Бүлдіршіндер бейбітшілікті бейнелеген кеш

Бүлдіршіндер бейбітшілікті бейнелеген кеш
ашық дереккөз
Бүлдіршіндер бейбітшілікті бейнелеген кеш
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйытқы болуымен «Мart» сауда ойын-сауық кешенінде «Бейбітшілік – ел тірегі» атты этнокеш өтті. Өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеп, этносаралық мәдениетті дамытуға, халқымыздың бірлігін нығайтуға бағытталған шарада кітапхана оқырмандары мен мектеп оқушылары әр ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттап өнер көрсетті. Сондай-ақ, этнокеште Тараз қалалық «ЖасҰлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының белсенділері ән шырқап, «Шабыт» және «Веснушки» би ансамбльдері өнерлерін ортаға салды. Өз кезегінде Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі Толқын Күзенова бірлік күні аясында ұйымдастырылған шаралар легі алдағы күндері де жалғасын табатындығын жеткізіп, кітапханада өзге ұлт өкілдеріне сапалы қызмет ұйымдастырылғандығын айтты. – Этнокештен бөлек, алдағы күндері кітапхананың «Жалынды жастар» клубының ұйытқы болуымен этнос аралық қарым-қатынасты арттыруға бағытталған пікірсайыс форматындағы арнайы кездесу өткізіледі. Кездесуде қоғамда ұлттар арасында шиеленіскен оқиғалар мен жағдаяттар талданып, олардың оң шешім табылуы жолында ойлар ортаға салынады. Жалпы, кітапханамызда өзге ұлт өкілдерінен құралған оқырмандар қатары көп. Оларға арналып, үш тілде бірдей аудармалар жасақталған. Ал, шет тілдерден жас оқырмандар арасында ағылшын тілі көп оқылымға ие болса, өзге ұлт авторларынан жасөспірімдер М.Твенді, А.С.Пушкин мен Ж.Вернді сүйіп оқиды, – деді кітапхананың әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Толқын Тәжітөреқызы. Тағылымды кеш соңы оқырмандар мен келушілерге арналған «Достық – шырағымыз» атты кітап көрмесіне жалғасты.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар