыл облысы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларының тәжірибесін алуда. Бұл қалаларда жергілікті билік «Отбасы банкімен» бірлесе, жас мамандарды қолдау мақсатымен дәл осындай баспана бағдарламаларын қолға алып үлгерді. Өз кезегінде біздің облыс әкімдігі жаңа жобаға 500 миллион теңге бөлді, ал «Отбасы банк» жеңілдетілген шарттармен несие беруге көмектеспек. Осындай қолдаудың арқасында бағдарлама қатысушылары жуық арада қоныс тойын тойлайтын болады, – дейді «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова.
Мамандардың айтуынша, 2022 жылдың 24 маусымы мен 20 шілдесі аралығында ақпараттық түсіндіру-насихаттау жұмыстары жүргізіледі. Ал 21 шілде мен 30 шілде аралығында құжаттар қабылданады. Құжаттар қабылдау e-zhambyl.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Бағдарламаның өңір жастары үшін маңыздылығын ескере отырып, келесі жылы бұл жоспарды ұлғайту көзделуде екен.
Иә, баспаналы болу да бір бақыт. Бір бақыт емес-ау, мың бақыт. Лайым, баршаңызға осындай игілікке ертерек жету бұйырсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын!

Инабат Бақытқызы.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support