Білім саласындағы бірегей басылым

Білім саласындағы бірегей басылым
ашық дереккөз
Білім саласындағы бірегей басылым
Оқушы тікелей мұғалім алдынан дәріс алмайынша, оның ой-санасында білім негізі қалануы қиын. Бұл – мен ғана емес, жалпы жұртшылық білетін және мойындайтын ақиқат. Оның шындығын әлемді жайлаған пандемия кезіндегі онлайн оқыту дәлелдеп берді. Дәл осы сияқты, оқырман да газет-журналды қолына алып оқымайынша, оның ой-өрісі дамып, көзқарасы кеңейіп, білім-білігі артпайтыны ақиқат. Сондықтан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген теңеуді бекер айтпаған. Көзбен көріп, құлақпен естігенді тілмен жеткізгенде ғана ол әсерлі. Баспасөзі осы талаптарға сай қоғам ғана жан-жақты дамитыны даусыз. Ендеше, баспасөздің қоғамдағы рөлі – жоғары, міндеті – мерейлі. Облыстық педагогикалық «Білім шырағы» газеті – осы міндет үдесінен шығып, мерейі үстем болып отырған басылымдардың бірі. Оған редакция ұжымының әр кездерде Қазақстан Журналистер одағы басқармасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінен, облыстың әртүрлі мекемелерінен алған басқа да марапаттары дәлел. Жалпақшешейлік емес, жақсы мағынада бұлай айтуымның себебі, қайсыбір жылдары мен де осы газеттің ыстық-суығына араласқанмын. Жалпы «жасы» ширек ғасырға шамалас бұл басылым да басынан біраз қиындықтарды өткерген. Тіпті жабылып қалған кездері де болды. Сондықтан атауы да өзгеріп отырған. Қазір, міне, 12 жылдан асты бірқалыпты ырғақпен шығып келеді. Шындықтың жүзі Шерағаң – Шерхан Мұртаза «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» дала кемесі түйеге теңеген журналистердің басындағы қиындықтарды «Білім шырағының» қызметкерлері де бастан кешіріп отыр. Сонда да жансебілдік танытып, оқырмандар ойынан шығып, ұстаздардың төл газеті сипатын сақтай білуде. Әрине, аса сауатты оқырман –мұғалімдер талабынан шығу оңай болып отырған жоқ. – Біздің газетіміз – облыс ұстаздарының бірден-бір басылымы. Басқа-басқа, ел ертеңін тәрбиелейтін ұстаздардың жан-жақтылығын, кәсіби қабілеттілігін, білім-біліктілігін арттыру міндетті. Ол қалай жүзеге аспақ? Әрине, ұстаздардың төл басылымы арқылы. Ал ол басылым жоғары талапқа сай болуы керек. Біз сол талап биігінен көріну үшін шығармашылықпен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді облыс педагогтерінің төл газеті «Білім шырағының» директор-бас редакторы Райхан Бостанова. – Басты мақсат – белсенді, ізденісті, зерделі оқырманмен тығыз байланыс орнату. Бірінші кезекте – білім саласының барлық өңірлердегі жаңалықтарынан оқырманды хабардар етіп отырамыз. Саланың тыныс-тіршілігінен ақпараттар бере отырып, білім беру мекемелері арасындағы бәсекелестіктің артуына септігімізді тигіземіз. Оқытудың жаңа технологиясы мен оқу-әдістемелік жұмыстардың жетістіктерін насихаттау, озат үлгіні кеңінен тарату табысқа бастайды. Озат тәжірибені ортақ жетістікке айналдырудың маңызы зор. Сондай-ақ педагогтердің кәсіби білімдерін жетілдіруде газет елеулі рөл атқарып отыр. Осы ізгі мақсаттағы ісімізді шығармашылықпен жалғастыра береміз. Газет Назарбаев зияткерлік мектебі және педагогикалық шеберлік орталығымен, облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейтінін де айтуымыз керек, – дейді Райхан Ілиясқызы. Мерзімдік басылымдар бастан кешіріп отырған жазылым қиындығы «Білім шырағы» газетінде де бар. Қазір ең зиялы қауым санатындағы мұғалімдердің өзі баспасөзге жазылу науқаны кезінде бұл мәселеде бейқамдық танытуда. «Педагог мәртебесі туралы» Заң шыққалы бері, тіпті енжар. Сонда деймін-ау, мұғалімдердің өзі ел өміріндегі елеулі оқиғалардан хабардар болмаса, олардың оқушылары қандай болмақ? Білім мекемелері басшыларын осы мәселе ойландырса керек. Олар баспасөзге жазылу науқанында ешкімнің белінен баспай-ақ, қызметкерлеріне осы жайды ескертулеріне болады ғой. Соған қарамастан, «Білім шырағы» баспасөзге жазылуда жолындағы кедергілерді жеңе отырып, жұмысын жемісті жалғастырып келеді. – Біз баспасөзге жазылу науқанында белсенділік танытып жүрген Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Байзақ ауданының педагогтері мен білім бөлімдеріне дән ризамыз! Шіркін-ай, бәрі де солардай болса ғой! Редакцияның шығармашылық ұжымы газетті мазмұнды, мағыналы әрі әсем етіп шығару арқылы оқырмандарына сапалы өнім ұсынып отыр. Бұл ретте журналист Құрбанәлі Аманкелдіұлы мен дизайнер Жұлдыз Төленбекованың шығармашылық шеберліктері, менеджер Ержан Орынбаев пен есепші Жанар Жолдыбаеваның ізденістері жоғары бағалауға лайық, – деп әріптестерін көтермелей сөйледі Райхан Ілиясқызы. Айтса айтқандай, осында ұзақ жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан Жұлдыз Мизамбайқызы – газетті безендірудің әдіс-тәсілдерін шебер меңгерген маман. Ал Құрбанәлі Аманкелдіұлы – кез келген тақырыпта көсіле қалам тартып, еркін ой толғайтын журналист. Осындай еңбекқор, ізденгіш қызметкерлердің арқасында редакция ғылыми-танымдық «Жас дарын» және мұғалімдерге арналған ғылыми-әдістемелік «Озық сабақ», «Тәжірибе алаңы» журналдарын да шығаруға қол жеткізіп отыр. Оны айтамыз-ау, соңғы үш жылда облыс педагогтерінің «Білімнің жаққан шырағын» атты антологиясын шығаруды қолға алған. Қазір бұл антологияның үшінші томы жарыққа шыққалы жатыр. Бұл еңбек облыс педагогикасының энциклопедиясы іспеттес. Міне, осындай ізгі мақсатта жарық көріп жатқан «Білім шырағы» газетінің негізгі авторлары – мұғалімдердің өздері. Өйткені зиялы қауым өкілдері өздерінің жетістіктері, әріптестері, оқу-әдістемелік жұмыстар, педагогикадағы өзекті мәселелер туралы айтарлары бар. Олар осы арқылы облыста білім беру ісінің ілгерілеуіне өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ Талас ауданынан Алмас Ілиясов, Меркі ауданынан Әсем Боранқұлова, Т.Рысқұлов ауданынан Сейсен Қожеке, Сарысу ауданынан Патима Әлімбекова мен Бота Сапеева, Байзақ ауданынан Гүлзира Ибрагимова сынды белсенді авторлар «басылымның тіректері» деп бағалауға лайық. Бүгінгі кәсіби мерекеде облыстың білім саласындағы бірегей басылымы – «Білім шырағы» газетінің атқарып отырған ісі мен азды-көпті жетістіктері жайлы айтпағым осы еді. Мерекелеріңізбен, әріптестер!

Болат ЖАППАРҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар