- Advertisement -

Ағылшынша атаулардан қашан арыламыз?

46

- Advertisement -

Әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін экономиканы дамыту керек. Бұл тұрғыда шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетудің маңызы зор. Сондықтан да мемлекет тарапынан бизнес өкілдерінің жұмысын ілгерілету үшін барынша жағдай жасалуда. Дүниежүзін алаңдатып, дүйім жұрттың дегбірін қашырған пандемия кезінде де кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер жасалды. Одан бөлек бизнес нысандарын заңсыз тексермеу туралы мораторий тағы бар. Дейтұрғанмен, қамқорлық деген осы екен деп құндылықтарды құрдымға кетіруге болмайды. Бүгінгі айтпағымыз – сыртқы жарнама хақында.

Егемен ел атанып, тәуелсіздік Туын көкте желбіреткенімізге отыз жылдан асты. Алайда әлі күнге дейін батысқа еліктеуден алдымызға жан салмай келеміз. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ қандай да бір нысан ашса, атауын өзге тілде жазып қоятын қожайындар көбейді. Алысқа бармай-ақ Тараз қаласындағы Д.Қонаев көшесінің бойымен жүріп көріңізші. Тап бір шетелдің көшесіне кіріп кеткендей күй кешесіз. Мейрамхана, кафе, дүкен, қонақүй, сән салоны, тағы басқа да бизнес орындарының маңдайшасында менмұндалап тұрған ағылшынша атауларды байқайсыз. Осы орайда біз жергілікті тұрғындардың да пікірін тыңдап көрген едік. Мысалы, зейнеткер Зәуре Әбенова кейінгі кезде ашылып жатқан кәсіпкерлік нысандарының атауы көзге түрпідей тиетінін айтады.
– Тараз қаласы – Ұлы Жібек жолының бойында жатқан көне шаһардың бірі. Сырттағы жұртшылықты қаланың тарихы, халқының тұрмыс-тіршілігі қызықтырмай қоймайды. Екі мың жылдан астам тарихы бар қаланы көргісі келетін туристер де аз емес. Міне, біз осындай бай тарихымызбен, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мәдениеттер сабақтастығымен мақтануымыз керек емес пе? «Шахристан», «Тектұрмас» кешендерімен, Қарахан және Айша бибі кесенелерімен шектелмей, қаланың орталық көшелерінде де көне дәуірдің өрнектерін жарқырата көрсетсек нұр үстіне нұр болар еді ғой. Бұл тұрғыда кәсіпкерлік иелеріне де түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын. Өйткені әр қаланың өзіндік ерекшелігі болады. Ал біздің брендіміз – тарих. Осы жағына басымдық бергеніміз жөн. Алайда алабажақ атауларды көргенде көңілің құлазиды, – дейді З.Әбенова.
Ал Жанар Бекжанова есімді тұрғын «Жаһандану дәуірінде жаңаша атауларды жатсынудың қажеті жоқ» деген пікірде.
Келесі кезекте біз кәсіпкерлердің өзінен де сұхбат алуға тырыстық. Ағылшынша атауларға басымдық берген бизнес өкілдерінің бірі пікір білдіруден бас тарса, енді бірі «заман талабы, жаңа өркениетке ұмтылудың белгісі» деген сыңайда үн қатты. Дегенмен «Талас» ықшамауданындағы «Ағайын» мейрамханасы иесінің ұстанымы көңілімізден шыққанын айту керек.
– «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, атауларға ерекше мән беру керек. Осы мейрамхананы жұбайым екеуміз қолға алғанда, бірден атауын өзгертуге бел байладық. Әртүрлі нұсқа айтылды. Сонымен «Ағайын» атауына тоқтадық. Қазір ағайынның басы жиын-тойларда қосылып жатады. Қандай қиындық болса да ағайынмен бірге көтересің. Қуанышты ағайынмен бөлісесің. Қазақы қарым-қатынасымызға лайық сөз болған соң осы атауға тоқтадық. Тіпті латынша да жазған жоқпыз. Жанымызға жақын ұғым. Ел-жұртқа да ұнауда, – дейді кәсіпкер.
Біз жарнама агенттіктерінің де есігін қақтық. Ондағылар тапсырыс берушілердің өтінішін ғана орындайтынын, дегенмен мұндай мәселені жергілікті атқарушы органдар қадағалауы керектігін айтып шығарып салды.
Баршаға белгілі, былтыр осы мәселе бойынша Тараз қаласының әкімдігі қарқынды жұмыс істеп, кәсіпкерлердің наразылығын тудырған болатын. Артынша бұл шаруа бәсеңдеп қалды. Білгеніміздей, тиісті заңнамада өзгерістер орын алған көрінеді. Ол туралы облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілге тиек етті.
– Тұрғындар тіл басқармасы мен бөлімдерге шағымданғанымен, басқарма қызметкері тексеріп, бақылауға ала алатын заң бабын алып тастаған. Бүгінгі жағдайда ескерту жасаудан, әдістемелік көмек көрсетуден аса алмаймыз.
Жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыру мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Көрнекі ақпарат пен жарнама мәселелеріне арналған облыстық семинар-кеңес ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктеріне әдістемелік көмектер, кеңестер, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Әрине, бұл шаралар көрнекі ақпарат саласындағы заңбұзушылықтарды толық жоюға мүмкіндік бермейді. Жоғарыда айтып кеттім, біздің қолымыздағы барлық заңды тетіктер алынып қойылған. Бұл мәселені біз тиісті орындарда да көтеріп келеміз. Алдағы уақытта аталған сұрақтар толық шешімін таппаса да, алға жылжу болады деп күтудеміз, – деді басқарма басшысы.
Жалпы, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, жыл сайын дәстүрлі түрде «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға – сауаттылық!» айлығы өткізіледі. Биылғы айлық барысында 6099 көрнекі ақпарат қамтылыпты. 670 кемшілік анықталып, 47 көрнекілік түзетілген. Қалған 623-ін түзетуге мерзім берілді. Басқарма тарапынан тіл нормаларына сәйкес келмейтін көрнекі ақпараттарды ауыстыру және оларды дұрыс рәсімдеу бойынша нысан иелеріне тегін әдістемелік көмектер көрсетіліпті.
Сонымен қатар аптасына бір рет Тараз қаласында орналасқан ірі кәсіпорындар мен көшелердегі көрнекі ақпараттарға рейдтік жұмыстар жүргізілуде екен. Биылғы алғашқы тоқсанда 27 нысан қамтылған. Бірақ, құзырлы органдар тексергенімен, құлықсыз кәсіпкерлер ескермесе не шара?

Айзада Абдуллаева.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support